Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайта маздаған махаббат

22.07.2021, 10:00 606

Жауқазын – үйінің жалғызы. Анасы Гүлсім қызы дүниеге келмей тұрып оның әкесімен ажырасып кеткен. Жау­қазын бойжетіп, қатарға қосыламын дегенше жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етті. Бар ойы көзінің ағы мен қарасындай болған жалғыз қызын жұрттан кем қылмау болды. Есін біліп қалған уақытта Жауқазын анасынан әкесі туралы жиі сұрайтын. Өйткені өзінің айналасындағы балалардың барлығының аузы­нан «әкем тауға апарды», «сыйлықты әкем алып берді», «менің әкем – ең тамаша адам» деген сөздер түскен емес. Мұндайда Жауқазынның көзі мөлдіреп жылап қалуға шақ қалады. Анасы мұндайда «Сен әлі ештеңені түсінбейсің, кейін есейген соң барлығын түсіндіріп беремін»  дегеннен  әрі  аспайды.

Биыл Жауқазын 17-ге толды. Мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуге дайындалып жүрді. Анасы сонау солтүстікке  қарай қызын оқуға жіберуге қимай жүрді. Қанша дегенмен жан деген­де жалғыз қызы, оның үстіне мінезі де соңғы кезде тым қатты өзгеріп кеткен. Бұрын айналасымен ашық сөйле­сіп, жайдары мінез танытушы еді. Кейін тұйықталып, бөлмесінен шықпай  қоятын  болып жүр.  Әкесін  тауып, онымен араласқысы келеді. Мұны анасы қанша сезсе де, өткен өмірінің жарасын  қайта  тырнағысы  келмейді.

Тамыздың аяғы таяғанда Жауқазын оқуға кетуге жиналды. Гүлсім қызын алысқа жіберуге қимағанмен, перзен­тінің қалауы үшін көнуіне тура келді. Жауқазын бірінші курсқа түскен бойда туған әкесі туралы ақпараттар іздеумен айналысты. Үйде жүргенде анасы сезіктеніп қала ма деп, әкесін іздеуден тартынатын. Қазір қасында анасы жоқ, бос уақытында әке дерегін іздестіруге кірісті. Сұрай-сұрай туған әкесінің байланыс нөмірін тауып, хабар­ласып көрген.

– Серік Алматұлы сіз бе?

– Иә, мен. Бұл кім екен?

– Мен – Жауқазын. Мен сіздің қызы­ңыз  боламын.

-…

Телефон тұтқасы үзіліп кетті. Жауқа­зын қайта хабарласып еді, өшірулі болды. «Неге тұтқаны қоя салды? Әлде қызы екенімді айтқаным дұрыс болмады ма?» деп қалың ойдың құшағына кіріп кеткені сол еді. Әлгі нөмір қайта хабарласып:

– Қызым, сен қайдасың? – деді бірден.

Олар Жауқазынның оқуға түскен қаласында кездесті. Әкесімен алғаш кездесуде Жауқазыннан бақытты адам болған  жоқ. Ең қызығы, Жауқазын анасы айтпаған сырды әкесінің аузы­нан  естіді.

– Бұл  сырды  анаң  да  айтқан  шығар, – деп бастады ол әңгімесін. – Біз Гүлсім екеуміз танысқанда бір университет қабырғасында оқып жүрдік. Мен оны бір көргеннен ұнаттым. Осылайша екеуміз жарасып, отау құруға бел будық. Бірақ менің ата-анам Гүлсіммен үйленуіме қарсы болды. Алайда соған қарамастан үйленіп, ауылға барып тұрдық. Отасқанымызға жыл толмастан Гүлсім ажырасуға арыз беріп, кетіп  қалды. Менің ата-анам­ның  о бастағы қарсылығы бірге тұруымызға кедергі бола берді. Кейін қосы­луға ниет білдіріп, қайта іздеп барғанымда Гүлсім бірге болуға ниетті емес екенін білдірді. Осыдан кейін мен басымды тауға да, тасқа да соқтым. Ата-анадан жалғыз ұл болған соң оларды да тастап кете алмадым. Ішкілікке салынып, өзімді таба алмай қалдым. Гүлсіммен ажырасқан соң анам үйге өзі танитын бір қызды әкеліп таныстырып, сол қызға үйленесің деп шарт қойды. Көңілім қаламаған адамға үйле­ніп, өзімнің де, оның да өмірін өксіткім келген жоқ. «Үйленбеймін» деп тұрып алдым. Сөйтіп, қолымды бір-ақ сілтеп, қалаға қайта келіп, жұмыс істедім. Ойымнан анаң кеткен емес, әлі де кеткен жоқ. Өйткені мен оны шын сүйдім. Тек менің ата-анамның қарсылығы біздің бірге болуымызға қарсы болды. Осы бір ғана себеп екеуміздің  арамызда  үнемі  дау туғызатын  еді, – деді Серік аз-кем күрсініп.

– Бұл әңгімені мен Сізден осы алғаш естіп отырмын. Анамнан сіз жайлы сұрасам, үнемі есейгеніңде айтып беремін деп құтылады. Ал қазір екінші отбасыңыз бар ма? – деді Жау­қазын.

– Он жеті жыл уақыт өтті. Осы аралықта әкем де, анам да бұл дүниемен  қош айтысты.  Екеуі де қайтыс болар алдында «келіншегіңе қосыл» деген тілектерін айтып кетті. Бірақ мен Гүлсім осы кезге дейін басқа үйдің түтінін түтетіп отырған болар деп мазалағым келмеді. Ал өзімнің өмірім сұрықсыз, уақытты тектен-текке өткізіп жатқандай көрінеді. Мен – жалғызбын.  Сен маған хабарласқан күні мен өз көзіме өзім сенбедім. Менің келіншегімнің құрсағында кеткен, әлі өзім көрмеген перзентім хабарласып, «қызыңмын» дегенді есту маған бір жағынан қуаныш әкелсе, бір жағынан ауыр тиді. Мен қазір де бақыттымын, қызым! – деп Серік көмейіне тығылған өксік пен жанарына іркілген жасты Жауқазынға көрсеткісі келмей басын терезе беткейге бұра қойды. Жауқазын орны­нан тұрып барып, әкесін қатты қысып құшақтады. Араға 20 жылға жуық уақыт салып табысқан әкесі мен қызы құшақтары  жазылмай  ұзақ  тұрды.

Үй алдына келген көліктің шаңы лезде төбеге көтеріліп, есіктің алды астан-кестен бола қалды. «Бұл кім болды екен?» деп жападан-жалғыз елегізіп жатқан Гүлсім далаға жүгіре басып шыққан. Қараса баяғы өзі сүйген Серік пен қызы Жауқазын келіп тұр. Гүлсім есеңгіреген күйі бір орнында тұрып қалды.

Бүгінде бүтіндей бақытты отбасыға айналды. Серік пен Гүлсімнің бір-біріне деген махаббаты үдей түскен. Әкесі мен анасының ортасында махаббат отының маздауына ұйытқы болған Жауқазынның ең асыл арманы енді ғана орындалғандай  болды.

Әйгерім  НАЖМАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: