Кофе қойыртпағымен бал ашу – әлемнің көптеген халқына ортақ көне ғұрып. Кофесін ішіп болған соң кесені табақшаға төңкеріп, қою қалдықта қалған бейнелерден болашақты болжау дәстүрі тассеография деп аталады. Бұл әдіс, әсіресе, түрік, араб және шығыс мәдениеттерінде кең таралған.
Тарихшылардың дерегіне сүйенсек, ежелгі Перу үндістері аңға шығар алдында міндетті түрде кофе ішіп, осындай рәсім жасаған. Кейін бұл дәстүр Шығыстан асып, сәнқой Парижде де танымал болған. Аңыз бойынша кофе қойыртпағындағы өрнектер адамның энергетикалық өрісіне әсер етіп, оның өткені мен болашағы жайлы сыр шертеді.
Осы өнерді ұзақ жылдан бері тәжірибесінде қолданып келе жатқан бал ашушы Елена әже әлеуметтік желіде өз басынан өткен қызықты жайттарымен жиі бөліседі. Біз де осы орайда көріпкелдің тағдырындағы тылсым сырларға үңіліп көрдік.
Кофе кесесі – адамның ішкі әлеміне бастар көпір
Елена әженің айтуынша, кофе кесесі – адам мен оның ішкі жан дүниесін жалғайтын көпір іспетті.
– Адам кофе ішкенде бар ойы мен күйзелісін сол кесеге жинайды. Мен келушілерден ештеңе сұрамаймын, барлық ақпарат кесенің ішінде болады. Теріс энергия да, үміт те, жасырын армандар да сол жерде қалады, — дейді ол.
Балгер кейде кеселердің жиі сынып қалатынын да жасырмады. Әсіресе, жан дүниесінде ауыртпалығы көп адамның кесесі қақ айырылып жатады екен.
Интуициядан басталған жол
Елена әженің бұл өнерге келуі кездейсоқ болған.
– Бала кезімнен интуициям мықты еді. Жолға шықпас бұрын бір белгі сезілсе, шалынып қалу, бір затты ұмытып кету кезінде ішкі дауысым «барма» дейтін. Тыңдамасам, міндетті түрде бір қиындыққа тап болатынмын. Сол кезден бастап өз ішкі дауысыма сенуді үйрендім, — деп еске алады ол.
Бұл қабілеттің нақты ашылуына бір көршілермен болған басқосу себеп болыпты. «Жаңа ауданға көшкен соң, қаңтардың соңында көршілер қонаққа шақырды. Кофе ішіп, болашақты болжайық деді. Әзіл сияқты көрінсе де, қызығып келістім. Біреу менің кесеме қарады, бірақ ештеңе көрмеді. Өзім үңілгенде кесенің ортасында әкем екеуміз тұрған сурет анық көрінді. Ол маған шар тәрізді бір зат ұсынып тұр, жоғарыда римше III, төменде 27 саны жазулы. Сол сәтте-ақ, «27 наурызда әкем ақша береді екен» деп ойладым. Айтқандай-ақ, дәл сол күні әкесі жаңа пәтерге жиһаз алу үшін қолына ақша ұстатқан екен. Осы оқиғадан кейін Елене әже кофе қойыртпағын оқи бастаған. Жұмыстастары да «Бал ашпасаң, айлық жоқ» деп қалжыңдайтын көрінеді.
Болашағымызды өзіміз қалыптастырамыз
Бал ашушы өзін тек болжаушы емес, ең алдымен психолог санайды.
– Көп жағдайда адам өз мәселесінің түп-төркінін мойындағысы келмейді. Мен алдымен соны көрсетемін. Кофе ықтимал жолды ғана нұсқайды, ал шешімді адам өзі қабылдайды, — дейді ол.
Елена әженің айтуынша, кофе қиын сәттерде дұрыс таңдау жасауға көмектеседі. Қаржылық шығын көрінсе, адамға ақшасын үнемдеп жұмсауды, мұқтаж жанға қол ұшын беруді ұсынады. Осылайша, ауыр шығынның алдын алуға болады екен.
Қауіпті немесе ауыр белгілер байқалған жағдайда, балгер оларды ашық айтпай, астарлап жеткізетінін айтады.
– Егер жақын адамның қазасы секілді ауыр жағдай көрінсе, «осындай кезеңде сақ болған жөн» деп қана ескертемін. Әр адам мұндай ақпаратты қабылдай алмайды, — дейді ол.
Оның кеңестерінің арқасында өмірін өзгерткендер аз емес: біреулер қоныс аударған, енді бірі кәсібін ауыстырған, ал кейбір жастар отбасын құрып, өз жолын тапқан. Сондықтан, «белгі – тек нұсқау, тағдырды өзгерту – әр адамның өз қолында» дейді Елена көріпкел.
О.БАҚЫТЖАН
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!