Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Киелі кірпіш

22.08.2020, 16:00 715

HALYQLINE.KZ  Қазақ халқында әулие де, әнбие де жетерлік. Талайы ел есінде керемет қасиеттері арқылы сақталып қалса, кейбірі ізбасары болмағандықтан жамағат жадынан жырақ қалып жатады. Дегенмен, жер-ананың бетінде олар жайлы үзік іздер сақталады. Не ескі мешіт, не қираған үй тамының қалдықтары осы кезеңдерде кездесіп жүр. Оларға құрметпен қарамаса, киесі ұруы мүмкін.
Бұл оқиға 2000 жылдардың басында болған-ды. Көктем түсіп, жер қарая бастағаннан ауыл тұрғындары «жер тырнауға» шығады. Жаппай бақшаның, қысқы азығын жинаудың қамына кіріседі. Қуандық та елден қалмай, бала-шағасын ертіп, ауыл маңындағы шұрайлы деп тапқан  жерге дақыл егіп әлек. Ит тұмсығы өтпейтін қалың шеңгелді техниканың күшімен қопарып, қарықтатқан соң шөп-шаламды өртеп құртпақ болды. Себебі қамыс пен борықтың тамырлары жер бетінде жатып-ақ ылғал болса көктей береді. Қолына алған кетпенімен тамырларды шауып тастап жүрді.

Қызыл іңірден тұрған балалары сәске жақындағаннан-ақ ұйқы қысып, маужырай бастайды. Әдетінше күн ысыған шаққа дейін жұмыс істеп, сағат он бірлер шамасында бір сәт көз ілдіретін. Бұл жолы Қуандық ала бұлтты күнді пайдаланып біраз жерді еңсеріп тастауды ойлады. Балаларын бұта түбіне жіберді де, өзі қызу тірлігінен айнымай, шөп тамырларын жинауда.
Жыңғыл түбіндегі балаларына қарап еді, айран көжеге тойып алған олар ұйқыға кетіпті. Күн ұзағына борық теруден емес, бір-бірін қуалаймын деп шаршайды бұлар. Тер көйлегін шешіп, қаталаған тамағын жібітті де, жұмысына қайта кірісті. Кетпенімен жер бетінде көрінген шаламды шауып тастап жатқан-ды. Жалтыр бас кетпенін әр көтерген сайын қуаттанып, ширақ қимылмен қайта соққанда шөп тамырын тереңнен шауып тастайды. Кенет көтерілген кетпен жерге қайта тигенде тарс еткен дыбыс шықты. Жалма-жан құралын қайта алғанда, күшпен соққан жалтыр бастың бір бүйірі қайрылып қалыпты. Әкесінің көзіндей көретін құралдың мұнша бүлінгеніне нала болды да, әлгі жерді қаза бастады. Сөйтсе, жер қойнауында бұзылмай жатқан ескі кірпіш екен. Мұншалықты ылғал мен шөп тамырлары бүлдірмеген кірпішке таңдана қарағанмен, өңделген жерден алысқа лақтырмақ болды. Қолын бір жөнелткенде кесек оңайлықпен ұша қоймады. Бұған таңданған Қуандық екінші рет шірене лақтырды. Көне кірпіш тағы да қолында қалды. Ашуланған Қуандық кесекті «былапыттап» тағы лақтырды. Кесек ұшты. «Үһ» деп дем алған бақшашы кетпеніне қайта жармасқанда, жыңғыл түбіндегі балаларының бірі шар ете қалды. Сөйтсе, лақтырған кірпіші баласының басына тиген екен. Жетіп  барғаны сол еді, басынан қан  сауғалаған баласы есеңгіреген күйі теңселіп отыр. Шыңғырып жатқан екіншісі екен.  Дереу «Урал» мотоциклін от алдырды да ауылға жөнелді. Баласын аудан орталығындағы  емханаға  жеткізді.
Бүгінде Қуандықтың баласы есейген, бірақ ақыл-есі орнында емес. Тұрғындар оны «Жарықбас» атап кеткен. Ауыл ақсақалдарынан кесек табылған жерде бір әулиенің ескі тамы болғанын естіді. Молда сонда бала оқытып, өзі өлген соң ғимарат қираған екен. Әулие рухы сол маңда қалған деседі. Қуандықтың кесекті былапыт сөздермен сыбап алғанының кесірінен баласы жапа шексе керек. Қасиетті кісінің рухы кесекті де қорғаған сыңайлы.

Д.АЛАШБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: