Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дуаға сенесіз бе?

04.02.2021, 11:30 1879

Дуаның күшімен адамды өз дегеніне көндіріп, теріс мақсаттары үшін пайдалану – ежелден бар құбылыс. Құранда Бабыл тұрғындарына дуалауды періштелердің үйреткені туралы аят бар. Ол періштелер дуаны адамдар теріс мақсатта пайдалансын деп үйретпеген. Бірақ, тылсым күшті жаман мақсаттары үшін пайдаланғысы келетіндер бұл ілімнің мәнін өзгертіп жіберген.

Мыңдаған жыл бұрын Бабылдан бастау алған дуалау деген кесапат ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, әлі күнге дейін жалғасып келеді. Қызығы сол, сиқыр қолданып, теріс пиғылдарын жүзеге асыруға талпыну барлық дін, нәсіл өкілдерінде бар. Уақыт өте келе дуалау жетілдіріліп, дами түскен сияқты. Сиқырды кәдімгідей кәсіп қылып, ақша табатындар болған. Сиқыр үйренемін деген адамға бүгінде жол ашық. «Қара магия», «Ақ магия» деген атаулармен шығып жатқан сиқыр үйрететін кітаптарды қазір кез келген дүкеннен сатып алуға болады. Ал интернет арқылы ондайды табу тіпті, жеңіл. Сиқырдың дін ілімінен айырмасы сол, оны үйрену жеңіл және кез келген адам үйрене алады. Дін ілімін үйрену үшін ұстаздың көмегіне сүйеніп, ұзақ жылдар күнәдан тазару, рухани тәжірибемен айналысу қажет болса, дуаны үйрен­у үшін ешқандай шектеу де, кедергі де жоқ. Содан болар, қазір сиқыршылықпен айналысатындар қатары өсіп барады. Дуа жасау үшін әлгіндей сиқыр үйрететін кітапты алып, сондағы амал-тәсілдерді айна қате­сіз қолданса жеткілікті. Бірақ оңай сияқты көрінген бұл істің үлкен теріс залалы болады. Ол залал сиқырды үйреніп, соны қолданушылардың санасының ластануынан, жүрегіндегі адами қасиеттердің азайып, сайтани қасиеттердің үстемдік алуынан байқалады.

Дуа арқылы біреуге тек жамандық жасауға бола­тынын ескерсек, жаман пиғылды санасына сіңірген пенде көп ұзамай адам бейнесіндегі сайтанға қалай айнал­ғанын өзі де сезбей қалады. Бұл жолға түсу оңай да, қайта шығу қиын, тіпті мүмкін емес. Сондықтан ақылы бар адам ешқашан сиқыршы болып, дуа жасауды үйренуге ден қоймауы тиіс.

Бүгінде дуалау деген бар ма? Атейстік түсінік үстем болған  кеңес  заманының  өзінде  өзім  туып-өскен ауылда дуаланып, ақыл-естен айырылған біраз адам­дарды көрдім. Оларды жындыханаға жатқызып, емдемек болғанымен, ем қонбады. Ал қазіргі күні жоға­рыда айтып кеткеніміздей, сиқыр үйрететін кітаптардың қолжетімді болуына байланысты, дуалау деген көбейіп барады. Расында дұғаны екі түрлі мақсатқа қолданады: жақсы және жаман. Қазір жақсысы азайып, жаманы көбейіп бара жатқандай. Себебі, дуалау бүгінде өршіп тұр, расында ол көреалмаушылық, іштарлық сезімдерінен туады. «Адамның ниетіне қарай» дейміз, сіз біреуді қарғап, оны жамандап, өзіңіз жақсы өмір сүремін деп ойламаңыз, бәрінің сұрауы бар, қайтарымы бар. Өзіңізге берілген осындай жарық дүниені тек жақсылықтарға жұмсап, ізгі істерге толтырсаңыз, сізге де ешкім зиянын тигізбей, сіз де зиян шектірмесіңіз анық.

Нұрай  ОҢАЛ,

Қорқыт  ата  атындағы

ҚУ-дың  4-курс  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: