Босану бөлмесі нәзікжандылар үшін қуаныш пен қайғы қатар жүретін, үлкен үміт пен күдердің үзілуі екенін жүз пайыз дәлелдейді. Себебі, баламды аман-есен дүниеге әкелсем екен деген үміттің үзілмеуін, сенімнің тапталмауын тілейді. Иә, Айнұр да дәл осындай талпыныспен айы-күні жетіп, толғақ басталып, перзентханаға келеді. Алғашқы нәрестесінің жарық дүниеге келуін асыға күтіп, бар ауыртпашылыққа төзуде. Дәрігерлер Айнұрды тексеріп, бірден босану бөлмесіне орналастырады. Жаңағы беліңді сыздатып, ішіңді айналдыра ауыртып бара жатқан толғақ кенеттен жоқ болып кетеді. Ол босану бөлмесіндегі әйелдердің айғайынан, бөлменің қалпынан шошынып кеткен-ді. Солай Айнұр толғақтың қайта келуін күтіп, босану бөлмесінде бір күн қонады. Әуелден үлкендерден босану бөлмесінде ұйықтауға болмайтынын естіп алған ол қатты шаршап тұрса да мызғымауға тырысады. Алайда, көзі 5-10 минутқа ілініп кетеді. Сол уақыт ішінде, түсінде кішкентай шақалақ балаларды алып кетіп бара жатқан жын-перілерді көріп үлгереді. Түсінен шошып оянған Айнұр қатты қорқып қалады. Әрі қарай таңды ұйқысыз атырады. Таңертеңімен толғағы қайта басталып, бөпесін аман-сау бауырына басады. Бірақ босану бөлмесінде көрген түсін ешқашан ұмыта алмай, баласының жанынан шықпай қояды. Негізінде босанар алдында әйел адамның ұйқысы қанық болуы керек. Бұл өте маңызды, себебі ми демалу керек. Ал босану бөлмесінде түрлі жағдай болады, таза болмайды дейді. Бұны бастан кешкендер айтады.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!