Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бәлелі баспана

15.07.2021, 10:00 488

Түн ішінде үйдің ауласында тарс ете қалған дыбыстан Нұрым шошып оянды. Дереу тұрып далаға шығып қарап еді, қыбыр еткен жанды көрмеді. Үй алдында байлаулы тұрған Арыс­таны әншейінде ұшқан құсқа үретін. Бұл жолы ол да тым-тырыс үйшігіне тығылып, оратылып ұйқыға кеткен. Нұрым әлгі дыбыстың қайдан шыққанына таң-тамаша болды да, қайтадан орнына  келіп  жатты.

Таң ата келіншегінен дыбыс туралы сұра­ған. Таңшолпан ештеңе естімегендігін айтты. Тек Нұрымға ғана естілген дыбыс шынымен құпия бола бастады. Бүгін түн ортасы ауа тағы да құдды мылтық дауысынан бетер дыбыс құлақ тұсынан тарс ете қалды. Шошып оянған Нұрым үсті-басы малмаңдай су болып, терлеп жатыр екен. Қасындағы жары Таңшолпан қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр. Таң атқанша көз  ілген  жоқ.

Ерлі-зайыпты Нұрым мен Таңшолпан жаңа үйге қоныстанғалы көп болған жоқ. Осы үйді аларда бұрынғы егесі әлденені бұлардан жасырып қалғандай болғанын Нұрым іштей сезген, бірақ ләм-мим деген жоқ. Себебі, бұл үй олар іздеген бағадан әлдеқайда арзан  және қала орталығында орналасқан еді. Түс ауа жұмыс­тан шыққан соң Нұрым үйге қарай беттеді. Жақындай бере ауласында отырған көршісі Жаңабай ақсақалмен жолығысып қалды. Амандық-саулық сұрасқан соң ақсақалға соңғы кездері қайталанып жүрген оқиғаны айт­қан. Мұны  естіген көршісі Нұрымға осы­ған байланысты  болған  оқиғаны  айтып  берді.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын Жансерік (үйдің бірінші егесі) осы үйдің іргетасын қала­ды. Қазіргі заманда үй құрылысын жалдамалы жұмысшылар жүргізетіні болса да белгілі. Бес-алты жігіт таң қылаң бере қызу жұмыс істеп, күн бата демалатын. Көрші отырған соң үй маңындағыларды көзің шалып қалатыны бар. Бір байқағанымда әлгі жігіттердің арасындағы екеуі бір-бірімен жұлқысып, бірін-бірі жұдырықтың астына ала жөнелген екен. Жүгіре басып, ажыратып мәмілеге келтіргендей болдым. Сол күні кешқұрым мылтықтың дауысы естілгендей болды. Кейін естігенімізде әлгінде төбелескен екі жігіттің бірі екіншісінің жүрегінен оқ атып өлтірген. Қылмысының ізін жасырғысы келген ол қалғандарымен ұйымдасып денесін үйдің қабырғасымен өріп жіберіпті, – деді  көршісі.

 Бұл оқиғаның  желісін үйдің егесі білгенмен, өзі жалдап отырған жұмыс­шылары болғандықтан арты сотқа кететін іс болған соң жылы жауып, құрылысты одан әрі жалғастыра береді. Жансеріктің ойында екі ой тұрды: біріншісі жұмысшыларының қылмысын мойындатып, өзінің де басын сотпен арашалап алу. Екіншісі – құрылысты жалғастырып, кейін үйді сатып, қаржысын шығарып алу. Ол екінші  жолды таңдады. Үй біте салысымен сатып,  өзі  қаладан  көшіп  кеткен.

– Түн ауа тарс ететін дыбыс жұмысшы дене­сінің рухы тыныш таппай жатқандықтан шығатын болар, –  деп аяқтады ақсақал әңгімесін.

Нұрым шын қорқайын деді. Дереу Жансерікке хабарласып еді, телефоны өшірулі тұр екен. Бәлелі баспанадан құтылмайынша, жанын қоярға жер таппады. Дереу құрбандыққа мал шалып, құран бағыштады. Тақуа молдалардан кеңес алып, не істеу қажеттігін сұрағанда олар үйдің қабырғасына өрілген мәйітті алып, қайтадан арулап көмбейінше үйдегі дыбыстардың кетпейтіндігін айтты.

Нұрымның басқа амалы қалған жоқ. Дағарадай үйді бұзып, тексеріп көргенде расында адам денесінің бөлшектері табылды. Кейін отбасымен басқа жерге қоныс аударды. Кейін арада бірнеше жыл өткеннен кейін Жансерік пен оның жұмысшылары үстінен қылмыстық іс қозғалып, темір торға тоғытылды деген хабар­ды  естіді.

Адам қайтыс болғаннан кейін тәні топыраққа тимейінше тыныштық таппайды екен. Бірақ, өмірде хайуаннан бетер іске баратын адамдар  айналасына кесірін тигізеді. Түптеп келгенде, бұ дүниеде жазаланбағандар ана өмірде  тыныш  болмайтыны  анық.

Керім  ҚЫСТАУБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: