Олар егіз болатын. Бір кіндікті болып туылды. Кішкентай кездерінен бірі жыласа, екіншісі қоса жылайтын-ды. Бірі күлсе, екіншісі бірге шаттанатын. Екеуі бір университетке түсті, бір топта оқитын да, бір бөлмеде жататын.
Көзіне ұйқы тығылып күнделікті сабаққа дайындалып отырған біреуіне сырттан кірген сыңары:
– Менің ұйқым келгені сонша, бас жақтағы зираттың жанындағы екеуіміз атымызды жазған қайыңға барғам, түбіндегі орындықта отырып ұйықтап кетіппін. «Тұр, сыңарыңның қасына барып ұйықта…» деген дауысты естіп оянып кеттім. Бірақ, мені оятқан адамды көре алмадым.
– Жарайды, менің де ұйқым келіп әзер отырмын…
Екеуі қатар төсектерін салды да ұйқыға кетті. Ашық тұрған терезеден ай сәулесі қабырғаны жағалап отырып, алдымен сырттан кіргеніне түсті. Ай сәулесі денесіне толық түсіп болған кезде:
– Жүр кеттік, тез бол, қаш… қаш… – деген дауыстан атып тұрды. Ол есікке жетіп барды да, сыңарының қалып бара жатқанын көріп тоқтап қалды.
– Тез қаш!..
– Сыңарым…
– Күтпе оны!..
– Бір кіндіктіміз ғой…
– Бол тез, ойланып тұратын уақыт жоқ!
– Тастап кете алмаймын!..
– …
– …
Ол есікте әрі-сәрі болып тұрғанда ай сәулесі сыңарына да түсіп болған еді. Енді сыңары атып тұрып есікке ұмтылды. Есікті енді аша бергенде:
– Бөрінің тәңірі, иттің де иесі бар. Қайтыңдар иелеріңе!..
Екеуі бірдей тосылып қалды. Жалма-жан шырақты жақты. Шошығандары сонша екеуі бірі-бірін бас салып құшақтап алды.
Төсекте екеуі өздері бастарын көтеріп отыр. Ал, есікте тағы екеуі. Тура өздері.
– Қаш, қаш, – деп быжалақтап тұр.
Ортада екеуі мең-зең.
– Қайтыңдар бері. Олар жын ғой. Бойларыңа кіргелі жүр…
– Қайт, ол жын, өзіңді буып алады.
– Қаш, қаш!..
– Қаш, қаш!..
Екеуінің құшақтары жазылып кетті.
– Қайт, қайт!..
– Қайт, қайт!..
– Қаш, қаш!..
– Қаш, қаш!..
Олар алтау болып жан-жаққа тартып тұрғанда, сырттан әлдекім қара қобызды аңыратып бір күйді бастап кеп кеткенде есіктегілер мен төсектегілер жоқ болып кетті.
Енді екеуі не есікке, не төсекке бара алмай қақ ортада қара терге булығып тұрғанда:
– Аш есікті!.. Не болды сендерге?.. – деген еркектің жуан даусын естіп тіпті зәрелері ұшты. Сырттағы кісі есікті бұзып ішке кірді. Сақалы белуарына түскен қолына қобыз ұстаған қарт:
– Балалар, қорықпаңдар… дегенмен сендерді жын айналдырып жүр екен… айдың ашық ай сәулесінің астында ұйықтап қалғандарың?…
Екеуінің де тілі күрмеліп қалған.
– Мә, мына ала жіпті белдеріңе байлап алыңдар… олар маңдарыңа келе алмайды…
Қарт қобыздың шанағынан екі үзік жіпті алды да, қолдарына ұстата беріп ғайып болды.
Екеуі жалма-жан жіпті белдеріне байлап алды. Сол түннен бастап таңға көз ілмей жеті күнді өткізді. Жеті күн болғанда екеуі де талығып барып ұйықтап кетті.
– Жүр!.. Кеттік!.. Қаш! Қаш!..
– Жүр!.. Кеттік!.. Қаш! Қаш!..
Есіктен екеу байбалам салып тұр. Екеуі орындарынан атып-атып тұрғанда есіктегілер жоғалды да кетті. Сонда барып белдеріндегі жіптің кереметін түсінді. Әрі жіп белдерінде тұрғанда еш қорқудың қажетсіздігін ұқты.
Арада біраз уақыт өтті.
Қысқы демалыс та жетті. Ертең ауылға кетеміз деген түні терезе жақта жатқанын қолына кәдімгі сыпыртқы ұстаған өзі «Тұр, оян!» деп оятып алды да:
– Сен сыңарыңды жақсы көресің бе? – деп сұрады.
– Өзімнен де жақсы көрем…
– Оның жанының қиналғанын қалайсың ба?
– Атама, ешқашанда…
– Онда оның беліне қарашы… – деді де жоқ болып кетті.
Сыңарының көрпесін ашып қалып, жаны түршігіп кетті.
Ала жіп белін қиып түсердей саусақтың жуандығындай ғып бунап тастапты. Қара терге малшынып жатыр.
Ол еш ойланбастан сыңарының беліндегі жіп пен өз беліндегі жіпті шешті де терезеден сыртқа бір-ақ атты.
Төсекке енді жете бергенде есіктен екеуі иә тура өздері келді де сыртқа қарай дедектетіп ала жөнелді.
– Қайт, өзіңе алдандың!..
– Қайт!.. Қайт!.. ха.. ха.. ха… опасыз сыңарың түбіңе жетті.
Төсектегі сыңарының сөзін естіді де бар күшімен жұлқып төсекке қарай ұмтылды. Төсекке жетті де құлады.
Есін жиғанда күн әлдеқашан шығып кетіпті. Орнынан атып тұрды. Қолында қайдан екенін кім білсін анау кездегі қарттың қара қобызы.
Терезеге ұмтылды.
Сыртта өзі түнде лақтырып жіберген ала жіптерді беліне байлап алған сыңары сақ-сақ күліп ауланы айналып жүгіріп жүр.
Қойшыбек МҮБАРАК,
мистик
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!