2022 жылдың 30 маусымында Президент электр энергетикасы, жер қойнауын пайдалану, жергілікті мемлекеттік басқару және тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін заңға қол қойды. Сондай-ақ, пәтер иелерінің кооперативінен мүліктік меншік иелерінің бірлестігі (МИБ) және жай серіктестікке (ЖС) көшу мерзімін 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартты.
Осы орайда, өткен бейсенбіде Қызылорда қалалық баспасөз орталығында ҚР кейбір заңнамалардың қабылдануына байланысты брифинг өтті. Оған Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбекұлы қатысып, қазіргі таңда аталған заңнама бойынша бірқатар атқарылып жатқан жұмыстар барысын атап айтты.
– Бүгінде заң нормалары өзгергенімен кондоминиум объектілерін басқарудың жаңа нысанын құру бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Қазір қала бойынша 815 көппәтерлі тұрғын үй бар болса, оның 568-не жай серіктестік, 7-еуіне меншік иелерінің бірлестігі құрылды. Сонымен қатар, кондоминиум объектісін басқарудың жаңа нысандарын құруды насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде құрылған жай серіктестіктен меншік иелерінің бірлестігіне ауыстыруға және жаңадан құрылған кондоминиум объектілерін басқару органдарына екінші деңгейлі банктерден, «Қазпошта» АҚ-нан есепшоттарын ашуды қолға алудамыз. Бүгінгі күнге дейін меншік иелерінің бірлестігінен 2 есепшот ашылды, – деді Абзал Рысбекұлы.
Айта кетейік, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 10-3-бабының талаптарына сәйкес, кондоминиум объектілерін басқаруға және ортақ мүліктерді күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындардың ең төменгі мөлшері қалалық мәслихаттың шешімімен 1 шаршы метрге 23 теңге болып бекітілді. Сонымен қатар, заңға енгізілген өзгерістерге байланысты коммуналдық қызметтерді көрсетудің қағидасы қала әкімдігінің 2021 жылғы 22 желтоқсандағы №1672 қаулысымен бекітілген. Қазіргі таңда осы тұрғыда үйді басқару саласында 17 басқарушы орган тиісті жұмыстарды атқаруда. Ал, бұл жаңартылған жүйенің пайдасы қандай? Әр көпқабатты тұрғын үйдің егелері меншік иелерінің бірлестігіне өткеннен кейін олар ортақ бір есепшот ашып, сол қорға ақша жинау арқылы үйдің ішін және жертөле, аулаларын арнайы жөндеу, тазарту жұмыстарын өздері жасап, келісімшарт арқылы жертөлені жалға беруге болады. Меншік иелерінің бірлестігі осынысымен ерекшеленеді. Бұл меншік иелерінің бірлестігін құруға тек қалалық 575 көппәтерлі тұрғын үй ғана кірсе, қалған 240 тұрғын үй меншік иелеріне жатпайды. Себебі, қаламыздағы кейбір жаңа көпқабатты үйлер бағдарлама арқылы және сатып алу құқығынсыз берілгендіктен, жаңа заңның бағытындағы жұмыстар ол үйлерге жүргізілмейді.
Қорытындылай келе, аймағымыздағы бұқараның да бұл өзгеріске еш қарсылығы білінбейді. Десек те, сөз етілгендей МИБ-ке тұрғындардың ауысуы тым бәсең екені де білінді. Сондықтан насихаттау жұмыстарының тыңғылықты нәтижесін бір жылдың жүзінен кейін білетін боламыз…
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!