HALYQLINE.KZ Келін болу – тек өз ұрпағының ғана емес, тұтас ұлт ұрпағының жауапкершілігін мойынға жүктеу. Бүгінгі келін – ертеңгі ана, болашақ ұрпақтың тәрбиешісі.
Әрбір бойжеткен тұрмыс құрып, келін атанып, ана болғысы келеді. Жас келін жаңа отбасына сіңісіп, жақсы келін атану жолында қаншама қиыншылықтар мен кедергілерге кездеседі.
Осы тұрғыда қыздарымызға септігі тиер деген оймен бірнеше есте ұстарлық кеңесімізді ұсынамыз.
Сыйлы болыңыз, сыйлай біліңіз!
Сыйлы бола біліңіз. Ең бастысы – «сыйластық» деп аталатын қарым-қатынас әлемі құны түкке тұрмайтын пендешіліктің құрбаны боп кетпеуін қадағалаңыз. Өйткені, отбасын да, адамзатты да, әлемді де тек сыйластық пен бейбітшілік қана құтқара алады.
Қадірлі болыңыз!
Әрбір келін отбасына, ата-анаға, Отанға, халыққа өзінен үлкенге деген сый-құрметпен, еңбегімен, қоғамға қосқан үлесімен қадірлі екенін жақсы түсінуі керек. Алдымен әйел үй ішіне, ауыл-аймаққа, елге өз қадір-қасиетін көрсете білгені жөн.
Жиі дұға етіңіз!
Құлшылық пен дұға – тек отбасында ғана емес, барлық ісіңізде береке мен сәттілікке алып баратын бірден-бір жол. Иманы берік адамға шайтан жолай алмайды. Ал шайтанның ең сүйікті ісі – ерлі-зайыптыларды ұрыстыру екені белгілі.
Күйеуіңізді құрметтеңіз!
Алланың разылығын күйеуіңіздің разылығынан табасыз. Ер адамға қарсы шығып, оны төмендетіп, еркектік намысына тиіп отбасылық бақытқа ешқашан жете алмайсыз. Кез келген мәселеде жар ғана емес, арқа сүйер сырлас досы, ақылшысы әрі жанашыры болыңыз. Екеуіңіздің араларыңыздағы сырды ешкімге, тіпті «ең жақын» құрбыңызға да айтпаңыз. Жарыңыздың жаманын жасырып, жақсысын асырып отырыңыз.
Жарыңыздың тілін табыңыз!
Әйел-ақ босағаның аруы, үлкен шаңырақтың береке құты. Оның мейірбан жүзі, парасат-ақылы, сырбаз мінезі қандай жанды болмасын баурамай қоя алмайды. Жарының тілін таппаған, қадірін білмеген әйелдің бақытты болуы мүмкін емес. Әйел қауымы мұны әрқашан есте сақтағаны дұрыс. Күйеуіңіздің сырын ешкімге айтпаңыз. Оның алдында әрдайым таза болып, үй ішін де тазалықта ұстаңыз.
Шүкіршілік етіңіз!
Ерінің тапқан табысына үнемі көңілі толмай, «жоқты» айта беретін әйелді еркек ұнатпайды. Сондықтан Алланың берген ризық-несібесіне шүкіршілк етіп, қолдағы барды қанағат тұтыңыз. Үнемі көңілі толмай жүрген әйелді кім жақсы көрсін? Рахметіңіз бен ризашылығыңызды білдіріп тұрыңыз.
Сіздің қолыңыздан бәрі келеді!
«Мынаны істей алмаймын» деген сөзді айтпаңыз. Бұл тірлікті істеп көрмегем, қолымнан келмейді деу дұрыс емес. Не болса да бар күшіңізді салып, талпыныңыз. Адамның қолынан келмейтін іс жоқ.
Үй шаруасына ұқыпты болыңыз!
Енді сол үйдің бар тірлігі сіздің мойныңызда. Сырт көз – сыншы. Сөз алдымен сізге келеді. Сондықтан үйіңіз әрдайым таза, тамағыңыз дәмді, кіріңіз жуулы, ыдыс-аяғыңыз жалтырап тұратын болсын. Таза үй, дәмді ас пен тап-тұйнақтай балалар үйдің берекесін кіргізеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!