Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жақсы ой түйсең санаға, мың тағзым ет анаға

18.01.2024, 10:40 467

«Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас бір ұлтты тәрбиелейді» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Иә, қай заманда болмасын аналарымыз отбасының күйбің тірлігімен қоса ер адамдармен қатар түзде еңбек етіп, онымен қоймай қолына найза ұстап, жауға қарсы тұрғаны аңыз болып ел жадында сақталған. Тіпті, ақындар мен жазушыларымыз да өз туындыларында ана сұлбасы мен әйел болмысын әспеттеп суреттеген. Қазақ әйелінің мұңы мен назы, қайғы-қасіреті, жүрек жұтқан батылдығы Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпанында», Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамалында» көрініс табады. Дәстүрлі аңыз әңгімелердегі Домалақ ана, Ұмай ананың бет-бейнесін абсолюттік күш, күллі дүниенің бастауы ретінде танимыз. Осыдан-ақ аналардың, жалпы әйелдер қауымының құдіретін жобалауға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында креативті индустрияны жандандыру мәселесін алға тартқан еді. Осы ұсыныстың аясында облыс төрінде Сыр елінің қыз-келіншектері бас қосатын, әйел затының психологиялық мәселерінің алдын алып, қолөнер мен аспаздық қабілетін шыңдайтын жобаның, яғни «Анаға тағзым» орталығының негізі қаланды. Облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей ұсынысымен іске қосылған нысанға қаржылай көмек көрсетіп, әйелдер қауымының ризашылығына бөленген белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың жанашырлығын ерекше атап өткен жөн. Марат Базарбайұлы толықтай заманауи құралдармен жабдықталған ғимаратпен қоса «Анаға тағзым» ескерткішін және тұрғындар игілігі үшін арнайы демалыс аллеясын да сыйға тартты.

Заман талабына сай жабдықталған ғимаратта өнерлі әжелерден құралған «Мирас» әжелер клубы, жасөспірім мектеп жасындағы оқушылар мен студенттерге арналған «Бойтұмар» қыздар клубы, шешендік өнер мен ораторлық қабілетке шыңдайтын  «Ана тілі»  дебат клубы және  топтық  коммуникация  орнату үшін «Сырғалым»  клубы  жұмыс  істейді. Сонымен қатар, қоғаммен байланыс жасап, сюжет дайындау мақсатында «Шамшырақ» фото-бейне студиясы мен аспаздыққа бейімдейтін «Береке» аспаздық студиясы бар. Бүгінде «Анаға тағзым» орталығы «Бір шәугім шәй» бағдарламасын түсіруде, сондай-ақ, келген қонақтармен сюжеттік видеороликтер  жарияланып, ақпарат таратылу  ісі  күнделікті, үздіксіз  жүріп жатыр. Бұдан  бөлек,  орталықта  форум мен  трейнинг  жүргізуге  жабдықталған конференция  залы,  мәдени  концерттік зал,  «Coworking»  бөлмесі  бар.

«Анаға  тағзым»  орталығы  қызметін  бастағалы  бері  елге  белгілі  қайраткерлер,  өнер  адамдары, қарапайым халық ағылып келіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған эстафетаны Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, Қазыбек Иса, Абзал Ерәлиев және т.б. қоғам қайраткерлері, бүгінгі күннің ағартушылық қызметін атқарып жүрген Нұрлан имам мен журналист Ләйла Сұлтанқызы, кино өнерінің ақтаңгері Асанәлі  Әшімов,  «Өнер  қырандары» театрының  актері  Жанболат  Найзабеков секілді  медиада  жарқырап  жүрген кісілер  орталықпен  етене  танысып,  оң бағасын  берді.

Орталық басшылығы еңбек адамдарын да назардан тыс қалдырған емес. Әр уақытта орталықта еңбек адамдарымен кездесу өтіп, марапаттар тарту етіліп тұрады. Облыс қарамағындағы жеті ауданның қыз-келіншектері мен өнегелі әжелерінен құралған делегациялары «Анаға тағзым» үйіне келіп, қолдан шыққан қолөнерлерін паш етіп, көрмеге қойды.

– «Анаға тағзым» орталығы – облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасы. Жалпы, Сыр елінің аналарына деген ерекше құрмет ретінде аталған нысанды ел игілігіне берді. Осы идеяның жүзеге асуына септігін тигізген Марат Дүйсенбаевтың да бұл орталықтың ашылуына қосқан үлесі орасан зор. Ал енді «Анаға тағзым» үйінің мақсаты неде?» деген сұраққа жауап берсек. Қазақта «Әке ұлды тәрбиелейді, Ана бүтін бір ұлтты тәрбиелейді» деген сөз бар. Себебі, қыз бала – әрқайсысымыздың анамыз, енеміз, әжеміз. Ана мейлінше өз баласын жақсылап тәрбиелейтін болса, соншалықты кейінгі ұрпақ та бой түзейді. Сондықтан да, қыз баласы өтпелі кезеңнен өтіп, эгосы қалыптаса бастағаннан соң, оны келешек ана қылуға тәрбиелеу қажет, әр сатыдан сүрінбей өтуін қадағалау керек. Өздеріңіз байқағандай, нысанда керектінің бәрі бар. Біз материалдық тұрғыда көпбалалы аналарға көмектесе алмаймыз, пәтер тарту ете алмаймыз. Дегенмен, рухани байлықты күллі әйелдер қауымының бойына сіңіру – біздің басты парызымыз, – деді орталық директоры Алтынай Молжанова.

Сонымен қатар, ол ақпан айынан бастап ұйымдастырылатын «Даму Лифт» жобасы жайында атап өтті. Қаладағы мектептер мен кәсіптік білім беретін оқу орындарының оқушы-студент қыздары келіп, арнайы кесте арқылы аталған орталықтың жұмысын іс жүзінде көріп, тегін сабақ алмақ.

Ана деген үш әріпте қаншама қадір-қасиет, философиялық ой жатыр. Ана дегенде тек қана есімізге дүниеге алып келген кісі ғана емес, біршама қауымды басқарып, шешендігімен дараланған тұлғаларды да ерекше атап өткеніміз абзал. Осы ана ұғымын, әйел ұғымын дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнеге етіп жүрген «Анаға тағзым» секілді нысандардың қатары артып, әйелдер қауымының назы құлақасты қалмай, күрделі мәселелер санатына қосыла берсін. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарымыз жасай берсін дегіміз келеді.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: