Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Тая»

04.03.2024, 9:10 365

HALYQLINE.KZ

Мереке  қарсаңында

Менің «Тая» – Төлебике Дәуренбекқызы деген құрдасым бар. Неге «Тая» дейсіз бе?! Мәнісін түсіндіріп өтейін. Белгілі жазушы Н.Островскийдің (1919 жылы Н.Островский комсомол болып, майданға аттанды. Шайқаста ол басы мен ішінен ауыр жарақат алды, аттан құлап, омыртқасын қатты жаралады. Денсаулығына байланысты жас сарбаз әскер қатарынан шығарылды. Ауыр науқасқа мойымаған Н.Островский жазуға бет бұрды. Осылайша бірнеше керемет туындыны өмірге әкелді. Соның бірі – «Құрыш қалай шынықты?» атты кітап. Кейін осы кітаптың желісі бойынша кино түсірілген. Басты кейіпкері П.Корчагин болса, Тая да – кейіпкердің бірі (әлеуметтік желіден ықшамдалып алынды)) «Құрыш қалай шынықты?» киносындағы Таяның адами қасиетін Төлебикенің әкесі Дәуренбек ағамыз жақсы бағалайды екен. Қызын да осылайша еркелетіп «Тая» атап кетіпті. Төлебикемен бір ауылда, бір мектепте қатар оқыдық. Ол сабаққа өте зерек, әсіресе есепке өте алғыр еді. Класс жетекшіміз әрі математика пәнінен дәріс беретін марқұм Қожабай ағай Таяны тақтаға жиі шығаратын. Күнделікті жаңа сабақты түсіндірген соң Таяға күрделі жаттығуды бірнеше жолмен шығаруға тапсырма беретін. Тая болса ұстаздың тапсырмасын қиналмай орындайтын. Сұсты жүзді, сабырлы мінезді Қожабай ағайымыз шәкіртінің алғырлығына ерекше риза болып, «Сенен түбінде мықты математик шығады» дегенді жиі қайталайтын. Қожекеңнен мұндай баға есту оңай емес-ті. Бәлкім, Тая ұстаздық қызметті таңдағанда белгілі математик болар ма еді, кім білсін…

«Баланың бойына қасиет атаның қаны, ананың сүтімен дариды» деген бар. Төлебикенің әкесі марқұм Дәуренбек Жұмағалиев ағамызды көпшілік «көке» деп ілтипатпен атайтын. Ұзақ жылдар ферма меңгерушісі болып қызмет жасаған Дәукең әділ де парасатты басшы бола білді. Суы тартылған егіс алқаптарында кейде майда балық шабақтарының шүпірлеп жататынын естіп қаламыз. Бірде Дәуренбек аға фермаға бекітілген су толы водовоз машинасымен келе жатып осындай жайтқа тап болыпты. Көлікті тоқтатуға бұйрық берген көке шофері екеуі шалшық суда шүпірлеп жатқан майда шабақтарды ұстап алып, водовоздың цистернасына толтырып тиеп алады. Сол пәтімен Қарақұм беткейіндегі бір бұлақтың маңына аялдап, әлгі майда шабақтарды бұлақтың жайылған суына жіберіпті. Кейін сол шабақтар өсіп, ел-жұрттың игілігіне жарапты. Табиғатқа жанашырлық дегеніміз осы шығар. Таяның анасы Ырысбике апай да – өте парасатты, байсалды адам. Марқұм Дәукең мен Ырысбике апайдан өрбіген ұл-қыздар тамырын терең жайған, өсіп-өнген әулетке айналды.

Тая құрдасым қазіргі таңда Алматы қаласында тұрады. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көріп, зейнеткерлік демалысына шықты. Немерелерінің ұлағатты әжесі. Міне, көктемнің алғашқы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні де жақындап қалды. Осынау мерейлі мерекеде асыл ана, абзал әже Тая (Төлебике) Дәуренбекқызына арайлап атқан әрбір таң тек қуаныш пен бақыт әкелсін, балалардың шат күлкісі тыйылмасын, аналардың қабағын кірбің шалмасын демекпін.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданының  Құрметті  азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: