Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырғалының сәні мен стилі

16.12.2021, 9:30 500

Жаңа заманда бес жастағы қыз баласынан бастап стильмен киіну сән болған. Нарықта сұлуларға сай киімдердің түр-түрі көздің жауын алады. Бұрынғыдай емес, қазір таңдау көп. Қиялыңдағы киім алдыңнан шығып тұрады. Он үш жастан бастап қыз балалардың әдемі киініп, әр нәрсеге талғаммен қарайтын шағы басталады. Бойжете бастаған қыздар да ата-анасының  талғамымен  емес, өзі таңдап киюді әдетке айналдырады. Алда аппақ қыс бар. Жылдың осы мезгілінде де қыздар қауымы барынша тартымды әрі сәннен қалмай киінуге тырысады. Ендеше сырғалылар үшін сәнге айналған стиль қандай? Жауабын бірге іздеп көрейік.

Соңғы уақытта қыстық киімдерден бойжеткендер арасында оверсайз трендте. Қысқы пальто, куртка, тондардың осы стильдегі түрлері жаппай сатылымға шығуда. «Оверсайз» – барынша кең тұратын киімдер топтамасы. Бұл, әсіресе, өзінің денесінің толықтығын жасырғысы келетін қыз-келіншектерге өте қолайлы.

Сәнге  еру  «сәннен»  қалған  емес.  Жыл сайын  өзгеріп  тұратын   құбылыс.  Ал  стиль – киімді барынша үйлестіріп кию. Сондай-ақ киім кигенде ұқыптылық та маңыз­ды. Әсіресе қыз баласы киген киімін ретсіз бөлмеге лақтыра салуды емес, өз орнымен, арнайы киімілгіште, таза жерде сақтауды үйренген жөн. Ең қызығы, мұны қыз балаға тым кішкентай кезінен бастап үйрету керек. Мәселен, ойыншық ойнап жүрген бала кезінде ойыншықтарын қалтаға салып, жинап қоюды, балабақшадан келгеннен кейін өз киімдерін ретке келтіріп  қоюды бірте-бірте үйретсе, кейін ол өзінің де айнымас дағдысына айналады. Қыз бала үшін бұл – өте маңызды. Өйткені  қыз – келешек келін, ана.

Болашақ бойжеткенге стильді киінудің қиындығы жоқ. Қазір мүмкіндік өте көп. Онымен гардероб жайлы және әртүрлі жағдайға орынды киім таңдау ережелерімен бөлісіңіз. Мысал ретінде өз киімдеріңізді пайдаланыңыз. Мысалы, оған қара джинс шалбармен үйле­сетін бірнеше киім үлгісін киіп көрсетіңіз. Үстінен жакет киіп жұмысқа баруға, ал свитер кисеңіз, құрбыларыңыз­бен кездесуге баратыныңызды айтыңыз. Оны әдемі жейдеге ауыстырып, әшекейлермен толықтырып, мерекелік кешке бару­ға болатынын көрсетіңіз. Сондай-ақ интернет көмегіне жүгінуге болады: алдарыңызға дәмді тіскебасар алып, мони­тор алдына отырыңыз. Дұрыс киімдер үйлесімін тауып, оны қызыңызбен бірге талқылаңыз. Бірге оның дене пішінінің типін зерттеп, қандай киімдер оған жақсырақ тұратынын қарауға болады. Нәтижесінде, қызыңызбен жақсы уақыт өткізе­сіз  және  жаңа  білім  алуға  болады.

Стильді киіну қымбат киімдерді ғана кию дегенді білдірмейді. Қазір киімдердің сапасын бір-бірінен ажырату мүмкін емес. Сол себепті аса қымбат тұратын емес, бағасы қалтаға қонымды әрі денеге де үйлесе кететін киімдерді таңдаған дұрыс. Сондай-ақ оның өсе келе талғамы өзгеруі  және  көпшілік  киім  ұнамай  қалуы  мүмкін  екенін ескертіңіз. Қызыңыз­ға  киім  алуға арнайы бюджет бөліп, оны қалай жұмсайтынын және оның ішіндегі маңыздысын қалай анықтайтынын сұраңыз. Онымен үнемдеу және киім сапа­сы жайлы да әңгіме қозғаңыз.

Қазақы тәрбие де қызға кеңестен шеткері қалмау керек. Қанша дамыған елдер қатарына кірсек те, киім киюдің салтынан таймау маңызды. Мұндайда қыз баланың киімі тізеден төмен, бас­тысы етек-жеңін жауып тұрғаны жөн. Егер қызы­ңыз қысқа белдемше, ашық стильдегі киімдерге  қызығушылық таны­татынын байқасаңыз, оның да пікірімен санасыңыз. Бірақ, барынша қазақ­ы­лықтан асып кетпеудің дұрыс екендігін айтып отырсаңыз, жақсы. Адамның тартымдылығы көбіне киімдер­ге емес, оны қалай киюіне және өзін қалай ұстайтынына байланысты. Өзіне деген сенімділік — қызыңыздың бойына қалыптастыру керек маңызды қасиет. Қызыңыз таңдаған киімін көрсетіп, кеңес сұраса, бірден сынамаңыз. Қызыңыз сізге сене алатынын дәлелдеңіз: мақтаңыз, кеңесіңізді айтыңыз, сабырлықпен түсіндіріңіз, ал егер оның таңдағанымен келіспесеңіз, тек «болмайды» деген сөзбен ғана шектелмей, дәлелдер көрсетіңіз.

Сән мен стильдің үйлесім тапқанынан артық ештеңе жоқ. Бастысы, қыз баланың киген киімі қоғамның назарын аудартпайтын, қарапайым һәм жинақы көрінгені  абзал.

Ә.ТАУАР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: