Бүгінгі қоғамда әйел болу өз-өзіңе сенімді болумен ғана шектелмейді. Сондай-ақ, сұлулықтың, әсемдіктің, мінсіздіктің қалыптасқан стандарттарына сай болуға деген тоқтаусыз талаппен күрес. «Сұлу бол!» деген үнсіз бұйрық теледидардан, әлеуметтік желіден, жарнамадан, тіпті айналадағы адамдардың көзқарасынан оқылады. Осы талап әйелдің таңдау еркіндігінен асып түсіп, оның өмір сүру салтына, өзін-өзі қабылдауына, тіпті психологиялық саулығына әсер етіп отыр.
Әр дәуірде, әр қоғамда сұлулықтың өлшемі әрқалай болды. Бір кездері толық денелі, ақсары жүзді болу сән саналды, енді арық әрі спорттық мүсін, айқын бет әлпет, мінсіз тері – «стандарт». Бірақ бұл «стандартты» кім орнатты? Жауап айқын, нарық, индустрия, брендтер.
Сұлулықтың идеалын өзгелер анықтап беріп, әйелге тек соған бейімделу ғана қалады. Ал бұған бейімделе алмаған немесе бейімделгісі келмеген әйел қоғамда әлсіз, өз-өзіне қарамайтын, «құнсыз» адам ретінде қабылдануы мүмкін. Бұл – қоғамның көркемдік емес, қатыгез фильтрі.
Сұлулық – сауданың құралы
Косметика, пластикалық хирургия, фитнес, сән, диета индустриялары әйелдің әлсіз жерін – өз-өзіне күмәнін шебер пайдаланып отыр. «Өзгер», «жақсар», «тағы да жетілдір» деген ұрандар күн сайын миға құйылады. Ал нәтижесінде, мыңдаған әйел өз тәнін жек көреді. Кез келген ақау – ұят, кез келген табиғи ерекшелік түзетуді қажет ететін «кемшілік» ретінде қабылданады.
Бетінде безеу шыққан жасөспірім қыз өзінше бір трагедияны бастан кешірсе, егде тартқан әйелдер терісіндегі әжімді жою үшін күрделі процедураларға (ем-шара) барады. Олардың барлығын бір ғана қорқыныш біріктіреді, ол – «қоғамға ұнамай қалам ба?».
Мұндай қысым, әсіресе қазақ қоғамында да байқала бастады. Бұрынғы дәстүрлі тәрбиеде сыртқы келбеттен гөрі әдеп, ибалық, еңбекқорлық маңызды саналатын. Қазір, өкініштісі сол, қыз баланың сырт келбеті оның әлеуетін анықтайтын басты факторға айналды. Тіпті кейбір жұмыс орындары мен тұрмысқа шығу туралы айтылғанда, алдымен «сымбат» сөз болады.
Әлеуметтік желідегі «гламур өмір», «әдемі келбет», «трендтегі киім» ұғымдары қыздардың өзін-өзі қабылдауын бұзып, ішкі комплекстерін күшейтуде. Ауылдық жерлерде өмір сүріп жатқан қыз баласы да желідегі фильтрленген өмірмен өзін салыстырып, өз құндылығына күмәнмен қарайды.
Бұл – миссия емес, мәжбүрлік
Әйел адам әр таңын бет күтімімен, артық салмақпен күреспен, киім таңдау машақатымен, желідегі фильтрленген образын ұстап тұрумен бастайды. Өз кезегінше, бұл үлкен энергия мен уақытты талап етеді. Ал шын мәнінде, бұл әрекеттің көбі әйелдің өз қалауынан емес, қоғамның «меңзеген міндетінен» туындап отыр.
Қоғам «табиғи бол» деп айтқанымен, шынайы табиғилықты қабылдамайды. Қабақ боямаған әйел – күтімсіз, салмақ қосқан әйел – жалқау, қартая бастаған әйел – күтінбеген деген стереотиптер әлі де мықтап қалыптасқан.
Анорексия, булемия,
жүйке аурулары…
Сұлулық стандарттарының артында тұрған ең үлкен қауіп – әйелдің ішкі әлеміне түсетін қысым. Бұл – үнемі салыстыру, үнемі қанағаттанбау, үнемі ұят сезімімен өмір сүру. Мұның салдарынан депрессия, ішкі күйзеліс, өзін жек көру, жеген тамағына дейін кінә сезімін сезіну сынды психологиялық проблемалар туындайды.
Жасөспірімдер арасында анорексия, булемия секілді аурулар, ал ересек әйелдер арасында өз денесін қабылдамаудан туындайтын жүйке аурулары көбейіп келеді. Бұл жай ғана сұлулықтың емес, қоғамның әйел психологиясына жасалып отырған зорлығын көрсетеді.
Не істеу керек?
Мәдениетті өзгерту керек. Қоғамдық пікірді қалыптастыратын медиа, жарнама, шоу-бизнес өкілдері өз өнімдерінде әртүрлілікті, табиғи сұлулықты, ішкі сапаны көбірек насихаттауы тиіс. Фильтрленген емес, шынайы бейнелер, жасандылық емес, қарапайымдық жаңа эстетикаға айналуы тиіс.
Қыз бала тәрбиесінде де тек «әдемі бол» емес, «өз-өзіңді жақсы көр», «парасатты бол», «өзгеше болуға қорықпа» деген ұстаным басым болуы қажет. Сұлулық талант, мейірім, мінез, білім, мәдениет, адамгершілікпен өлшенетін ұғым екенін ұғындыру маңызды.
ТҮЙІН. Сұлулық – әйелдің миссиясы емес. Ол – таңдау. Ал таңдау еркін болуы керек. Әйел сұлу болуға құқылы. Бірақ сұлу болуға мәжбүр болмауы тиіс. Қоғам шынайы сұлулықты көре алғанда ғана, әйел бостандығы шын мәнінде жүзеге асады.
П.ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!