Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәлем салу – міндет емес, құрмет

26.10.2023, 10:20 345

Дәстүрге бай еліміз ежелден «сәлем – сөздің анасы» деп бекер тілге тиек еткен бе?! Дегенмен, тақырып сөздің сәлемі емес, отау ішіндегі келін сәлемі жайында болсын. Келіндер шаңыраққа қадам басқан жасы үлкен кісіге, ата-енеге, тіпті жол жүріп келген күйеуіне де сәлем салатын болған екен. Тарих пен дәстүр осылай дейді. Бірақ, бүгінде «заман талабына сай» деген ұғыммен келін сәлемі қалып бара жатыр. Бұл ғана емес, ырым-тыйымдар, әдет-ғұрпымыз да осымен бірге сарқылуда. Неге бүй дедік? Бұған байланысты ел арасында пікір көп. Қазірде көрші көршінің үйіне кірмейтін жағдайда тұрмыз. Қалай түсінсеңіз де, салт-дәстүр мұнымен келіспейді. Жә, адам адаммен араласпаса да, дәстүрдің озығы орындалып, тозығы тұраласа да, отау ішін­дегі сәлем салу салты үзілмегені дұрыс. Кейбір әулетте жас келіннің бұлай әркімге иілгенін дұрыс көрмейтіндер бар. Тіпті, мұны кеңес дәуірінің қалдығы ретінде қарайтындар да бар. Белгілі этнограф Досымбек Қатран: «Жалпы, келінге жүктелетін міндет көп қой. Солардың бірі – өзі түскен шаңырақта, өзі жүрген ортада жақсы аура қалыптастыру. «Неге?» дейсіз ғой, келіннің сәлем салуы – сыйластық ортаны қалыптастыратын, өзгелердің субординация сияқты дүниелерді қатаң сақтауына, өзін дұрыс ұстауына жетелейтін  керемет  бір  этикалық мәні бар ереже, тәртіп ретінде орныққан  дүние»  дейді.

Расында да солай. Ата-бабамыз қалыптастырған ережелер мен қағидаларды әлі күнге дейін орындап келеміз. Ұлттық код деген осы емес пе?! Діңгектің берік болуы – бірінші тамыры­ның тереңге жайылуына, сосын ағаштың ұзақ жылдан бері өсуіне байланысты деген мысал жиі айтылады. Оны осы жағдайда да қарастыруымызға болады. Этнографтың айтуынша, сәлем салу жай ғана иіле салу емес, оның ар жағында үлкен тәрбие, сыйлас­тық жатыр. Сәлем салған келінге үлкендер де «өркенің өссін», «бақытты бол», «көп жаса» деп жауап қайтарып, ризашылығын білдіріп жатады. Мұның жас отбасыға тигізер  сауап-несібі  де  зор.

«Сәлем салғаннан ешкім қорланып, кем болып қалмайды. Керісінше, бұл – отбасындағы сыйластыққа жол ашып, оны одан әрі күшейте түсетін үрдіс» дейді этнограф.

Ақ жаулықты әжелеріміз 80-ге келсе де әулет үлкендерін, қайын ағасын, жолы үлкен жеңгелерін көргенде келіндік қызме­тін орындап, сәлем салатын болған. «Беташарда басталған сәлем салу – қара жерге иіліп кіргенше жалғасуы керек»  дейтін  әжелеріміз. Дей тұрғанмен,  дінге  берік  аға­йын адамның басы тек Алланың алдында ғана иілуі керек деп теріс пікір білдіріп жатады. Дінге қайшы іс қылмайтын ата-бабамыз «әулетке келген қуаныш шаңыраққа кірерден бұрын Алланың атымен табалдырық аттайды, содан соң, аруақтар­ға сәлемі ретінде отқа май салып, түтін шығарады» деп, жөн-жоралғының ретін таратқан. Одан кейінгі орын­далатын дәстүр көпке аян. Бұл жағдайға байланысты ислам­танушы-ғалым  Қайрат  Жолдыбайұлы  бүй  дейді.

– Құрмет ниетімен иілудің Аллаға серік қосу яки харам емес екендігін сахих хадистермен дәлелдеуге де болады. Мәселен, Исламда тақуа яки сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ние­тімен қолын сүюге рұқсат бар. Сахабалардың пайғамбарымыз­дың, тіпті бір-бірінің қолдарын сүйгендігі жайлы көптеген сахих хадис бар. Қол сүйетін адамның кісі алдында бел бүгіп, иілетіні сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы «ширк» яки «харам» демеген. Егер жалпы иілу харам болғанда, қол сүю арқылы құрмет көрсету де харам болар еді. Сөз түйіні, құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам яки Алла Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл – қазақтың әдет-ғұрпы. Діни міндет те емес, – деді Қайрат  Жолдыбайұлы.

«Тағы бір қаперге алатын жайт, келіннің ата-енесі мен сол әулеттің үлкендеріне құрмет көрсетіп, ізет білдіруі – тек қана сәлем салумен өлшенбейді. Оның жеке басының имандылығы мен бойындағы басқа да адамгершілік қа­сиеттерін басты назарда ұстаған жөн»  деді  исламтану­шы-ғалым.

Ырымшыл қазақ келін сәлем салса, басына бақ қонады, абыройы артып, несібесі көбейеді деп сенген. Содан болса  керек, жұртымызда сәлем сұрау да, беру де – қанға  сіңген  арда  қасиеттердің  бірі.

Шаһарымыздағы  «Анаға  тағзым» орталығында осы  тектес тақырыптар  көп қозғалып, ұлт руханиятының негізі­не қызмет етіледі. Тақырыпқа  тұздық  болу  үшін орта­лық  жанын­дағы «Мирас» әжелер клубы мүшелерінен  пікір  сұрап  едік,  өз  ойымен  бөлісті.

– Сәлем салу – сыйластықтың үлкен бір түрі. Келіннің ізеттілігін, пайым-парасатын, әдебін танытады. Үлкендердің ақ батасын алады. «Көп жаса, айналайын», «Қосағыңмен қоса ағар», «Ғұмырлы, бақытты бол» деген тілектерге  кенеледі. Өсіп келе жатқан қызына да әдемі үлгі. Құндылықтар осылай жалғасады.  Бата, тілек деген қашанда  келіннің  мерейін  арттырады.

Біз  көбіне,  қыз ұзатқанда кейде «қарағым, ертең өзге үйдің  отын жағасың» деп жатады екенбіз. Шынтуайтына келгенде, ол өзге үйдің емес, өз үйінің отын жағады екен. Демек, отбасындағы құндылықтардың қалыптасуының да бір ұшы келінде. «Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» деген тәмсілде де үлкен мән жатыр. Жаңа түскен келіннің жаңа өмірінің жарқын беттері де келген жұртының адамдарына сәлем салудан басталады. Ол енді біздің оңтүстік, батыс өңірінде кеңінен таралған, өзге аймақ­тарда да жоқ емес. Өзімнің де келінім бар, мен де енемін, немерелерім бар әжемін. Келінім үйге келген жасы үлкен кез келген ағайын, жора-жолдас, көрші-көлемнен сәлемін аяған емес. Үйде бірер күн болмай, оралсақ, бізді де жарасымды сәлемімен қарсы алады. Таңертең тұрған сайын сәлем салатын да келіндер бар, көріп жүрміз. Ол да дұрыс шығар. Бір шаңырақта тұрып, бір-бірімізді сәт сайын көріп жатқасын біз ондай талап қоймадық. Біз, алдыңғы толқын осы бір әдемі салттың жоғалмауына барынша себеп­ші болуы­мыз керек. Өзім қызмет жасап жатқан орталықтың да басты мақсаттарының бірі – сонау киелі аналарымыз салған ізгілік жолын дәріптеу, әдемі  салт-дәстүрлерімізді  за­манауи  жаңғырту, оны кейінгі  ұрпақтарға  өнегелеу, – деді  орталық маманы Сали­ма  Малимова.

Сан ғасырдан бері санамызға сәуле болған сәлем сөзінің бүгінгі күні де алар орны тым биік, айрықша асқақ. Сәлем салу­ды міндет емес, құрмет деп білетіндар артса дейміз.

Ердәулет  ҚАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: