Жеңгеміздің азан шақырып қойған есімі Анастасия, бірақ жарты ғасырдан бері, яғни келін болып түскен кезден бастап Настя деп атап кеткен. Анастасия – менің енем Айқын Мәлікқызы Абжалимованың туған інісі Кетенің құдай қосқан жары. Қазақтың «Құданы құдай қосады, Үйірі басқаны ноқта қосады» деген сөздің растығына таң қаласың. Әйтпесе, Жалайыр руының шаңырағына сонау Молдавиядан келін түседі деп кім ойлапты?
Анастасия 1945 жылы Молдова ССР-нің Ниспоренский ауданындағы Новый-Драгушени ауылында дүниеге келді, анасы Оля ерте қайтыс болды. Соғыстан кейін басы бос жесір әйелдер жеткілікті болса да, әкесі Дмитрий екі ұлы мен қызы Анастасияны өгейсіткісі келмей үйленген жоқ. Уақыттан жылдам ешнәрсе жоқ екені белгілі ғой, мектеп бітірген соң совхозда жұмысшы болып істейтін әкесіне қарайлап оқуға барған жоқ, жазда жүзімдік алқапта, қыста совхоздың қара жұмысын істеп жүргенде, менің қайын ағам Кетемен танысады. Кете Мәлікұлы Абжалимов 1944 жылы Қызылорданың «Қараөзек» станциясында дүниеге келгендіктен болашақта теміржолшы боламын деп, Тирасполь қаласындағы теміржол техникумында оқиды, қыркүйектің басында жаңа оқу жылы басталмас бұрын студенттерді жүзім жинау науқанына апаратын. Міне, сол кезде, осы қызу қанды молдованның сұлу қызы Анастасиямен танысып, тұрмыс құруға шешім қабылдады.
1967 жылы техникум дипломын алу бойына, Анастасияның әкесі Дмитрийдің алдынан өтіп, Қызылорданың «Қараөзек» станциясына екеуі жолға шықты. Ол кезде әкесі Мәлік совхоздың малын бағатын, тілі мен діні басқа ұлттың қызы Настяның үйренісіп кетуі қиындау болды. Ерте тұрып киіз үйдің түндігін ашқаннан басталатын келіннің таусылмайтын тірлігіне кірісіп кетті. Қиыншылығы да көп болды, алайда Кете қалап тиген жігіті болғандықтан қазақтың бітпейтін тіршілігіне бейімделіп кетті. Сол кезді көзімен көрген немере қайын ағам Мұрат Әбденұлы әзілдеп: «Настя жеңгеміз келін болып түскен кезде, мал сауып, тапа нан жауып, от жағу сияқты, т.б. жұмыстардан шаршағанда, қазақша үйрене қоймаған кезі болатын, екі сөзінің бірі « ой умераю, ой умераю» деп жүріп қазақтың үлгілі келіні атанды», – деп күліп еске алады.
Уақыт өте келе қазақ тілінің майын тамызып сөйлейтін болған Настя бүкіл Жалайыр әулетінің ғана емес, ағайын-туысқанға да беделді келіні болды. Қазір де ағайын-туыстың той-томалағынан қалмайды, жасы сексеннің сеңгіріне жақындаса да отырыстың сәні болып жүр, тек осы күнді жолдасы Кете көре алмай, 1999 жылы 45 жасында дүниеден озды. Кетенің шаңырағының түзу шығуына, отбасының берекесі болып отырған Настя төрт қыз және бір ұлды аяқтандырды. Қыздары Мухадас, Эльмира, Гүлмира, Жанат өз орнын тапқан, жиендерімен келген сайын бір жасап қалады, ұлы Тұрмағанбет пен келіні Сәбираның қолында немерелері мен шөберлерінің ортасында отыр. «Қараөзек» станциясының байырғы тұрғыны ретінде көрші-көлем мен таныстары жеңгемізді «Біздің Настя апай» деп сыйлайды.
Қазақ – ежелден бауырмал халық, ешкімді жатсынбайды, соның айғағы молдован қызы өз бақытын қазақ отбасынан тауып отыр.
Бақытжан Абдул-Түменбаев,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
Суретте: Анастасияның жас кезі; ұл-қыздары мен немере-шөберелердің ортасында отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!