Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайран, біздің аналар арды ойлаған!

02.05.2021, 12:00 862

HALYQLINE.KZ

Адамды өлтірген кісіден гөрі адамды өлімнен құтқарған кісінің әрекеті ерлік. Бұл қатарда әуелі қазақ әйелдері тұрар еді. Асыл аналарымыз! Шашы сыпыртқы, қолы көсеу болып жүріп, кешегі соғыс кезінде елдегі қарттарды, бесіктен белі шықпаған жас балаларды аш қалдырмай аман алып қалған қасиет дарыған осы аналарымыз! Пайғамбарымыздың «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» дейтіні бекер емес. Бірер мысал келтірейін:

…1941 жылы Жүсіпбек қан майданға аттанғанда келіншегі Әсия 22 жаста еді. Ұлы Спабек бірден енді асқан-ды. Отан қорғауда жүрген ерінен 1943 жылдың күзінде соңғы хат алды, кейіннен қара қағаз келді. Ауыр салмақтан жесір келіншектің белі бүгілді, бірақ жығылмады. Өйткені, баласы мен абысынының үш ұлы мұның қолына қарап қалған-ды. «Ащықұдық» колхозының даласында еңбек етті. Жігерін тасқа жаныған Әсия апа қайраттанып, жалғыз ұлының азамат болуының қарекетін жасады. Ерге шығуды ойына да алған емес. Бір адамға саусағын да ұстатпады. Алла қолдады. Баласы азамат болып өсіп, жоғары оқу орнын бітірді. Қызметке орналасты. Үйленді. Немере сүйді. Ұлы Спабек пен келіні Күландамен де дидарласып, дастарқанынан дәм таттық. Апамыз тоқсаннан асқан шағында бақилық болды. Өзінің аналық парызын өтеген бір жан осы кісідей-ақ, болар. Ұзамай ұлы мен келіні де келмес сапарға аттанды. Әсия әженің немерелері Салтанат, Қайырбек, Талғат, Жалғас, Әлия, Дина бәрі де жетілді. Алды шөбере өргізді.

…Мәрия апа Жұматова! Қаламгер Сейтқасым Сейтеновтің жары. 1947 жылы 16 жасында елге белгілі азаматтың етегінен ұстады. Алайда Секең ағамыз ауыр науқастан ерте өмірден өтті. Мәрия апа алты қызды тарықтырмай өсірді. Аудандық газетте корректор, еңбекші хаттар бөлімінің меңгерушісі қызметінен зейнетке шыққан 1990 жылға дейін редакцияда қызмет атқарды. Өзінің де өлеңдер жинақтары жарық көрді. Балаларын ер жеткізіп, қуаныштың нұрына шомылды. Баян, Жамал, Жанат, Зияш, Құралай, Бақыт – бәрі де жоғары білім алып дәрежелі қызметтер атқарды. Барынша қарапайым, зиялы апамыз 86 жасында өмірден озды. Өлімнен қорықпады, аралас-құраластың бәрімен тойға кетіп бара жатқанындай күле қоштасып бақилыққа аттанды. Неткен діні мықты адам десеңізші!

Кие қонған Шиеліде таза пейілді, періште көңілді аналар өте көп! Өзге өңірлерде де Ана атын биік ұстаған нәзік жандылар мол екендігіне сенімдімін. Мен етене білгенімді ғана алға тартып отырмын. Перуза Жүсіпова, Ұлман Мәміреева, Кеңескүл Әбсадықова (Санаубаева), Пернеш Жүсіпова, дәрігер Ұлтай Абдрахманова, Еңбек Ері атағын иемденген аналар! Ұлбала Алтайбаева, Шырынкүл Қазанбаева, Зәкира Ержанова, Жадыра Таспанбетова! Бұл тізімді әлі де осылайша жалғастыра беруге де болады.

Өз ауылдас жеңгелерім Ұлтай Көзжанова бір адамға міндет артпай, қара жұмыс істеп, балаларын жеткізді. Оңғарбай көкеміздің бәйбішесі Қатира-әже ше! Үрбүкүл апамыз қандай қайсар жандар еді десеңізші! Балаларын, немерелерін қатарға қосып, риза пейілде бақилық болды. Қарашаңырақтың алтын қазығы болған аналар-ай! Жатқан жерлерің жайлы, пейіште нұрларың шалқысын! Ұрпақтарың өздерің секілді адал да, ардақты болсын!

Мұның бәрін неге санамалап отырмын, теледидардан, айналадан күнде бір сұмдық естисің. «Ойбай, пәленше бес баласын тастап, басқа байға тиіп кетіпті. Төленшенің келіні күйеуінің топырағы құрғамай жатып, біреуді үйіне кіргізіп алыпты. Ана біреуің жеті баласына қарамай жеңіл жүріске салыныпты», дей ме? Қойш, ана түгілі адам деген атқа ерсі талай қылықтар тізіліп құлағыңның түбінен өтіп жатады. Мұның басты себебі тәрбиенің әлсірегені, ұятсыздықтың дендегені шығар?

Мұны ақылым тасығанынан айтып отырған жоқпын. Алда қазақты әлі талай сын күтіп тұр. Қыз-келіншектеріміз жоғарыда аталған қазақтың қарапайым әйелдерінің өнегесін алса, өзгеге таба болмас едік. Ұлтымыз майдаланбас еді. Ана деген ардақты атты таза сақтау әр әйелдің парызы болса деген үміт менікі.

Нұрмахан  ЕЛТАЙ,

Шиелі  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: