Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Полицей қыз пәрмені

06.03.2025, 21:00 21

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысының Полиция департаментінде ер-азаматтарға тән қызметті абыроймен алып жүрген нәзік жандар баршылық. Олар – ерлермен қатар елдің тыныштығын күзетіп жүрген полицей қыздар. Солардың бірі – Жалағаш ауданы Полиция бөлімінің Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция майоры Ұлбосын Ахметова.

Ұлбосын Жақсылыққызы полиция қызметкері болуды өзі таңдаған. Оқу орнын бітірген соң осы салаға қызметке келген. Сонау 2005 жылдан бері осы салада жүрген полицей қыз еңбек өтілінде көптеген қиындық пен сынақтан өткен.

– Алғашқы кездері бұл қызметке үйрену оңай болмады. Бізде белгілі бір жұмыс уақыты біткенше ғана жұмыста болу деген жоқ. Арасында түн ортасында да шақыртулар болып жатады. Осындай жағдайлар, қызметім мені қаттылыққа, ер мінезді болуға тәрбиеледі. Форма кигеннен кейін халықтың қорғаны, мықты сақшы болуға бейімделдім. Осы уақыт ішінде көптеген тәжірибеден өттім.

Әйел заты болсам да, ең басты мақсатым қоғамдық тәртіпті күзету, азаматтардың құқықтарын қорғау деп ойлаймын. Сондықтан да, ерлермен қатар қиындық болса да төзуге тырысамыз. Өйткені, бұл – менің қызметім. Өз жұмысымды жауапкершілікпен, адалдықпен атқаруға тиіспін, – дейді Ұлбосын.

Уақыт өткен сайын тәртіп сақшысы мамандығын жетік меңгерген қыз-келіншектердің қатары артуда. Қоғам тыныштығын күзету, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес екендігі бәрімізге белгілі.

Бұл салада ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Ереже, тәртіп бәріне бірдей. Ұлбосын да ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, өмірлік тәжірибесінде талай жетістікке де жетіп үлгерген. Жұмысына деген адалдығы, халыққа қалтқысыз қызметі еленіп, бірнеше мәрте марапат төрінен де көрініп жүр. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған аяулы ана.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: