Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нәзіктік – осалдық емес

02.05.2021, 15:00 1282

HALYQLINE.KZ

Төсек — бұл әйелдің еркекке берешегінің ең азы. Төсек қатынасы – соншалықты қымбат емес, қатты бағалайтындай тым жиі болып тұратын құбылыс. Одан гөрі құнды сезім – Нәзіктік. Әйел нәзіктігін екінің біріне сыйламайды. Тіпті төсекте де ашпай кетуі мүмкін. Нәзіктік сатып алуға келмейді. Алдап тартып аламайсың. Күштеп әкетпейсің. Ол ештеңемен салыстыруға келмейді.

Нәзіктік дегеніміз не?

Нәзіктік — қолыңа түскенде жымиып қарайтын естелік сурет. Алақаныңды оның бетіне тигізіп тұрып, ол адамның қандай бақытты екенін сезіну. Оның бақытын басы бүтін түйсіну. Нәзіктік – мен сені ойлаған кездегі көзімдегі тұнықтық. Нәзіктік – біреу мені қатты жақсы көріп күтіп отырғанын білу. Шын сүйген адам сүйіктісін міндетті түрде күтеді. Бір сәтке күтеді. Бір кездесуге. Жаз бойы. Өмір бойы. Ол жалықпайды.

Нәзіктік – қамқорлық, байқампаздық, сенім, сенгіштік. Бұрқасыны мен дауылы қатар жүретін оттай ыстық Құмарлық емес.

Меніңше, нәзіктік деген – алапат күш. Бірақ ол күшті біреу аппақ түске бояп қойған. Ішкі күш. Жан қуаты. Сүйіктің үшін ғана еритін күш. Рухы әлсіз адам нәзік бола алмайды. Ол мейірімді, жұмсақ болуы мүмкін. Бірақ нәзік болмайды. Мен айтып тұрған «еритін күш» – ішкі шектеуден босататын күш. Шекаралар, себептер мен мақсаттарды жоятын еркіндік. Қарапайым жайдарылық – шынайы, ашық, жарқын, қамқорлыққа толы, жүрек жара қуанта алатын қуат.

Нәзіктік өмір бойы жалғасады

Нәзіктікті алғаш анамыздың құшағында сезінгенбіз. Содан соң нәзіктікті тек ері мен әйелі арасында ғана болады дейтінге көштік. Кейіннен баламызға деген нәзіктік оянады. Осының бәрі – жайдары қылықтар. Жүрегіңді ашасың, жаныңды жайып саласың. Өзгені басы бүтін қабылдайсың. Мейлінше ашық болуыңнан толыққанды қауіпсіздік сезінесің.

Ешбір қорғанышты талап етпейтін, бөлісуге мұқтаждығы жоқ, қолдауға зәру емес сезім. Нәзік болғың келеді! Бітті!

Өзім тұйық адам болғандықтан айналамда нәзіктік өте аз. Сондықтан нәзіктікті байқап қалсам, бір тамшыдан жиып жүрем.

Арақашықтық алыстаған сайын адамдардың нәзік бола түсетінін сіз де байқаған боларсыз? Адамдар телефонмен сөйлескенде, электронды хат жазғанда әлдеқайда нәзік болып кетеді.

Батылдық дегеніміз ең алдымен нәзіктік

Бір адамның екіншісіне нәзіктік көрсетуі – зор күш. Өзгені қабылдай алу рухы биік болғаны. Күш-қуаты артық боп тұрса да, ол басып, жаншып тастамайды. Жүрегін ашады, қабылдайды. Осынысы оны шын мәнінде мықты қылады. Оның нәзіктігі шынайы боп шығады. Нәзіктік адамдарды өзгертеді. Себебі, өмірге көзқарасын өзгертеді. Күрессіз өмірге бағындырады, бірақ неге екенін күрессіз өмірдегі жеңістері көбейеді. Маған солай көрінеді. Ғажап нәзіктік.

Айналаңды нәзіктікке толтыру – үлкен іс, мұндай ғылымды шындап меңгергім келеді.

Нәзіктік қолы бос, думан-сауықты сүйетін қауымға тән дейтін пікір бар. Бірақ ондай өмір біздің заманда қол жетпес салтанат қой. Айналамыз онсыз да нәзіктікке толы. Қасыңдағы тәкаппар адамдардың көзіне қарашы! Олар нәзіктікке мұқтаж! Бірақ өз нәзіктігін көрсете алмайды. Өкінішті.

Нәзік бол. Нәзік болу ұят емес

Ішкі қуаты жайдары болуға жететін, бар зейінін өзінен өзгеге аудара алатын адамда ғана нәзіктік болады. Нәзіктік – тек сүйіспеншіліктің сыңары емес. Нәзіктігі жоқ кез келген қарым-қатынас дөрекі, қасаң боп қалады. Мейірімге толы жан тебірентерлік нәзік күлкісі бар адамның барлық қылығы толымды, әзіз, түсінікті болады. Күлкі бөтен адамның жүрек түкпірінен саған деген ілтипатты оятады. Қарым-қатынасты ыстық ықыласқа бөлейді. Күлкі – нәзіктіктің белгісі. Ол адамның жүзіне қонып, оның қандай ауыр тағдыр жолын кешкенін көрсетеді. Нәзік адам жыртқыштықтан жер бетіндегі ең ғажап тіршілік иесі – саналы адамға айналғанға дейінгі бүкіл тарихты бір күлкіге сыйдырады.

Нәзік болу, сезіміңді көрсетудің еш ұяттығы жоқ. Бір бірінің қолынан ұстаудың еш әбестігі жоқ. Кездесуге асығып келген жандар бір сәтке солай тұрып қалады. Кейде жайдан-жай қоңырау шалғың келеді. Еш себепсіз, құлыпсыз, кілтсіз. Жай ғана сөйлескің келеді, дауысын естігің кеп. Іштей соған шүкір деп, алыстан жымиып, жүрекпен қуанып қаласың. Нәзіктік деген осалдық емес. Бұл зор күшті талап ететін батылдық. Батыл адам ғана жан жүрегін жайып сап, өзінің нәзіктігін көрсетуге қорықпайды.

Автор: La primavera

Аударған Шынар Әбілда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: