Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Еленбеген еңбекті мойындатқан күн

09.03.2026, 8:54 20

Жыл сайын еске түсіріп қоятын ақпараттар болады ғой. Оның ішінде бұрымды бикештер үшін жылына бір келетін халықаралық мереке – қыз-келіншектер күні де сол даталардың қатарын толықтыратын секілді. Күнтізбеге қарап, жақындап қалғанын байқап, бір сәт мерекенің мәні туралы аялдап өткенді жөн санадық. 

Қазақ ықылым заманнан қызын төрге шығарып, бұрымдысына барын беріп өсірген. Құрметі де солай ерекше жалғасқаннан болар, жамандыққа қимаған соң қырық үйден тыйып, қылықты қауымды көпке көрсете беруді құптамаған деседі. Заман өз орында тұра ма, уақыт өткен сайын, қазақы қаймаққа өзге елдің салт-дәстүрі, наным-сенімі араласып, қыздары күң, ұлдары құл болған жаугершілік кезеңді де бастан өткердік. Кеңестік күйдің араласқан сұрапыл сәтінде қыз баласының қоғамдағы орны таттанды. Соның салдарынан болар, білімді бұрым иелері азайып, зиялы қауым сирек бастады. Қыз-келіншектердің құны әлсіреп, оларға құрмет қылатындар некен-саяқтаған сәтте, өмірден озғандарын дұрыстап жерлемейтін де еді. Әйел теңсіздігі белең алып тұрған сәтте, ауыр жұмысқа жегілетіндердің де дені солар болды. Тіпті сол кезеңде қазақ ақын-жазушылары әйел теңсіздігін алға тартып, қыз ғұмырының қилы сәтін суреттейтін көркем шығарма жазып, келесі келешекке тарихты осылай жеткізуге әрекет етті. Осы тұста, өткен заманның қыз-келіншектері кешкен тағдыры бүгінгі бізге сабақ болуы тиіс. Мүсіреповтың «Ұлпаны», Майлиннің «Шұғаның белгісі», Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Жұмабаев жазған «Шолпанның күнәсі» секілді классикалық шығармалар жайдан-жай жазылған жоқ. Ұлттың өткен күніне тәубе етуі үшін қалам тербеген қаламгерлер жаңғырық шығармалар арқылы бізге бір дүниенің астарына үңілуді меңгейді. Әрине, өткен күннен қалған белгінің ызғары бір уақыттары қатты, бір кезде бәсең соғып, кейіннен ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында құқық теңдігін талап еткен қыздардың сұрауын қанағаттандыру мақсатында 8 наурыз – халықаралық қыз-келіншектер мерекесі деп белгіленген екен. Бәлкім біреулер бұл мерекені басқа оқиғамен сипаттар, бірақ біздің нұсқа – осы. 

Ал бүгінде бұл датаны тойлаудың әдебі мен әлемі тым өзге бағытқа ауысқан. Мерекенің мәніне бара бермейтіндер жақындарын тура осы күні алтынмен аптатуға әуестенгені ойландырмай қоймайды. Кейде қиындықпен, құқығының тапталуымен келген мерекені тойлаудың басқа да үлгісі керек секілді көрінеді, бірақ оны көптің талқысына қалдырдық. Ал сіз бұл мерекені қалай тойлап жатырсыз, қадірлі оқырман?

Коллаж: СhatGPT

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: