Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақ жаулықты аналар бас қосты

03.03.2023, 10:55 538

HALYQLINE.KZ ​Асыл әжелердің, әйел-аналардың мәртебесін арттырып, отбасылық құндылықтарды, қазақтың тұрмыс-салт жырларын насихаттауды мақсат еткен «Ұлағатты әже» атты облыстық әжелер ансамбльдері фестивалі аясында ұйымдастырылған аналар форумы өз мәресіне жетті.​

Форумды ашып берген қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов қазақ аналарының ұлттық тәрбиедегі рөліне, елдік мүдде жолындағы елеулі еңбегінің мән-маңызына ерекше тоқталып, бүгінгі тағылымды іс-шараның көтерген жүгі жеңіл емес екендігін тілге тиек етті.​

– Ана мен баланы қолдау, отбасылық құндылықтарды нығайту және дамыту – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты бағыттарының бірі. Бұл ретте, бүгінгі өтіп жатқан форумның ерекше мәні бар. Қазақта «Әке ұлды тәрбиелейді, ана тұтас ұлтты тәрбиелейді» деген қанатты сөз бар. Расында, ана баласына берген тәрбиесі арқылы болашақтың қалыптасуына ықпал етеді.​Еліміздің дамуы мен өркендеуіне, қоғамдық-саяси және рухани әлеуетін іске асыруға белсенді атсалысып келе жатқан аналарымызға, барша қыз-келіншектерге шынайы ризашылығымды білдіргім келеді, – деді қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Жақсымұратұлы.

​Ары қарай келелі бас қосуға арнайы шақырылған педагогика ғылымдарының докторы, балалар ақыны Рахат Наурызбаева, Қызылорда облысы әкімінің отбасы және әйелдер мәселелері жөніндегі штаттан тыс уәкілі Гүлнар Жұмашева, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, Қазалы ауданынан келген көпбалалы ана, өнегелі әже Набира Момбекова ел ішіндегі ене мен келіннің, ұл мен қыздың тәрбиесі жөнінде сөз өрбітіп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.​

Сондай-ақ, көптеген танымал әндердің авторы, композитор, әнші Гүлнұр Нұрасылова аналарымыздың құрметіне әннен шашу шашты. Форум түйінделер тұста бірнеше келін «Үлгілі келін» номинациясымен марапатталды.​Тағылымды іс-шара «Ұлағатты әже» облыстық фестивалінің бас жүлдесін иеленген Қармақшы ауданы, Шәмшат Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Ақ әжелер» ансамблінің әнімен қорытындыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: