Жанымызда жүрген жақын адамдардың тірі күнінде кейде қадірін білмей жатамыз. Еркеш деген жас әншінің бір сұхбатының есіме оралып отырғаны. Ол анасы ес білмейтін шағында қайтыс болып, әжесінің бауырында өскен жігіт екен. Кейін мектеп бітіріп, оқуға түседі. Жатақханада ұйықтап жатқанда, бөлмелес бозбаланың телефоны үздіксіз шырылдап қоймайды. Бірақ курстасы селт етпестен ұйықтай береді. Еркеш мойнын созып қараса, телефонның бетінен «Мама» деген жазуды көреді. Сонда жүрегінің ауырғанын айтады әнші.
Ал менің анам қырық жасында дүние салды. Жас кетті. Төрт бала қалдық, үйдің үлкені – мен, кішіміз небәрі бір жарым жаста болатын.
Шешем қатты ауырып жүрсе де, бізге білдіртпей тік қалпында жүре беріпті. Бәлкім, жұмысбасты әкемнің қызметіне сызат, ал біздің қабағымызға көлеңке түсіргісі келмегені болар, әйтеуір ортамыздан мәңгіге кетіп қалады деп өз басым мүлдем ойламаппын. Тіпті «ыдыс-аяқты жуып тастарсың» немесе «сіңліңді суға түсіру керек еді» дегенде, «мама, өзің істей салшы, мен сабағыма дайындалуым керек» деп бұртиған сәттерімді қазір ойласам, өзегімді өкініш тырналайды. Сол сәттер қайта келсе ғой деймін.
Бізді Кемпасия әжем бақты. Жеткізді. Аузымызға бар тәттісін салды. Шай үстінде әжем бірде бізге көзі жасаурай отырып: «Уақыт – емші, сендер де жетіліп, адам қатарына қосыларсыңдар. Мен тірі тұрғанда ешкімнен жамандық көрмейсіңдер. Дегенмен, бұл дүниеде туған шешенің «Айналайын!» дегеніне не тең келер?!» дегені есімде қалыпты. Сол сөздің астарын енді түсініп жүрмін.
Өзім де анамын, төрт балам бар. Бар жақсыны сол балапандарыма беруге тырысамын. Жаныма жалау болып жүрген жан жарым бар. Бірақ кейде жабырқап қалатын сәттерімнің болатынын жасырмаймын. Себебі, өз анаңның тірі жүргенін, қызық-қуанышыңа ортақтасып отырғанын қалайды екенсің. Бір күлімдеп қараған сәтін аңсайсың. Үйді жылылыққа толтырып тұратын аналардың қадірін білейік дегім келеді.
Римма АРАЛБАЙҚЫЗЫ,
Арал ауданы,
Бөген ауылының түлегі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!