Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ана тәрбиесі – ұрпаққа аманат

24.08.2022, 9:45 587

HALYQLINE.KZ  Болашақтың тәрбиесі – аналардың қолында. Осылай деген бастамашыл топ кезекті Аналар форумын Шиелі ауданында ұйымдастырды.Ұрпақ тәрбиесін ту еткен шарада келелі мәселелер қозғалды.

Форум басталмас бұрын «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясындағы мазмұнды шарада қатысушылардың назарына «Арман» кенттік мәдениет үйінде ұлттық нақыштағы көрме көрсетілімі ұсынылды.

Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Алмасбек Есмаханов форумда алғы сөз сөйлеп, ұрпақ тәрбиесін жетілдіруге бағытталған игілікті шараларды бірлесіп жүргізуге шақырды.Қызылорда облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова «Қай кезде болса да тәрбие тал бесіктен болуы керек. Ол отбасынан басталады. Сондықтан отбасындағы аналардың ролін кеңейту керек. Біз бүгін балаларды емес, алдымен аналарды тәрбиелеумен айналыспақпыз. Осы жұмысты жолға қоймасақ, деген мақсатымызға жете алмаймыз.Ананың аялы алақаны мен әкенің қамқорлығын сезіне алмай жатқан жастардың саны күн санап артып келеді. Бұған әлбетте тек аналар ғана емес, қоғам да кінәлі»,- деді.

«Ана мен бала денсаулығын қорғау» тақырыбында Шиелі аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиева, «Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы Шиелі ауданы полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Назерке Көрпебаева, «Отбасы, неке мәртебесін көтеру, отбасы құндылықтарын дәріптеу» тақырыбында Шиелі аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің әдіскері Салтанат Әшірбекова, «Қазіргі өркениетті заманға сай әйелдің бейнесін қоғамдық санада қалыптастыру» жайында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Патыма Махамбет статистикалық мәліметтерді келтіре отырып, мазмұнды баяндамалар жасады.

Облыстық Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Лайла Пашаева, өңірдегі кулманологиялық орталықтың бас дәрігерінің орынбасары,аймақтық аналар кеңесінің мүшесі Индира Баймишова басты назарды бала тәрбиесіне аударуға шақырды. Ағашыңыздың жемісін жегіңіз келсе, шыбық кезінде дұрыстап қараңыз. Сонда ғана еңбегіңіз еш кетпейді деген ой- пікірлерін ортаға салды.

Мұнан соң өңір бірлігін сақтап, ұлт тәрбиесіне жанашырлық танытып жүрген көпбалалы ел аналары марапатталды. Форум соңы концертке ұласты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: