Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторы ұйымдастырған «Startup Talapker» жобалар байқауы өз мәресіне жетті.
Startup Talapker кәсіпкерлік дағдыларды қалыптастыру, инновациялық және өңірлік маңызы бар стартап жобаларды қолдау мақсатында өткізілді. Сайысқа мектеп және колледж бітіруші талапкерлер қатысты.
Байқаудың мақсаты − потенциалы жоғары стартап жобаларды инкубациялық кезеңге алып, инвестиция тарту, түлектер арасында кәсіпкерлікті насихаттау, мектептердегі бизнес-инкубаторлардың жұмысын жандандыру.
Сәуір айында басталған байқаудың алғашқы кезеңінде 50-ге жуық команда қатысуға өтінім берген. Ал келесі кезеңге үздік деп танылған 26 команда жолдама алды. Нәтижесінде жартылай финалда 12 команда іріктеліп, финалдық кезеңде 12 жоба қорғалды.
Байқаудың марапаттау рәсіміне университеттің Басқарма төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова қатысты.
- Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ұйымдастыруымен алғаш рет мектеп және колледж түлектері арасында Startup Talapker байқауы ұйымдастырылды. Бұл – жастардың кәсіпкерлік қабілеттерін дамыту, потенциалы жоғары стартап жобаларға қолдау көрсету мақсатындағы сайыс. Бүгін финалдық кезеңде үздік деп танылған 12 команда өз жобаларын қорғады. Олардың қатарында суды үнемді пайдалану, электр энергия тапшылығын жасыл энергия көмегімен шешу, қаржылық сауаттылықты арттыруға арналған жұмыстар бар. Сіздердің креативті идеяларыңыздың нәтижесінде инновациялық және өңірлік маңызы бар жобалар жарыққа шығады деген сенімдеміз, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.
Сайыста Қызылорда облысы әкімі аппаратының цифрлық технологиялар бөлімінің жетекшісі Сәбит Ибадулла, Қызылорда облысы дамыту орталығы жетекшісінің орынбасары Бақытжан Абиев, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, Экономика және құқық институтының директоры Нұрлан Құлмырзаев, Қызылорда облысының кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Ерлан Райымов, бағдарламалау мектебінің директоры Алмат Қуанышбаев командалардың жұмысына кәсіби баға беріп, дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Ауқымды шарада Тұрар Рысқұлов атындағы №222 орта мектебінің оқушылары Жансезім Ертай, Жібек Бақбергенова, Ақсүйрік Бегімсал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті грантын иеленді.
Сырдария ауданы №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы орта мектептің оқушылары Асылжан Абдуллаев, Тамырлан Жасұланұлы 50 пайыз жеңілдікпен марапатталды. Ал 25 пайыздық жеңілдікті Қармақшы ауданы №99 орта мектебінің оқушылары Алтынай Тобылғиева мен Айзере Досимханова қанжығаларына байлады. Енді олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден шекті балл жинаған жағдайда қалаған мамандығы бойынша 100 пайыз, 50 пайыз және 25 пайыздық жеңілдікпен білім ала алады.
Айта кетейік, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің бизнес-инкубаторы және Қызылорда облысының ақпараттық технологиялар орталығының базасында стартаптар мен новаторларды қолдау және дамытуға арналған Kyzylorda Hub стартаптар технопаркі ашылды. Тиімді стартаптарды құруда, инвестиция тартуда көмек беретін бизнес-инкубатор Astana Hub халықаралық стартаптар технопаркінің Қызылорда облысы бойынша өңірлік хаб ретінде жұмыс істейді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!