Бүгін қала әкімі аппаратының басшысы Жасұлан Абатовтың төрағалығымен қала әкімдігі жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Кеңес отырысында Қызылорда қаласында және қалаға қарасты кент және ауылдық округтерде мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселелерін тиімді шешу және NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар барысы талқыланды.
Бұл жөнінде қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Басаров баяндады.
Биыл қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 201 іс-шара өткізіліп, оған 13 мыңнан аса жас қамтылған. Жастардың сұранысына орай жабдықталған орталықтың қызметін он мыңға жуық жас пайдаланған. Орталықта WI-FI, коворкинг орталығы, спорттық секциялар, креатив фото-видео студиясы, би залы, жастар ұйымдары кабинеті тегін қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, жыл басынан бастап 14 мәрте «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі өтіп, нәтижесінде 192 адам тұрақты жұмысқа орналасқан, оның ішінде 95-і жастар. Бұдан бөлек, «Мансап» орталығы арқылы 1 594 жас тұрақты жұмысқа жолдама алды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Тныштықбай жастарға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларға кент жастарының қатысуы турасында тоқталып өтсе, «Мансап» орталығы филиалының директоры Жақсылық Төлегенов жастар арасындағы жұмыссыздық мәселелерін тиімді шешу және NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту бағытында атқарылған жұмыстар туралы хабарлама жасады.
– Жастардың барлық санаттарын қолдауға бағытталған жұмыстарды жүйелі жалғастыруымыз, әсіресе, NEET санатындағы жастардың үлесін төмендетуге ерекше басымдық беруміз керек. Жұмыссыз жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауыл жастарының әлеуетін көтеруге бағытталған іс-шараларды қолға алу керек. Осы ретте, ең алдымен кент және ауылдық округтер әкімдеріне, «Мансап» орталығына мемлекеттік бағдарламалар аясында жастарға қолдау көрсетуді тапсырамын, – деп қорытындылады кеңес төрағасы Жасұлан Уәлиұлы.
Айта кету керек, қала жастарын жұмыспен қамтудың 2024 жылға арналған жоспар әзірленбек. Оның ішінде, келесі жылы оқу бітіретін жастардың саны, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарға бөлінетін мүмкіндіктер ескерілетін болады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!