Кеше Қазалы ауданы Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Жас көшбасшылар – Қазақстанның үміті» атты жастар форумы өтті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауқымды іс-шараға арнайы барған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ең әуелі фойедегі көрмеге куә болды. Ерекше талантты жастар өздерінің туындыларын қонақтардың назарына ұсынып, аудан басшысының оң бағасына ие болды.
Қорытынды кеш басталмас бұрын аудан жастарының жыл басынан бүгінге дейін атқарған жұмыстары бейнеролик арқылы ұсынылып, қатысушылар ерекше ықыластарын ду қол шапалақпен жеткізді.
Форумда алғы сөз сөйлеген аудан басшысы көпшілікті Қызылорда облысының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, даталы мереке аясында оң шешімін тапқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, алдағы жоспарлармен де бөлісіп, жастар саясатына кеңінен тоқталып өтті.
– Бүгінгі күнге дейін ауданда ерікті жастардың қатысуымен барлығы 300-ден аса іс-шаралар өткізілді. Ал, оған 8 мыңнан астам жастар қатыстырылды.
Соның ішінде жыл сайын дәстүрге айналған «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» тақырыбындағы жастар фестивалі мен «Жастар керуені» жобасын айтсақ болады. Ауылдың талантты жастарымен тілдесіп, барлық қырларынан көрінуге мүмкіндік сыйлайтын жоба талай жастың мәселесі шешілуіне де ықпал жасады.
Қазірде ауданда 6 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 40 пайызы осы жас кәсіпкерлерге тиесілі. Міне, аудандағы осындай ілкімді істердің басы-қасында жүрген жастардың біз үшін орны бөлек, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң жылдың үздіктерін марапаттау іс-шарасы өтті. Кеште «Үздік ауыл» номинациясы бойынша Бірлік, Ғ.Мұратбаев, Өркендеу, Аранды және Қарашеңгел ауылдық округтері марапат төрінен көрінді.
Сол секілді «Жастар жанашыры» номинациясы бойынша кәсіпкер Бақыт Жеткергенқызы, «Жанельфарм» ЖШС директоры Гүлназ Батырбекқызы, «Ақжол Строй» директоры Сания Нұржаубайқызы және Қуаныш Әбдікәрімұлы құрметке бөленді.
Форумда өз саласында аянбай еңбек етіп жүрген әр саланың үздіктері «Жыл таңдауы – 2023» бағамын иеленді. Ол қатарда егінші, спортшы, ұстаз, дәрігер, құқық қорғау саласы, ерікті жас, шебер, еңбек адамы мен ерекше жандар да болды.
Арнайы бағамдардан соң жастар саясатын жүзеге асыруды жанашырлық танытып жүрген жандар аудан әкімінің және облыстық қоғамдық даму басқармасының «Алғыс хатына» ие болды.
Көңілді кеште аудан өнерпаздары әуелете ән салып, күмбірлете күй тартып, мың бұрала би биледі. Іс-шара соңы Е.Хасанғалиетің «Атамекен» әнімен қорытындыланып, от шашулар жарқырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!