Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жасөспірімдер қатарластарын жабылып ұрып-соққан

25.02.2026, 10:20 27

Қарағанды қаласында бір топ жасөспірім өз қатарластарын соққыға жыққан. Оқиға туралы әлеуметтік желіде жәбірленуші қыздың анасы мәлімдеді.

Оның айтуынша, жасөспірімдер арасында бұған дейін ешқандай жанжал болмаған. Қызына себепсіз шабуыл жасалып, соққыға жығу сәті бейнежазбаға түсірілген. Оқиға 16 ақпан күні кешкі уақытта болған.

Қазіргі уақытта жәбірленуші қыз ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның ауыр жарақат алғанын және қатты психологиялық күйзеліске түскенін хабарлады.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында алты кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, полиция бөліміне жеткізілген. Алдын ала болжам бойынша, екі жасөспірім — бір ұл мен бір қыз қақтығысты бастаған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция қалған қатысушылардың әрекеттеріне де тергеу барысында құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Тергеудің алдын ала нұсқасына сәйкес, жасөспірімдер жәбірленушіге бұзақылық ниетпен әдейі шабуыл жасаған.

Сонымен қатар, балаларының тиісті тәрбиесін қамтамасыз етпегені үшін олардың ата-аналары да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оқиға кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жөніндегі кеңесте қаралып, тергеу аяқталғаннан кейін кінәлілер арнайы білім беру мекемесіне жіберілуі мүмкін.

Құқық қорғау органдары ата-аналарды балалардың мінез-құлқына жіті көңіл бөліп, олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Коллаж: Orda.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: