Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жас Жамбылдың жыр кеші

12.01.2023, 12:45 310

«Жыр алыбы Жамбылдың сарқытымын» деп жырлаған бала Жамбыл бүгінде жігіт Жамбылға айналып, оқырмандарын жырмен сусындатып келеді. Оның 4 жасынан бастап өлең шығарып, 6 жасында алты Алашқа танылғанын дүйім жұрт әлі ұмытпаған. Ол бүгінге дейін 18 жыл ғұмырында 3 кітап жазып, екі әннің авторына айналып үлгерді. 14 жасында алтын ұя мектебін үздік аяқтап, 18 жасында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін Журналистика мамандығын ағылшын тілінде меңгеріп шығып, үздіктердің қатарынан көрінген. Ал бүгінде бойына сыймаған буырқанған шабытын жырға айналдырған Жамбыл Дүйсенов жұртшылықпен кездесіп, шығармашылық кештерін өткізіп келеді. Ақын бала кеше Алаштың анасына баланған қасиетті Сыр жеріне қадам басып, Нартай Бекежанов атындағы театрда поэзия сүйер қауымға «Тәуелсіздігім – тұмарым, бірлігім – ұлы ұраным» атты жыр кешін өткізді.

Жамбыл Дүйсеновтың өлеңдерінде патриоттық сезім басым. Тіл, дін, діл жайында толғанғанда, делебесі қозатын қалам иесі шығармашылығының шыңы осы өлеңдермен сабақтасатынын айтты. Қазақтың маңдайына біткен біртуар асыл азаматтарға арналған арнаулары да көрерменге рух сыйлап, ұлыларымызды дәріптеуге шақырады.

Өз жақындарын да жырға қосқан аяулы ақын соңғы уақытта әулетінде болып жатқан қиын жағдайдан кейін көптің алдына шықпай кеткенін жасырмады. Туған әпкесінен айырылып, қиын кезеңді бастан өткерген Жамбыл 20 жасында қыршынға айналған ғұмырға бірнеше арнау жазған екен. Соның бір парасын сахнада оқып, көптің көңілін елжіретті.

Жыр кешіне облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Жанұзақов пен  Қызылорда қаласының құрметті ардагері Бектұрған Келдібай арнайы қатысып, Сыр жұртшылығына жыр оқуға келген жас Жамбылға ыстық ықыласын арнап, лебізін білдірді. 

  • Жастайынан жыр жүйрігі атанып жүрген ақын баланың Қызылорда шаһарында өткізіп жатқан шығармашылық кеші барша жастардың рухына рух, үніне үн қосты ғой деп ойлаймын. Әрбір тыңдарманның құлағында жырдағы жылулық сақталып қалғанына сенімдімін. Ардақты ағайын, алдарыңызда тұрған бүгінгі буынның өкілі көпке өнеге, жасқа үлгі боларлық. Сол үшін осында келген қадамыңа құт тілейміз, – деді Қуаныш Қуантқанұлы.

Ыстық ықыластан соң, жас Жамбылға облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановтың алғысы табысталып, көптің алдындағы мерейін үстем етті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: