Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

”Шиелі жастар форумы-2025”: Жыл белесі мен жаңа бастамалар

20.12.2025, 8:24 26

Шиелі ауданы Бұдабай Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде «ШИЕЛІ ЖАСТАР ФОРУМЫ–2025» аудан жастарының қорытынды форумы өтті.

Жастар форумының ашылуында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, жиынға қатысушыларды маңызды іс-шарамен құттықтады.

Өз сөзінде аудан басшысы жастардың ел болашағындағы рөліне ерекше тоқталып, бүгінгі таңда Шиелі ауданында 14 пен 35 жас аралығындағы жастар саны 27 545 адамды, яғни аудан халқының 30,2 пайызын құрайтынын атап өтті. Бұл көрсеткіш жастар саясатын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын айқындайтынын жеткізді.

Аудан әкімі биыл мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға жергілікті бюджеттен 46,3 млн теңге бөлінгенін, жыл басынан бері 127 түрлі іс-шара өткізіліп, оған 8 мыңға жуық жас қатысқанын айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғанын атап өтіп, адал еңбек пен кәсіби шеберлік – ел дамуының негізгі тірегі екенін жеткізді.
Жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталған аудан басшысы:
– «Бастау-Бизнес» жобасы аясында жастар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, бірқатар жас азаматтарға қайтарымсыз гранттар берілгенін;
– Skills.Enbek платформасы арқылы мыңдаған жас онлайн курстардан өтіп, еңбек нарығына қажетті мамандықтарды таңдауға мүмкіндік алғанын;
– жыл басынан бері 1300-ден астам жаңа жұмыс орны құрылғанын атап өтті.
Сондай-ақ, «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар секілді бағдарламалардың аудан жастары үшін тиімді жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.
Аудан әкімі өз сөзінде спорт, өнер мен мәдениет саласында аудан абыройын асқақтатып жүрген дарынды жастарды ерекше мақтанышпен атап өтіп, олардың жетістіктері жас буынға үлгі екенін айтты.

Сөз соңында аудан басшысы:
«Ел болашағы – жастардың қолында. Әрбір жас терең білім мен адал еңбекті серік етсе, биік белестерді бағындырары сөзсіз», – деп жастарға сәттілік тіледі.

Форум барысында қоғамдық өмірге белсене араласып, түрлі салада үздік нәтиже көрсеткен бірқатар аудан жастары Қызылорда облысы әкімінің және аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ, Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы жанындағы «Жастар ресурстық орталығы» директоры Әліби Басаров сөз сөйлеп, жастарды қолдауға бағытталған облыстық бастамаларға тоқталып, бірқатар жасқа Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хатын табыстады.

Форум соңы аудан өнерпаздарының ән мен күйден шашу шашқан мәдени бағдарламасына ұласып, мазмұнды әрі әсерлі түрде қорытындыланды.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: