Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық өнертапқыштар жобасын таныстырды

08.10.2021, 15:30 372

HALYQLINE.KZ «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы аясында Зияткерлік мектеп оқушыларының ғылыми жобалар сайысы өз мәресіне жетті. 400-ден астам оқушылардың басын қосқан желілік додаға сырбойылық өрендер 22 зерттеу жұмысын ұсынды.

«Мектепішілік кезеңде барлығы 47 жұмыс қаралды. Ең үздіктері желілік байқауға жолданды. Оқушылардың ғылыми еңбектері мен өнертабыстары өңірдің дамуына, әртүрлі салалардың жандануына арналған», – дейді мектеп директорының орынбасары Ләззат Абдраимова.

12-сынып оқушысы Баянсұлу Төлебай медицина қызметкерлеріне көмекші бола алатын робот құрастырса, 11-сынып оқушысы Даяна Хегай ауылшаруашылық саласына қажетті тыңайтқыштарды, тұқымдарды шашатын көпфунционалды ұшу аппаратының прототипін жасады.

«Бұл қондырғы өсімдіктер ауруын және өрттердің алдын-алуда диханшыларға үлкен көмекші бола алады. Көп энергияны қажет етпейді және үлкен аумақтарды бүркуде өте тиімді», – дейді жас өнертапқыш.

Судың сапасын жақсартуда және өндірістік суларды тазартуда 12-сынып оқушысы Зарина Айсауытова өзінің оңтайлы шешімін ұсынды. Яғни кальций силикатының золін вакуммда өңдеу және оның мыс катиондарын сорбциялау қасиетін зерттей отырып, экономикалық және экологиялық тұрғыдан тиімді әдісін ойлап тапты.
Ал Аділет Сәду мен Жібек Айдарбекова биометриялық параметрлер арқылы науқастарды сәйкестендіру әмбебап құрылғысын бағдарламалады. Оны алдағы уақытта жедел жәрдем көліктерінде орнатып, алғашқы көмек көрсетуде пайдалануға болады.

«Бұл экспедиция әрбір қатысушының зерттеушілік дағдыларын арттырып, қоғам үшін маңызды проблемаларға бей-жай қарамай, оларды шешуге үлесін қосуға тәрбиелейді. Жас зияткерлер бірі-бірімен тәжірибе алмасып, ғалымдардың сұхбаттасып, білімдерін кеңейтті», – дейді Жібек Айдарбекова.

Байқауда «Селт еткізер, ерен ой» бағыты бойынша сайысқа түскен Жангерей Зинелов «Туған өлкем» шығармашылық туындысын таныстырды. Бұл композицияда жас зияткер Қазақ АКСР-ның алғашқы астанасы болған Қызылорданың тарихы мен даму бағыттарын түрлі-түсті бояулар арқылы жеткізе білді.

«Картинадағы «Сыр ана» монументі көпұлтты өңірдің бірлігін сипаттаса, тарихи ескерткіш – теміржол вокзалы қаланың сәулетін бейнелейді. Ал «Қорқыт ата» мемориалдық кешені, зымыран, Сырдария өзені және күріш алқаптарын үйлестіру арқылы мен Сыр өлкесінің мәдени, рухани және экономикалық байлығын көрсеттім. Бұл туынды арқылы мен өзімнің туған өлкеме деген ыстық ықыласымды жеткізгім келді», – дейді жас суретші.

Сондай-ақ, қызылордалық зияткерлер Сығанақ, Жанкент қалашықтарындағы тың зерттеулерімен, Аралды қайта қалпына келтіру, еліміздің экономикасын әртараптандыру және Қызылорда өңірінің экологиялық мәселелерін шешу бағытында идеяларымен бөлісті.

Айта кетейік, қатысушылар «Ұлы дала өркениеті», «Туған өлкем – жұмақ мекен!», «Ұлт руханияты – бабалар аманаты», «Инновациялық даму», «Жасыл планета», «Әлеуметтік кәсіпкерлік және жаңа идеялардың күші», «Біздің күшіміз – бірлікте» бағыттары бойынша өнертабыстарын таныстырды. Сонымен қатар «Туған жер – тұғырым» тақырыбында ЭССЕ жазып, өз өлкесі жайлы құнды деректермен бөлісті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: