Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық IT-стартаптар халықаралық алаңда топ жарды

06.04.2026, 19:56 26

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылордадан шыққан IT-стартаптардың Digital Qazaqstan халықаралық форумы аясында қол жеткізген жетістіктері таныстырылды. Жиында жасанды интеллект, медицина және киберқауіпсіздік бағытында әзірленген жобалар сөз болып, олардың өңірдің цифрлық дамуына ғана емес, ел экономикасына да қосар үлесі айтылды.

Kyzylorda Hub жетекшісі Жанарыс Түбекбаевтың айтуынша, қызылордалық стартаптардың халықаралық және ұлттық деңгейде жоғары нәтиже көрсетуі – жүйелі жұмыстың жемісі.

– Бұл жетістіктер кездейсоқ келген жоқ. Қызылордалық стартаптардың Digital Qazaqstan Battle ұлттық стартап-батлында жоғары нәтиже көрсетуі өңірде IT-білім беру мен технологиялық жобаларды қолдау бағыты дұрыс жолға қойылғанын аңғартады. Әсіресе, CortexAI жобасының ІІ орын алып, 5 млн теңге инвестиция тартуы – біз үшін үлкен нәтиже. Бұл Kyzylorda Hub аясында жүзеге асқан Startup Orda бағдарламасының нақты тиімділігін көрсетті, – деді ол.

Спикер сондай-ақ аймақта жас инноваторларға қажетті мүмкіндік жасалып жатқанын айтып, мұндай жобалардың саны алдағы уақытта арта түсетініне сенім білдірді.

Жиында таныстырылған жобалардың бірі – PhishGuard. Стартап жетекшісі Нұрбек Әбілдаевтың сөзінше, бұл жоба интернет кеңістігіндегі алаяқтық әрекеттер мен фишингтік шабуылдардың алдын алуға бағытталған.

– Қазір интернетте күмәнді сайттар мен жалған платформалар көбейді. Осы мәселені шешу үшін біз PhishGuard жобасын әзірледік. Жүйе LLM API мен жасанды интеллект алгоритмдері арқылы сайттарды саралап, қауіп байқалса, қолданушыға нақты уақыт режимінде ескерту береді. Бұл қарапайым қолданушыларға да, бизнес құрылымдарға да қажет құрал, – деді Нұрбек Әбілдаев.

Оның айтуынша, форум барысында жобаға шетелдік және отандық серіктестер қызығушылық танытып, алғашқы қолданушылар базасы қалыптаса бастаған.

PhishGuard жобасының тең авторы Нұрбол Ерболұлы Оңалбеков жүйенің техникалық мүмкіндіктеріне тоқталды.

– Біздің өнім браузерлік кеңейтім ретінде жұмыс істейді. Қолданушы кірген сайттың қауіп деңгейін төмен, орташа немесе жоғары деп автоматты түрде бағалап, бірден ескерту береді. Бұл интернеттегі қауіпсіздікті жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жобаны жетілдіріп, халықаралық нарыққа шығаруды көздеп отырмыз, – деді ол.

Баспасөз конференциясында ерекше аталған тағы бір жоба – CortexAI. Бұл стартап жасанды интеллект көмегімен бүйрек трансплантациясынан кейін ағзаның қабылдамау қаупін 84 пайыз дәлдікпен болжай алады. Бұрын бірнеше сағатқа созылатын күрделі талдау процесі осы жүйе арқылы небәрі 33 секундта орындалады.

Мамандар мұны отандық медицинаның цифрлық трансформациясына қосылған маңызды үлес деп бағалап отыр. Жалпы, мұндай бастамалар Қызылорда өңірінің еліміздің цифрлық даму кеңістігіндегі орнын күшейтіп, жергілікті жастардың технология саласындағы әлеуетін айқын көрсетіп отыр.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: