Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қаныш және ғылыми майдан» еңбегі – ғалым тағдырының шамшырағы

30.06.2025, 16:50 450

Қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаев – ел тұғырын ғылымның күшімен қараңғылықтан құтқарып қалған тарлан тұлға. Ол Жезқазған кен орнының ашылуына сеп болған, Қазақ ғылыми академиясының негізін қалаған және тұңғыш президенті болған. Бұл Қаныш еңбектерінің бір парасы ғана. Ғалымның ел үшін жасаған ерен еңбегі жайлы жазылған «Қаныш және ғылыми майдан» кітабында толық баяндалған. Оның осы жолдағы жанкешті еңбегі мен күресін Санжар Керімбай  өрнектеп тұрып жазған. Иә, автор бұл шығармада Қаныш Сәтбаевтың ғылым саласындағы адал қызметі мен жетістіктерін тереңінен талдаған. Қазақ жерінде минералдың бар екеніне 430-дан астам ғалымның көзін жеткізген орасан ғылыми майдан жолынан дәйектер келтірген. Санжар Керімбайдың бұл еңбегі жас буынды ғылыммен айналысуға, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғалардан үлгі ала отырып, өз елінің болашағына үлес қосуға, әр ғылым мен білімді дамытуға жол ашып, ынталандырады.  

Міне, бүгінде Санжар Керімбайдың «Қаныш және ғылыми майдан» атты еңбегінің таралымы өз кезегінде жас буынның қолдауымен, сүйсініп, ізденіп оқуымен жемісін көрсетуде. Осы тұрғыда, өткен жексенбі күні «Q-nation» кітап сүйер қауымына арналған оқырман клубының ұйымдастыруымен «Қаныш және ғылыми майдан» еңбегі – ғылым майданының шамшырағы» атты қалалық кітап оқу жарысы өтті. Байқаудың мақсаты жүрегі ел деп соққан, ерлігі ұрпаққа аңыз болған тұлғаның, яғни Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен шығарма авторы Санжар Керімбайдың еңбегін елге танытып, насихаттау, жастарды кітап оқуға шақыру болды. Байқау ережесіне келер болсақ, «Қаныш және ғылыми майдан» атты шығарманы толық көз майын тауысып оқыған немесе оқып үлгеремін деген  оқырмандар арасында өткізілді. Байқау шарттары екі кезеңнен құрылды. Басты талап – «Қаныш және ғылыми майдан» еңбегін толық оқып шығу және сол шығарма барысынан берілген тест жүйесін тапсыру. Екіншісі – кітаптағы оқиғалар арқылы берілетін ситуациялық сұрақтарға ауызша жауап беру. Жалпы, байқауға қатысушылардың жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ, жарыс ақылы өткізіліп, жиналған қаражат қайырымдылыққа жұмсалатынын алдын ала жариялаған. Иә, байқаудың мақсат-мүддесі айқын болғандықтан, кітап сүйер оқырмандарға берілген ережелер мен тапсырмалар жеңіл болған тәрізді.

— Бұл байқауды ұйымдастыруымыздың басты себебі, қазақтың ұлы тұлғасының ерлігін үлгі етіп, өнегесін өз өмірімізде қолданып, ел болашағына бәріміз бірге үлес қосу болатын. Сондай-ақ, оқырман клубымыздың ашылу мақсаты – аймақ жастары арасында кітап оқу мәдениетін жандандыру. Байқауға қатысу ақылы болғанымен, одан түскен қаражатты «Балаларды оңалту орталығына» беруді көздедік. Сонымен қатар, жарыс ұйымдастырушысы ретінде бұл ғылыми еңбекке қызығушылығы артып, сүйсіне оқыған оқырмандардың қатары артты деп қуана айта аламын. Бүгінгі буын Қаныш Сәтбаев сынды алыптардың өмірін терең танып, жүрегіне жақын қабылдауы керек, — деді «Q-nation» кітап сүйер қауымына арналған оқырман клубының ұйымдастырушысы әрі ұстаз Ұлболсын Бақытжанқызы.

 «Қаныш және ғылыми майдан» кітабын оқысаңыз, рухтанасыз. Тарихты түсінесіз. Ғылымға бас июдің не екенін ұғынасыз» дейді шығарманы толық оқып шығып, байқау биігінен көрінген оқырман. Сонымен, байқауға 20-дан аса оқырман қатысып, нәтижесінде үш қатысушы жеңімпаз атанды. Басты үш орынға диплом қағазы мен қаржылай сыйлық ұсынылып, ынталандыру иелеріне бағалы кітаптар мен «Кітап ал» дүкенінен сертификаттар табысталды. Іс-шара соңы әдемі күй, әсем әуен, бүлдіршіндердің сыңғырлы өлеңдерімен аяқталды.

Иә, қазіргі уақытта, ғылымға бет бұрған жастарымызды осындайда байқауға болады. Өз алдына еш сескенбей оқырман клубын ашу, онда ауқымды байқау ұйымдастыру – бұл тек жастардың ғана қолынан келетінінің айқын дәлелі.

—  Неге білім мен жақсылықты бірге ұштастырмасқа? Сол сұрақтан басталған бастама бүгінде ортақ арман мен үлкен жүректі біріктірген ұжымға айналды. Кітап оқу бастамамыз ғана. Басты мақсат – білім мен қайырымдылықты ұштастырып, жүрекке де, қоғамға да пайдалы дүние жасау.  Жоспарымыз – көп. Ниетіміз – берік. Сеніміміз – нық. Біз үшін бұл – тек бастамасы.  Үлкен істер әрдайым кішкентай, бірақ сенімді қадамнан басталады, — дейді Ұлболсын Бақытжанқызы.

Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: