Сырдария ауданында жылдағы дәстүр бойынша «Ел үміті – жастарда» тақырыбында жастар форумы ұйымдастырылып, аудан әкімінің «Өрлеу» жастар сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев қатысып, жастарға көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында міндетті түрде ел жастарына деген жанашырлығын білдіріп, жас ұрпақтың білім мен денсаулығына, олардың дамуына мүмкіндік беретін жаңашыл реформаларға басымдық беруде. Сыр өңірінде жастарға үлкен қолдаулар көрсетілуде. Аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен жас отбасыларға жаңа өмірге қадам басар «Отбасы» орталығы бой көтерді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 10 мектеп салу жоспарланып, оның алғашқы 900 оқушыға арналған мектебі облыс орталығынан ашылды. 8,4 млрд теңге болатын дарынды балаларға арналған 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынуда. «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 2,5 млрд теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы тарту етілді. «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен 4,8 млрд теңгеге жаңа музыкалық колледж салынуда. Аудан орталығында аймақ басшысының бастамасымен «Руханият» орталығы бой көтеруде. Ғимарат келер жылдың басында пайдалануға берілетін болады. Мұнда жастар үшін неке сарайы мен жастар орталығы орналасып, олардың аға буын өкілдерінің тәрбиесін алуға мүмкіндіктер жасалады. Жастарға арнап Тереңөзек кентінің көрікті жерлерінің бірі, кіреберістен «Жастар» аллеясы салынды. Жалпы, аудан тұрғындарының 30 пайызын жас буын өкілдері құрайды. Сырдариялық жастар барлық бастаманың басында жүр. Қай салада болмасын, олар белсенді. Жастарымыз мемлекеттік қызмет, білім, мәдениет, спорт және басқа салаларда жетістіктерге жетуде. Бүгін жыл қорытындысы қарсаңында дәстүрлі «Өрлеу» жастар сыйлығы табысталады. Бұл – аудан дамуына еңбек етіп жүрген жастарға деген қолдауымыздың бір көрінісі. Сондықтан біз сіздерге зор сенім артамыз, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Аудан әкімі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда айрықша жетістіктерге жеткен, елеулі еңбек етіп, аудан көлемінде жастар саясатын жан-жақты дамытуға үлес қосып жүрген 7 жасқа «Өрлеу» жастар сыйлығы мен 100 000 теңге қаржылай сертификатын табыстады. Сонымен қатар, бірқатар жас аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Жастар форумы барысында жастарға концерттік бағдарлама ұсынылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!