Құрметті жас достар!
Баршаңызды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен құттықтаймын!
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз» деп, Сіздерге бүгін мен болашақтың жүгін сеніммен жүктеді.
Аймағымызда жастарға сапалы білім беру, мәдени шығармашылығын қолдау, спортпен шұғылдануына жағдай жасау мақсатында бірнеше әлеуметтік нысандар салынып, пайдалануға берілді.
«Отбасы» орталығы, «Анаға тағзым», «Өнер орталығы», «Оқушылар сарайы» мен «Теннис орталығы», музыкалық колледждің жаңа ғимараты, физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты, «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, барлық ауданда «Руханият» орталықтары жастарымыздың жарқын болашағына қызмет етуде.
УЕФА стандартымен 11 мың орындық жаңа стадион, «Қазақстан халқына» Қорының демеушілігімен құны 2 млрд 900 млн теңгеге мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қарқынды жүруде. Сыр халқы асыға күткен нысандар алдағы қыркүйек айында пайдалануға беріледі.
Көпбейінді «Qyzylorda Arena» спорт кешенінің құрылысы қарқынды жүруде.
Аймақ жастарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылдан бері «Сыр жастары» өңірлік тұрғын үй бағдарламасы» жүзеге асырылуда.
Жыл сайын сұранысқа ие мамандықтар бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға облыс әкімінің 100 гранты тағайындалуда. Бүгінге дейін 1 460 жас түлек грант иегері атанды.
«2025 жылға арналған Қызылорда облысының өңірлік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде 6 мыңға жуық (5882) жас жұмыспен қамтылды. 252 жас маман жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін қайтарымсыз грант иегері атанды.
Бүгінде Сыр өңірінің жастары қайсарлығымен, белсенділігімен, еліміздің дамытудағы қарымды істерімен сенім үдесінен шығып келеді.
Аймақта атқарылған игілікті шаралардың барлығында облыс халқының үштен бірін құрайтын жастардың үлесі ерекше.
Құрметті жалынды жастар!
Баршаңызды жұдырықтай жұмылып, күш-жігерлеріңіз бен еліміздің, туған жеріміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек етуге шақырамын.
Ел үмітін ақтап, Тәуелсіздігімізді баянды етеді деп сенемін!
Алдағы барлық бастамаларыңызға сәттілік тілеймін!
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!