Қаланың сол жағалауында жаңадан ашылған облыстық тарихи-өлкетану музейі шаһар шырайын аша түскендей. Қасиетті Сыр өңірінің баға жетпес тарихи-мәдени мұрасын сақтау және кеңінен насихаттау мақсатында салынған жаңа ғимарат заманауи құрылғылармен жабдықталып, технологиялармен қамтамасыз етілген. Өткен бейсенбі күні қалам, қағазды қолға алып, жаңа ғимараттың тыныс-тіршілігімен танысып қайттық. Басты мақсат – сондағы құнды экспонаттармен кеңінен танысып, оқырманға насихаттау.
Расымен музей – ұлттық мұраларымызды қастерлеп, ұрпақ санасында ұлықтаудың негізгі тетігі. Бүгінгідей алмағайып заманда қызылды-жасыл көз арбап, санамызды улап жатқаны соншалық, өткенімізге зер салуға құлық танытпаймыз. Алайда мемлекеттің басты байлығы адам деп танысақ, сол адамның тұлға болып қалыптасуына құнды көне қолжазбалар мен жәдігерлер оң әсер етері хақ. Тарихын танып өскен елден ұлтын сүйетін ұлағатты ұрпақ тарайтыны белгілі.
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Ал қатпарлы тарих бетінде таңбаланған ғасырлар қойнауы ғажайыпқа толы кешегі күннің куәсі іспетті.
Жаңа музей кірген сәттен адам жанына жылулық сыйлайды. Ол жылулық өткен күндер естелігін көз алдыңа тізбектеп қойған құдды бір картина іспетті дерсің. Әр бөлімнің өзіне тән экспонаттары баршылық. Олардың пайда болу тарихы бәрі-бәрі кеңінен таныстырылып тұр. Қай бөлімге бас сұқсаңыз да, сол әлемге кіріп кеткендей әсерде боласыз. Біз аялдаған аз уақытта тарихымызды танып, өткенімізді көз алдымыздан өткізіп, көңіл терезесіне тоқып шықтық.
СӨЗ БАСЫ
Халқымыздың асыл мұраларын көздің қарашығындай қастерлеп, келешек ұрпаққа аманаттау жолында тарихи-өлкетану музейінің орны ерекше. Музейге келген әрбір адамның көкірегін түрлі сауал тербеп тұрады. Сонау ғасырлар қойнауынан инемен құдық қазғандай әрбір экспонатты көз майын тауысып зерттеп-зерделеп, музей төріне табыстау үлкен еңбекті қажет етері анық.
Облыстық тарихи-өлкетану музейі алғаш рет Қазақ ССР Жоғарғы Советі президиумының ұйымдастыру комитетінің шешімімен 1939 жылы құрылған болатын. Сол кездегі музейдің ең құнды экспонаттары – батыр дулығасы, сауыт, 1853 жылы Ақмешіт бекінісін алуда пайдаланылған зеңбірек ұңғылары, Ұлы Жібек жолының сауда нүктелерінде айналымда болған ақша коллекциясы. Қазір мұндай құнды мұралар қатары жыл сайын толықтырылып келеді.
Музейде кезінде елімізде жұмыс істеген, тарихи орны бар зауыт, фабрикалар, кәсіпорындар туралы түрлі тарихи құнды мәліметтер халыққа кеңінен таныстырылып отыр. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Сыр өңірінен шыққан әулие-әнбиелер, билер мен батырлар туралы насихаттау және олардың тұтынған дүниелерін халыққа көрсету мақсатында «Құнды жәдігер» телевизиялық жобасы қолға алынған болатын. Сондай-ақ музей қорында сақтаулы жәдігерлерді насихаттау және әр жәдігердің тарихынан, оқиғалық желісінен, жасалу технологиясынан, авторларынан мәлімет беру мақсатында «Музей радиосы» атты жаңа жоба жұмыс істеуде.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Үш он жылдық белес» атты экскурсиялар шеруі, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 экспонат» атты ашық аспан астындағы музейге сый акциясы ұйымдастырылды. Аталмыш акция аясында журналист-жазушы Айжарық Сәдібекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетова, еңбек ардагері, оқу ісінің үздігі Жұпаркүл Иманбаевалардың қолданған бұйымдары музей қорына қабылданды. Мұның барлығы тарихи жәдігерлеріміздің толысқанын көрсетеді.
БІР ЖӘДІГЕР ТАРИХЫ
Музейде алғаш назарымызды аударған жәдігердің бірі – әйел әшекейлері. Ол 2016 жылы Үлкен Қаратау жотасының батысында Шиелі ауданы тұсындағы Ақмылтық өзенінің сол жағалауында орналасқан «Бағаналы» қорымынан табылған. Б.з.д 2 мыңжылдықтың ортасында, яғни Андров кезеңі, қола дәуірінің тұсында болған әйел сүйегінің қасынан қолдан жасалған білезік, теңіз бақалшағы, бас киімге арналған алтын жапсырмалар музей қорындағы ең ежелгі жәдігер саналады.
Сонымен қатар аң стиліндегі алтын әшекейді де осында кездестірдік. Соның бірі – 2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Шірік-Рабат» қалашығына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жолбарыс табаны бейнесіндегі бұйым. 2005 жылдан бастап орта ғасырлық қалашықтарға жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 2015 жылы Оғыз астанасы Жанкент қаласынан сырлы құмыра табылды. Археологтардың айтуынша, Хорезмнен әкелінуі мүмкін деген болжам бар. Құмыраның астыңғы жағында араб қарпінде жазылған мың ділда деген сөз бар. Демек, оған мың ділда салынып әкелінді немесе сол бағада сатылған болуы керек. Өйткені, ол замандарда сауда айналымы көп болған.
Біз кезіктірген тағы бір құнды жәдігер – 2001 жылы Арал теңізінің табанынан алынған диірмен. Еуропадағы жел диірменінің баламасы болуы ықтимал деген болжам айтылуда. Көне жәдігердің көлемділігі соншалық, оны түйе немесе өгізбен сүйреу арқылы жүзеге асырған. Мәліметтер дерегіне сүйенсек, теңіз табанында бес ғасыр бойы сол қалпында сақталған.
Музей төріндегі құнды жәдігердің бірі – алтын домбыра. Айтыс ақтаңгері Мұхтар Ниязовтың еншісіне бұйырған бұл мұра облыстық мұражайда сақтаулы. Сонымен қатар өткен жылғы «Алтын домбыра-2025» айтысының жеңімпазы Мейірбек Сұлтанхан ұтып алған алтын домбыра мен Бексұлтан Орынбасаров еншілеген «Күміс домбыра» да музей қорында сақтаулы тұр.
ЖАҢА БЕТБҰРЫС
Жаңа музейдің ашылуы Қазақ АКСР-ның бірінші астанасы – Қызылорда қаласының 100 жылдығына орайластырылған болатын. Музей сандық және мультимедиялық технологиялармен жабдықталған. Музейдің 85 жылдық тарихында алғаш рет типтік ғимарат қор үшін арнайы қоймалармен жабдықталған. Музейдің жалпы ауданы 3255,2 мың м2 құрайды. Бұрынғы ескі облыстық музей 1953 жылы салынған, жалпы ауданы 1655,7 мың м2 бұрынғы қонақүйдің ғимаратында орналасқан болатын. Қазіргі уақытта музей қорында 67 613 экспонат сақталған. Ондағы 25 120 жәдігер – түпнұсқада.
Музейдің жаңа экспозицияларында аймақтың флорасы мен фаунасы, палеонтология, археология және этнография, Қызылорда облысының экономикалық және әлеуметтік-мәдени дамуы көрсетілген. Залдардың тақырыптық құрылымы, жабдықтары мен безендірілуі жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, 3D модельде жасалған.
Бір ерекшелігі, музей келушілеріне қызықты тақырыптар бойынша ақпаратты таңдауға және зерттеуге мүмкіндік беретін интерактивті сенсорлық панельдер, тарихи тұлғалардың өмірбаяндары, археологиялық олжалар, этнографиялық мәліметтер, тарихи карталар мен диаграммалар қойылған. Мәселен, динозаврлар дәуіріне, олардың анимациялық қозғалысына интерактивті саяхат жасалады. Архивтік кадрларды, бейнежазбаларды, анимацияларды және деректі фильмдерді көрсету үшін үлкен залдар мен күндізгі жарықта да қолайлы жарық диодты дисплейлер қолданылады. «Тірі панельдер» немесе мультимедиялық диорамалар деп аталатын интерактивті сахналық композициялар бар. Бұл физикалық объектілер (манекендер, тұрмыстық заттар, модельдер) және цифрлық проекциялардың (бейне, анимация, жарықтандыру, дыбыс) тіркесімі тірі көрініс әсерін тудырады. Мысалы, жауынгерлердің айғайлаған дауыстарын, барабандар дыбысын, қозғалыстағы жебелерді, Аңырақай шайқасын көруге болады.

МУЗЕЙ ҚАНША ЗАЛДАН ТҰРАДЫ?
Музей арнайы экспонаттар топтастырылған залдарға бөлінеді. Мұнда голографиялық проекциялар – үш өлшемді голограммалар мен кескіндерді енгізу арқылы кейіпкерді немесе нысанды ауада тұрғандай көрсетеді. Сонымен қатар ғимараттардың архитектурасын көрсететін голографиялық суреттердің де өзіндік ерекше қырлары көпшілік назарына ұсынылған.
Музейдің тағы бір таңғаларлық жаңа дүниесі – ол тарихи тұлғалардың, қолөнершілердің, көпестер мен дәстүрлі өнер өкілдерінің бейнелерінің гиперреалистік балауыз бейнелерде болуы. Әсіресе, бұл нысандар көрмені жандандырып қана қоймайды, сондай-ақ сол дәуірге толықтай ену әсерін тудырады. Музей инновацияларды, өнерді, ғылымды және дәстүрлерді біріктіре отырып, мәдени мұра мен қазіргі заман арасындағы байланыстырушы буынға айналды. Музейде қажетті ақпаратты, архивтік кадрларды, бейнежазбаларды, анимацияларды және деректі фильмдерді интерактивті сенсорлық панельдер, диаграммалар, интерактивті сахналық композициялар арқылы көруге болады.
«Табиғат және палеонтология» залында Сыр өлкесінің Мезозой кезеңі, бор дәуірімен мерзімделетін Шах-шах төбесінен табылған динозаврлар мен өсімдік қалдықтары, мұз дәуірінде өмір сүрген мамонттар мен бұғы сүйектерінің қалдықтары және өсімдіктер мен жануар түрлері қойылған. Экспозиция Триас, Юра, Бор кезеңдері, Қызылорда облысының табиғаты мен палеонтологиясынан хабар береді. «Археология және сәулет өнері ескерткіштері» залы Сыр өңірінің палеолит және неолит тұрақтарынан табылған (Ақирек, Сексеуіл І-ІІ, Жалғыз ағым тұрақтары, т.б.) тастан жасалған еңбек құралдары, қола дәуірінің ескерткіштері: Бағаналы, Солтүстік Түгіскен археологиялық ескерткіш кешендерінің материалдық мәдениеті, Сақ-қаңлы кезеңі, Ерте темір дәуірінің ескерткіштері: Оңтүстік Түгіскен, Ұйғарақ, Шірік-Рабат, Жетіасар мәдениеті ескерткіштері, Түркі кезеңі оғыз-қыпшақ дәуірінің қалалық мәдениеті Жанкент қалашығы туралы мәліметтер мен археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер қойылған.
ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТАРИХЫ
«Қазақ хандығы мен ұлт-азаттық көтерілістер тарихы» залы Қазақ хандығының тарихы, Қазақ хандығының басшылары XV-XVII ғғ, 1643-1756 жж. қазақ-жоңғар соғыстары. Зал экспозициясы Ақ Орда мемлекетінің тарихы, Қазақ хандығының құрылуы кезеңі, ортағасырлық жазба деректер, қазақ-жоңғар соғысының зардаптары, тарихи шайқастар мен Сыр өңірінің батырлары Баймұрат, Сәрке, Сартай, Жылқаман батырлар туралы архивтік деректер, қазақ батырларының қару-жарақтары, қорғаныс жарақтары туралы мәлімет береді. Ресей империясының жаулау кезеңіндегі Кенесары Қасымұлының ұлт-азаттық көтерілісінің қаһармандары Жанқожа батыр, Бұқарбай батыр, Есет батыр туралы тарихи деректерде кеңінен ақпарат айтылады. Келесі экспозициялық зал «Алаш-кеңес зиялылары» залы деп аталады. 1917 жылы құрылған қазақ халқының ұлттық тәуелсіздігі мен мемлекеттігін жаңғырту жолында күрескен саяси ұйым – Алаш партиясы. Алаш қайраткерлері М.Шоқай, С.Лапиннің өмірі мен қызметі, 1925-1929 жж. Қызылордада қызмет еткен Алаш-кеңес қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Қ.Кемеңгеров. С.Сейфуллин, Б.Майлин туралы архивтік құжаттар жинақталған.

ЭТНОГРАФИЯ
Бұл залда Сыр өңірінің этнографиясы туралы баяндайды. Экспозициядан өңір қазақтарының шаруашылығы, қолөнері, салт-дәстүрлері, ұлттық ойындары, музей қорындағы Сыр өңірі қазақтарының зергерлік бұйымдар коллекциясы қойылған. ХІХ-ХХ ғасырлардағы үй тұрмысына пайдаланған бұйымдар, музыкалық аспаптар, ұлттық киім түрлері, ат әбзелдері орын алған.
«Өлке тарихы» залында Ресей империясының Сыр өңірін отарлау кезеңі, Қазалы, Қармақшы, Перовск форттарының салынуы, өлкенің саяси-экономикалық дамуы, Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы, өңірде ауыл шаруашылығының дамуы туралы мәліметтер қамтылған.
МУЗЕЙ – ҒЫЛЫМИ ИНСТИТУТ
– Жалпы, музейді Сырдың тарихи мәдени-әдеби мұрасын сақтап, келер ұрпаққа жеткізуші ғылыми институт деп айтсақ болады. Сондықтан да музейдің 85 жылдық тарихында алғаш рет заманауи типтік үлгіде, жаңа технологиялармен жабдықталған ғимарат пайдалануға беріліп отыр. Бұл аймақ жұртшылығы үшін де, мұндағы әрбір экспонаттардың дұрыс сақталуы үшін жақсы жаңалық болып отыр. Бұрынғы ғимарат та архитектуралық үлгіде тарихи нысан болатын. Оның сақтау бөлмелері өте тар еді. Музей несімен ерекшеленеді? Ол қорындағы экспонаттарымен құнды. Жаңадан салынған музейдің ерекшелігі – арнайы қор сақтау бөлмесінің болуы. Осы секілді өзге де ерекше қырлары бар. Музей қорында 70 мыңнан астам экспонат болса, соны сақтау бұрын қиындық туғызатын. Қордағы сақтаулы дүниелерді жылжымалы көрмеде, болмаса халыққа арнайы көрсете алмаған кездеріміз де болды. Қазір жаңа музейде арнайы археология, этнография бөлімдері ашылып отыр. Мәдениет саласына, оның ішінде музейге арнайы көңіл бөліп, жаңа ғимарат салып берген аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлына үлкен алғыс айтамыз. Барлық экспонат сандық және мультимедиялық технологиялардың көмегімен көрсетілімге ұсынылады. Мұндағы жәдігерлер келушілерге үш тілде таныстырылады. Шет мемлекеттен келген қонақтарға да музей экспонаттарымен толық мағлұмат алып танысуларына мүмкіндік қарастырылған. Бүгінде облыстық музейде 60 маман жұмыс істейді. Сондай-ақ аудандық музейлер де облыстық музейдің филиалдары болып танылады. Жаңа музейдің ашылуының өзі де Қазақ АКСР-ның бірінші астанасы – Қызылорда қаласының 100 жылдығына үлкен сый әрі музейдің 85 жылдық тарихында халыққа үлкен тарту болды деп есептеймін. Көрерменге кез келген уақытта есігіміз ашық. Келіп көрулеріне болады, — дейді облыстық тарихи-өлкеттану музейі директорының орынбасары Жанар Ахметова бізбен әңгімесінде.
СӨЗ СОҢЫ
Иә, музей – кірсең, шыққың келмейтін көне тарих көмбесі. Рухани құндылықтарды сақтап, көне замандардан тамыр тартқан құнды қазына. Мұндағы әрбір жәдігер елдің өткен тарихы үшін, тіпті мемлекет үшін маңызы зор. Атадан балаға аманатталып, көненің көзіндей қастерлі жәдігерлер – игілігі халыққа ортақ құндылық. Қордағы дүниелердің қайсыбірі болсын, ұлт пен ұрпақ алдындағы ұлы байлық саналары анық. Ол өз кезегінде тарихты танып-білуге түрткі болады. Жаңа ғимарат жәдігерлердің жұртшылыққа ұсынылатын үлкен тарихи құттыханасы бола бермек. Біз аялдаған бір күнгі музей жұмысында осыны аңғардық.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ






Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!