Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мен жастарға сенемін!

20.02.2021, 16:00 1476

HALYQLINE.KZ Еліміздің арыстары талай жылдар басын тау мен тасқа ұрып, тар жол тайғақ кеше жүріп, еліміздің болашағы, келер ұрпақтың, яғни біздің, бақытты ғұмырымыз үшін аянбай күресіп табандылықтың, асқан қайсарлықтың , шыдамдылық пен беріктіктің арқасында бізге ұлы байтақ жерімізді мұра етіп қалдырды.

Менің ойымша, көзі ашық, көкірегі ояу кез келген білімді ұрпақ өз Отанын даму жолында аянбай тер төгу керек деп ойлаймын, себебі кез келген мемлекеттің болашағы – білімді жастардың қолында. «Білімсіздің күні қараң» деп бекер айтпаған ата-бабамыз. Қазір бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заманда «алма піс, аузыма түс» деп жатудың өзі әбестік. Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті, борышы.

Мен үшін егемендіктің мәні ерекше. Тәуелсіз елде өскен ұрпақтың еркін ойлау қасиеті және рухы әрдайым биік болатыны сөзсіз. Менің мектебімде тек қана терең білім берумен шектелмей, ұстаздарымыз Отанға, ана тілімізге, салт-дәстүрімізге, тарихымызға деген сүйіспеншілік, құрмет, мақтаныш сияқты сезімдерді бойымызға сіңіріп, патриоттық сезімімізді нығайтады.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты

Мен жастарға сенемін! – деп, Мағжан Жұмабаев атамыз өлең арқылы бізге сенім артып кеткенін байқаймыз, сол сенімді бүгінгі жастар ақтай алдық па? Иә, сенімін ақтай алдық деп ойлаймын, себебі жастардың жүректерінде жалын, намыс, көздерінде от, еліне деген махаббаты,елдің еңсесін биікке көтеретін армандары бар. Осындай жастар өз еліне, ұлтына адал қызмет жасап, мемлекеттің көркеюіне бар күш-жігерін жұмсайтынына, кәміл сенемін.

Қазіргі кезде аға буындар жастарды «ана тілін білмейді, оқымайды, дәріптемейді» деп жазғырады. Иә, ашуларының себебі де жоқ емес. Алайда, бір құмалаққа бола бір қарын майды шіріте салу тағы болмас. Қанша батысқа, шығысқа еліктеп, неше тілде сайрап, ал өз ана тіліне шорқақ болып келетін жастар бар болса да, соншалықты тілдің құрметтеп, дәріптеп, аялайтын жастар да жетерлік. Сондықтан кейбір құрбы-құрдастарымның тілдері шұбарланып, «шала қазақ» атанулары, өкінішті-ақ. Олардың олай аталуының бірден бір себебі: біріншіден, отбасы, екіншіден, өскен ортасы, үшіншіден, өздері кінәлі, деп ойлаймын. Адам біліп тумайды. Өсе келе, дами келе тек көзі емес, көкірек көзі де ашылып, дүниені тани бастайды. Сондайда дұрыс жолды көрсету ата-анасының мойнындағы міндеті, деп білем.

Бүгінгі жас болашақ – Қазақстанның жанды бейнесі. Әрбір жастың алаңсыз, білім нәрімен сусындауына барынша жағдай жасалған. Нұрлы болашақтың даңғыл жолында шабысы қатты тұлпардай жүйткіген Қазақстанның жастары текті ұлттың ұрпақтары екеніне келер күн мен атқан таң бірден-бір куәгері болмақ. Болашақта өз елінің қожасы да, иесі де – бүгінгі мектеп оқушылары. Олар – біздер. Өсер еліміздің өскелең ұрпағы – бүгінгі жастар. Осы жолда біліміміз бен білігімізді, қайратымыз бен қабілетімізді, қажет болса қанымыз бен жанымызды аямай жұмсаймыз. Қорыта келе, Мен – жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді елдің ертеңімін. Сондықтан, жас тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасын қалаушы «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», – деп Абай атамыз айтқандай, кірпіші болып қаланып, ата-баба ерлігі мен рухынан нәр алып, дәстүріне берік болып, Отанымның өркендеп-өсуіне бар күш жігерімді аямаймын.

Ол үшін кемел де терең біліммен қаруланып, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгеріп, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойына сіңіре алған ұрпақ болсақ деп армандаймын. Сонда бізді өзге елдер тани түсер еді, біз өзімізді таныта түсер едік. Өйткені, болашақ – жастардікі.

Гүлдерхан Досымова,

Тарих факультетінің 2-курс магистаранты.

Ф.А.Қозыбақова,

т.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: