Үйдің артында түрік көршіміз тұратын. Күн сайын түрікше әндер шырқап, еліте әкететін, тіпті, жаттап та алатын едім. Таңертең далаға шықсаң, «Гүнайдынды», кешкісін «Буакшамды» шырқап, түрік әндеріне деген махаббатымды оятты. Негізі сабағым түскі уақытта. Бірақ әнші көршілерімнің әніне бола таңертең ерте оянып, ән тыңдап болған соң, қайта ұйықтап кететін едім. Ал бүгін таңертең мүлде басқа дауыспен шырқалған ән ұйқымнан оятты. Апыл-ғұпыл киініп, тысқа шықсам, көршіміздің үйіне 23-25 жас шамасындағы біреу келіпті. Сыртынан бақылап тұрып, сондай тамсандым, ғашық болған да сияқтымын. Махаббат әнін салып жатқаны сондай ұнады. Тек түрікше болды. Бұған дейін түрік тілін білмесем де, естіген әндерімнен жаттап алған сөздер хал-жағдай сұрауға жетіп қалған. Қыз болсам да барып, танысып көруді ойладым. Әуезді ән де, қоңыр дауыс та өн бойымды елітіп жіберді. Не істерімді білмей, сол үйге барудың амалын жасадым. Өмірімде алғаш рет ғашық болғандаймын.
Ең әдемі шыт көйлегімді киіп алып, жай емес, сері жігітпен таныспаққа бет алдым. Түрікше бар білетінім – «мераба» мен «наслысын». Сәлемдесуге жетеді ғой.
– Мераба, наслысын?
– Сәлем, қазақша сөйлесе аламыз, мен қазақпын.
Осы бір ғана сөз менің болашағымды шешіп тастағандай еді. Болашақ күйеуім ретінде көре алған түрік адам қазақ болып шықты. Бұдан асқан қуаныш бар ма?
– Ымм, иә, білемін, түрікшеңізді тексерейін дегенмін, бұл үйге жайша келдіңіз бе, білуімше мұнда түрік көршіміз тұратын.
Ол жымиды да:
– Бұл үйде жақында той болмақшы, мен сонда ән шырқаймын.
Менің арманым орындалды. Өзім қалағандай әнші жігіт қарсы алдымда тұр. Өңім бе, түсім бе деп, шашымды қаттырақ тартып қолыммен сырғыттым да:
– Қолың бос болса, таңғы салқынмен серуендеп қайтайық, – деп ұсыныс білдірдім.
Нағи көптен бері қыз баласынан мұндай ұсыныс алмады ма, әйтеуір сәл кідіріп келісті.
– Біраздан бері бұлай ешкіммен серуендемеп едім, жақсы болды. Батыл екенсің, әдетте қыз баласы бұлай алғашқы қадам жасаудан жасқанатын.
– Несі бар? Ғашықпын демедім ғой, тек серуендеп қайтайық дедім. Мұнда жаңадан келгендерге ауылды көрсету бізде дәстүрге айналған.
– Демек, ғашықсың ғой, иә?
Мен не иә, не жоқ дерімді білмей, тұрып қалдым да, үнсіз жүре бердім. Менің бұл эмоциям Нағидың жүрегін дір еткізгенін сездім. Мен де оның талғамына сай келетін сияқтымын. Бұл кімге ұнамасын? Осы диалог әрі қарай жалғаса берді.
– Кешкісін көрші ауылдағы тойханада той болғалы жатыр. Сені сол тойда күтемін, Зейнеп, ары қарай кешкі салқынмен серуендейік.
– Жақсы, сері жігіт.
Әңгіменің соңы осылай аяқталды. Мен кештің болуын қатты күтіп жүрмін. Нағи да одан кем емес секілді. Тіпті қос жүрек бір-бірінің лүпілін сезе ме, қалай өзі? Сондай әсем дауыста ән шырқайтын жігіттің бой-сойы да, түр-әлпеті де дәл талғамымды дөп басқандай. Енді болашақ күйеуімнің ұсыныс жасағаны ғана қалғандай әсерде жүрген мен отбасы жайлы ойлана бастадым. Бұл ойдың сондай бақытқа бөлейтінін бұрын түсініп білмеген екенмін, өмірімнің ең керемет сәтінде жүргендей болдым. Кеш те боп қалды. Ініме көлікпен көрші ауылдағы құрбымның үйіне жеткізіп салуын өтініп, лезде-ақ келіп алдым. Нағидан хабарлама күтіп, қайта-қайта телефоныма қарай бердім. «Мүмкін той енді басталып жатқан шығар, күтейін» деп, дүкен қасындағы орындыққа жайғастым. Көп ұзамай, Нағидан хабарлама келді.
– Сені осында деген ойдамын, жолығайық.
– Жақын жерде музыка шығып жатыр, сол жер болуы керек, сонда барамын.
– Жақсы, күтемін.
Осы хатты оқығанына бақыттымын. Өмірде неге ер жігіт ғана қыздың артынан жүгіруі керек? Қыздың жігітті ұнатқаны сор емес шығар? Әркім бақытты болуға лайықты. Мекенжайға тез жеттім. Махаббат буы қадамымды жылдамдатып жібергендей. Бір кезде қарсы алдымда Нағи тұр. Қолында – бір тал ғана роза гүлі. Мен бұл гүлді алатын кезде «бар ықыласым мен құрметім, сүйіспеншілігімді бір ғана гүлмен өтей алмаймын, тек шын жүректен қабылда» деген ойда тұрғанын түсініп, гүлді қолыма алдым. Жұпар аңқыған розаны иіскедім де, иығыма қойдым. Не күйде тұрғанымды өзім де біліп ажырата алмадым. Бар білетінім – Нағидың қасында екенім. Уақыт осы сәтте тоқтап қалса ғой деген арман жүзіме күлкі сыйлап, жүрегіме үміт отын жақты.
– Күнің қалай өтті?
– Ойдағыдай.
– Ал мен сондай бір ерекше сезімде жүрмін, – деді жігіт. – Мен өз теңімді тапқан сияқтымын. Көп созғым келмейді. Сен маған ұнайсың…
Бірден осылай болады деп күтпеген мен үнсіз тұрып қалдым да:
– Сен де маған… – дедім жымиып. Сол мезетте әлгі той болып жатқан аумақтан отшашу жағылып, аспан түрлі түске енді. Бәрі-бәрі қос ғашық үшін жасалып жатқандай көрінді.
– Бүгінгі күнімді өңім десе сенбес ем, бұл мен үшін ең керемет түс секілді.
– Бұл – өмір. Бұл – өң.
Махаббатты кім қалай армандайды, ол сондай бейнеде жолығады. Сол үшін оны ең кіршіксіз, ең құрметті сезім ретінде қарай білуіміз керек. Жазушы Лео Бускалья «Махаббат – бұл сіздің жүрегіңіздің басқа адамның жүрегімен соққанын сезіну» деген сөзді шын сезініп айтқан секілді. Расымен, қос жүрек бір арнада соқса, сол – махаббат, сол – ғашықтық. Біз де осы бір үндестікті өзімізден көре алдық. Сол үшін бақыттымыз.
К.ҚҰРМЕТ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!