Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәскеуді бағындырған қазақ жастары

03.12.2020, 12:00 1075

“Халықтың”  коллажы

Осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желілерде қаптап кеткен «WOO DOO MEDIA» ютуб арнасының бейнеролигі жайлы­ естімеген жан жоқ шығар­. Онда Ресейдің атақты әзілкештері қазақтар таланттылығының сыры неде екенін талқылап жатады. Әрине, «мақтангершілік сәуле шашатын болса, Қазақстанның түндері жарық болатын еді» деген сөз бар. Дегенмен, өзге елде жүріп, өз елін танытқан отандастарымыз жайлы сөз қозғау әбестік болмас. Әлем­нің түкпір-түкпірінде талайды таңғалдырып жүрген жерлестеріміз көп-ақ. Алайда осы жолы ресейліктерді таңдай қақтырған қазақ жастарын тілге  тиек  еткелі отырмыз.

Бірде «feyaperizat» подкастында Ресейден білім алып келген Асқар Ілиясовтың естелігін құлағым шалып қалды. «Әлемдегі ең үздік актерларды даяр­лап шығатын университет – Мәскеуде. Себебі, өзге елдердің білім жүйесі осы жақтан бастау алады. Сол үшін де Мәскеудегі университетке түсуді арман­да­дым. Бастапқыда әкем қарсы болды. «Өзіміздің Т.Жүргенов атындағы университетте білім ал» деп ұсынды. Өнерде жүрген азаматтардан ондағы білім­нің нашар екенін естігенмін. Ал мен үздіктерден білім алғым келді. Дегенмен, оған дейін шетел­ге шығып көрмегендіктен барлығы қарсы болды. Оның үстіне оқу ақысын төлейтін ақшам да болма­ды. Сол үшін грант ұтып алудан басқа амалым жоқ еді. Мен түскен жылы 1 грантқа 650 талапкер талас­ты. Солардың арасынан мені лайықты деп таңдады­. Алғашқыда бұл шешім талас-тартысқа айналған. «Жергілікі театрда Чехов секілді орыс кейіпкерлерін ойнатамыз. Кейін диплом бергеннен кейін бұл қазаққа қандай рөл береміз? Одан да сол рөл­дерді ойнай алатын өзіміздің орыс жігіттеріне берейі­к» деген секілді. Бірақ, соңында келісе келе грант маған берілді. Театрға жұмысқа тұрғанда да сондай сындар көп болды. Сонда да мені таңдады. Олардың мені таңдағанының бірден-бір себебі – сол уақытағы Скриптонит, Нұрлан Сабыров пен Джа Кхалиб секілді қазақстандықтардың шеберлігі еді. Олардың түсінігінше, ұлты қазақ болса, одан көп нәрсе күтуге болады». Шынында, Мәскеудің шоу-бизнесін шыр айналдырған қазақтар жайлы қазір барлығы айтуда. Ұлтымызға деген бұрын­ғыдай шовинистік көзқарас жоқ. Керісінше, ондағы­лардың көбісі қазақтарға таңдана қарайды екен. Бұған төмендегі бірнеше азаматтың қосқан үлесі  көп.

Ресейдегі қазақ жастары жайында сөз қозғағанда Әділ Скриптонит жайлы айтпау мүмкін емес. Шынында, Павлодар тумасының тыңдармандары ТМД-да ғана емес әлемнің барлық жерінде бар. Әндерінде әрқашан қазақстандық екенін айтып отырады. Сонымен қатар, басқа «патриоттар» ашық мәселеге көз жұма қарағанда, билікті де сынап,­ халықпен бірге екенін талай мәрте көрсетті. Әділ Жалелов қарапайым отбасында дүниеге келген. 11 жасында рэп жанрына қызығып, алғашқы туындыларын шығара бастаған. Әділдің өзі айтқан­дай бастапқыда оған ешкім сенбеген көрінеді. Тіпті, барлығы кемсітіп, мұғалімдерінің өзі артистік өнер «тамақ» болмайтынына сендірген. Дегенмен, сүйікті ісіне адал болған Әділ ешқашан берілмеген. «Алматыға алғашқы келгенімде студияда түнейтінмін. Оны барлығы білетін. Үйім жоқ екеніне ұялып, ғашығым мені тастап кеткен кездер де болды». Бұл – Әділдің жастық шағы жайлы естелігі.

Қазіргі таңда Әділ өзіне жеке «Musica36» лейблын­ ашып, еліміздегі талантты жастарды тарту­мен айнал­ысып жүр. «Группа Скриптонита» атты топ құрып, айналасына өз отандастарын жинау­да. Нәтижесінде, Truwer, 104 және т.б. қазақ жастары Ресей шоу-бизнесіне аяқ басқан болатын.

Ресейдегі танымалдылық жағынан Әділмен бәсекеге түсе алатын бірден-бір әнші – Бахтияр Мамедов. Дүйім жұртқа Jah Khalib лақап атымен танымал рэпер де Қазақстанда туған. Алматы қаласында дүниеге келіп, Құрманғазы консерваториясында білім алған Бахтиярдың жұлдызы Ресейде жанды. Қазіргі таңда ТМД елдеріндегі ең атақты рэперлердің бірі туындыларында өз отаны жайлы жылы еске алады.

– Мен өзімді атақты деп есептемеймін. Сонымен қатар, өз Отанымның патриотымын. Сол себепті­ де  лейблдармен  келісімшартқа  отырудан бас тартып жүрмін. Менде жалғыз лейбл бар – ол Казақста­н! – дейді  Бахтияр.

Көпшіліктің көңілінен шыққан «Медина» әнінің бейнебаяны Қазақстанда түсірілген. Оның режиссері болып Ресейді бағындырған тағы бір талан­тымыз Айсұлтан Сейітов танылды. Ол туралы­ толығырақ төменде айтатын боламыз.

ТМД елдерінде аты көпке жайылған тағы бір отандасымыз – Нұрлан Сабыров. Соңғы мәліметтер бойынша, ютуб арнасында Нұрлан жүргізетін «Что было дальше» шоуы Ресейдегі ең қымбат шоу ретінде танылған. Степногорск қаласының тумасы­ Нұрлан да қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан әзілге бейім болған ол қалалық КВН сайысында өнер көрсеткен. Мектеп бітіргеннен соң, ҰБТ-да шекті балдан аса алмай қалғанын күліп еске алады. ЖОО-да оқуға бекінген Нұрланның алдын­да күтпеген жерден ресейлік университетке грант негізінде оқуға мүмкіндік туған. Сонда барып­, Нұрланның жұлдызы жанды десек те болады.­ 2018 жылы Нұрлан елордамызда арнайы концерт берген болатын. Одан бөлек, өзінің Stund Up кештері мен ютуб арналарында, сұхбаттарында Қазақстанды жиі есіне алып отырады.

Айсұлтан Сейітов. 23 жастағы жас жігіт Ресейдегі көптеген хиттың бейнебаянын түсірген. Қазіргі таңда жоғарыда атап өткен қос әншімен де тығыз байланыста. Айсұлтан режиссерлық еткен бейнебаянның қаралымы жүздеген миллионнан асып, сарапшылардың оң бағасына ие болып жатыр. Соным­ен қатар, жас режиссер әлемдік деңгейдегі рэперлердің де бейнебаянын түсіреді. Халық­аралық деңгейдегі сыйлықтарға да ұсынылып жүр.

Ресейде шоу-бизнесте ғана емес, спорт айналасында да сәтті өнер көрсетіп жүрген жастарымыз жетерлік. Соның бірі – Бахтияр Зайнутдинов. Таразд­ан шыққан талант 17 жасында ауыр жарақат­ алып, мамандар футболды ары қарай жалғастыруы екіталай екенін айтқан. Операцияға қажетті қаражатты достары мен бапкерлері жинап беріп, Алматыда жасатады. Бір қызығы, ондай ауыр жарақатты­ Еуропаның беделді ауруханаларының өзі толықтай емдей алмайды екен. Дегенмен, жігерлігі мен еңбек­қорлығы арқасында Бахтияр қазір Ресейдің ең үздік клубы ЦСКА-ның негізгі құрамында жүр. Мамандар отандасымызды осы трансферлік маусым­дағы ең сәтті ауысымға бағалауда. Аз ғана уақытта көптеген позицияда ойнап үлгерген фут­болшы өзінің универсалдығының арқасында көп­тің ықыласына бөленіп жүр. Шабуылда да, қорғаныста да бапкердің міндеттемесін толықтай орын­дап­ жүрген Бахтияр – қазіргі таңда ұлттық құрамадағы ең қымбат ойыншылардың бірі.

Одан бөлек, Назима Жәнібекова, Анатолий Цой, Мөлдір Есембек, Мұхаметәлі Ахметжанов, Мади Токтаров, Медет Шаяхметов секілді көптеген жас өнерпаздарымыз бар. Бұл әлемді бағындырудағы жолдың басы ғана. Иә, жоғарыда атап өткендердің кейбіреуі қазаққа жат қылықтармен танылып жатады, кейбіреуі ана тілін толық біл­мейді. Дегенмен, ел, ұлт ретінде қалыптасып келе жатқан қазақты әлемдік аренаға шығарудағы еңбектері елеулі екені жасырын емес. Осы жастардың ықпалымен еліміздегі өнер, мәдениет қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары отандастарымыз әлемге танымал премияларды жеңіп алып жатыр. Атап айтқанда, «MTV Video Music Awards» премия­сын Димаш Құдайберген жеңіп алса, ақсулық Иманбектің туындысы «Грэмми» премиясындағы үздік ремикстер қатарына қосылды. Талантымен соңғы жылдары ұлтымызды танытып жүрген жастар көп. Бабы мен бағы қатар келіп, топ жарған жас­тарымыз ағысын тауып кетті. Дегенмен, қолдауды қажет ететін жастар да аз емес. Өнер мен мәдениетке деген көзқарасты өзгертіп, биліктен шын таланттыларға сәл қолдау болса, көп ұзатпай «Оскарды» да алып қа­лармыз…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: