Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Келінтөбеде ауыл жастарына арналған спорт кешені пайдалануға берілді

14.01.2026, 19:41 28

Жаңақорған ауданына қарасты Келінтөбе ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне берілді. Спорт нысанының ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясының өкілдері, зиялы қауым мен ауыл ақсақалдары қатысты.

Салтанатты жиында аймақ басшысы ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту өңір саясатының басым бағыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы жылдары Қызылорда облысында спорт инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауыл – біздің алтын бесігіміз. Ауылдағы тіршілік сапасын жақсартпай, жалпыұлттық дамуды елестету мүмкін емес» деген болатын.

Президентіміздің аймақтардың әлеуетін арттыру, тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, оларды елдегі саяси-экономикалық процестерге белсене қатыстыру жөніндегі бастамалары стратегиялық маңызға ие.

Өңірде тұрғындардың бұқаралық, кәсіби спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуда. 2022 жылдан бері 23 спорт нысаны салынды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 4 спорт кешені табысталады.

Бүгін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 393 млн. теңгеге бой көтерген дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне айналады. Ғимаратты сапалы салып, мерзімінде аяқтаған құрылысшыларымызға алғыс білдіреміз.

Жаңа нысан дені сау ұлт қалыптастыруға қызмет етіп, осы жерден еліміздің көк туын әлемдік ареналарда желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жаңа кешен ауыл тұрғындарына спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік бермек. Мұнда балалар мен жастарға, сондай-ақ ересектерге арналған спорт секциялары жұмыс істейді деп жоспарланған.

Салтанатты рәсім барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Қазыбек Иса құттықтау сөз сөйлеп, ауыл инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жобалардың маңызын атап өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: