Бүгінгі көзбен қарасақ, жастар расында өз-өзін алға сүйреп, бәсекеге қабілетті болмыс иесіне айналып келеді. Оны көзбен көріп, біразының жұмысына таңданыс тудырып жүргеніміз жасырын емес. Өйткені қазіргі ғылым мен білім, зерттеу жұмысының айналасында жүргендердің көбі – жастар. Тіпті, университет қабырғасында оқып жүріп, оқушыларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап жатқан студенттер де бар. Өзі оқып жатқан мамандықты терең меңгеріп, оны өзгелерге үйретуі артықшылық екені рас. Мектеп қабырғасындағы ұстаздармен тең дәрежеде сабақ өтіп, пәндерді тереңінен оқытуды мақсат еткен жастар түрлі білім беру орталықтарында өзін осы кезден маман ретінде сынап келеді. Газетіміздің кезекті «Тұлпар» бетінде осындай жастар жайында сөз қозғап, өздерімен пікірлесуді жөн көрдік.
Мұндай орталықта жұмыс істейтіндердің көбі – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері. Әр күнді арнайы жоспармен өткізуді алға қойған білім алушылар тек білім алып ғана қоймай, өзі оқитын пән бойынша бала оқытып, ҰБТ-ға оқушылар дайындауда көзге көрініп келеді. Сондай студенттердің бірі – Айшат Құрманбек. Ол осы университеттің химия-биология пәні бойынша 3-курс студенті. Бүгінде «Дарын» білім беру орталығында қос пәннен оқушы даярлап, білгенімен бөлісіп жүр. Сондықтан, Айшатты сөзге тартып, тәжірибесімен бөлісуді сұрадық.
«БИІККЕ ШЫҒУ ҮШІН ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІК ҚАЖЕТ»
«Университет қабырғасында бірінші курс оқып жүрген кезде туыстарымның айтуымен өзімді ұстаз ретінде сынап көргім келді. Солай «Дарын» білім беру орталығына түйіндемемді өткізіп қойдым. Кейін 2-курс оқып жүрген кезімде осы орталық түйіндемем бойынша шақырып, оқушыларға сабақ беруге мүмкіндік сыйлады. Осылай ұстаздық қызметімді бастап кеттім. Расында, педагогтардың жұмысы оңай емес екенін түсіндім. Дегенмен, бала жанының бағбаны болу ерекше сезім сыйлайды. Қазір көптеген шәкіртке жол көрсетіп, алды өзім секілді жоғары оқу орындарында грант иегері атанып үлгерді.
Жалпы, адам баласына өмір бір-ақ рет беріледі. Оны саналы да салмақты етіп өткізу – өз қолымызда. Қатарластарыма қорықпай, өз-өзін сынап көруіне кеңес беремін. Кез келген саланың тек биігінде көріну үшін алдымен адамға қажеті – тәжірибе. Ал өмірлік ұстанымыма келсем, «тоқтаусыз тірлік табысқа да, тау шыңына да жеткізеді» дегім келеді. Болашақта диплом алғаннан кейін жұмыс іздеп емес, мені жұмысқа шақыратын дәрежеде білікті маман болып шыққым келеді. Әрине, ол үшін қазірден тер төгіп, өзгелерге өзімізді дәлелдеуге тиіспіз. Бұл жолда тек мұғалім болуды мақсат ету керек демеймін, жеке даму да алдыңғы орында тұрған жөн. Ол – кітап оқу, саламатты өмір салтын ұстану, арнайы тренингтер мен курстарға қатысу. Мұның белгілі бір нәтиже береріне сенімдімін. Ол үшін Ұлы Абай айтпақшы, «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қажет. Немесе, жай ғана алдыға қойған мақсатқа тынымсыз талпыныс жасау жеткілікті».
«БАЛА ОҚЫТУДЫҢ ТАҢҒАЖАЙЫП ТҰСЫ – ҰЛТТЫ ТӘРБИЕЛЕУ ЕКЕНІН ТҮЙСІНУ»
Университет қабырғасында жүріп, 5 бірдей мемлекетті аралап, Польша мемлекетінде Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімін жетілдіріп келген Алуа Теміржан да бүгінде 150-ден аса шәкірт тәрбиелеп, оларға ағылшын тілінде сөйлеуді үйретіп келеді. «Speak English» оқу орталығында шәкірт тәрбиелеп жүрген Алуа Теміржан өз қатарластарына армандаудан қорықпау керек екенін айтты.
«Оқу орнымның табалдырығын аттаған күні бар кездескен мүмкіндіктерді пайдаланып, биік белестерге жетемін деп серт бердім. Және сол уәдемнің сәтті орындалып келе жатқанына қарап мақтаныш сезімі оянады. 3-курс кезінде Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Польша мемлекетінің Лодзь университетінде 5 ай білім алдым. Европаның білім беру тактикасын бойға сіңіріп, сол жақтың менталитетімен танысқан және 4 ел аралап келген соң, өз елімнің жастарымен білгеніммен бөліспеске болмас деп шештім. Қазіргі таңда оқуыммен қатар «Speak English» орталығында мамандығым бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтаудамын. Жұмыс барысында түрлі адамдарды жолықтырдым. Жүздеген оқушы және олардың ата-аналары дегендей. Оқушыларым жақсы нәтижеге қол жеткізіп, «біз сізден шабыт аламыз» деп алғысын жаудырғанда қанатым кеңге жайылып, мамандығыма махаббатым ашыла түседі. Сонымен қатар, арасында түсініспеушіліктер де болып, конфликт орын алып тұрады. Сондай сәттерде мұғалімдік қызығы мен шыжығы қатар жүретін мамандық екенін түсіндім. Бастапқыда мәселе туындай салысымен бәрін тастап, тек сабағыммен айналысқым келетін. Бірақ бұл «мәселеден қашу» екендігін түсіндім. Қоғамда өмір сүріп жатқан соң, ерте ме, кеш пе, бәрібір әртүрлі адамды кезіктіресің. Ал, біз кез келген мәселенің көзін тауып, оны өз бетімізше шешіп үйренуіміз керек деп ойлаймын. Бұнымен не айтпақпын? Университетте білім алған өте дұрыс және әрдайым үздіктер қатарынан болуға ұмтылу қажет. Және де жұмыс істеуге де асық болып, сол білімді тиімді түрде іс жүзінде пайдалана білу керек. Сонда ғана мына өмірге тез бейімделіп, ешкімге тәуелсіз, білімді, өз ой пікірі дамыған тұлға ретінде қалыптаса аламыз.
Бала оқытудың таңғажайып тұсы – ұлтты тәрбиелеу екенін түйсіну. Осы дүниені ойға алғаннан-ақ, педагогикалық жолды таңдағаныма қуандым. Себебі, білімге құштар, ұлтжанды, жан-жақты, сырт елдің мәдениетімен танысуға қызығатын жастардың санын арттырып, оларға жол нұсқауды мақсат етіп келемін. Және бұл олардың ел игілігі үшін оң қадам жасайтынына ықпал тигізері сөзсіз».
«ОРАТОРЛЫҚ ӨНЕР ЖЕТКІНШЕКТІ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ»
Жастарды мемлекеттің негізгі қозғаушы күші дегенді жиі айтамыз. Бұл сөздің дәлелін де жоғарыда келтіріп өттік. Бірақ мектеп кезінде тұйықталып, көптің алдында өзін жабық ұстайтын өскін келешектің кілтін алған уақытта біз ойлаған белеске шыға алмауы мүмкін. Сол үшін оларға оратор болудың қыр-сырын үйретіп, қоғам алдында ашық адам болуына жағдай жасалуы керек. Ендігі кейіпкер Айжан Орынбасар – ел алдында еркін сөйлеп, ойын ашық жеткізетіндерге жол нұсқап жүрген білікті оратор. «Айзере» балаларды дамыту орталығында ораторлық курс өткізетін маман 85 жылдық тарихы бар киелі оқу орнының 3-курс студенті. Облыстық «Ақиқат» саяси пікірсайыс клубына жетекшілік ететін Айжан ораторлық өнер бала кезінен бойынан табылғанын айтты.
«Мектеп табалдырығынан көптеген іс-шарада белсенділік көрсетіп, көптің алдында кібіртіктемей сөйлеуге шебер болдым дей аламын. Өйткені бастауыш сыныптан бастап, сөйлеу мен өз ойымды жеткізуден қиындық көрмедім. Осы арқылы бүгінде жас жеткіншектерге оратор болудың қыр-сырымен бөлісіп жүрмін. Өз жақындары мен достарының арасында тұйық өскен адам кейін де ел алдында жайдары жүруі екіталай. Тіпті өз таныстарым мен туыстарымның арасында осы ораторлық өнерді қажет ететін балалар бар. Бұл үшін арнайы маман болмаса да, оларға жол нұсқап, сөз өнері жайында аз-кем білгенімен бөлісетін адам керек екенін түсіндім. Сол үшін «Айзере» балаларды дамыту орталығында ораторлық курс өтіп, бүгінге дейін 50-ден аса баланы өз ойын ашық жеткізіп, ораторлығын дамытуға үлес қостым десем, артық емес.
Бұл сабақтарды жасамас бұрын, алдымен мұндай балалардың ойлау деңгейін, психологиялық жағдайы жайында біраз ізденіп, ақпараттармен таныстым. Содан кейін логопедиялық жаттығулар, психологиялық, импровизациялық тапсырмалар легін құрастырып, ораторлық курстың алғашқы білім алушыларымен жұмыс істедім. Нәтиже жақсы. Жақында ғана ораторлық сабақтарға қатысып, жан-жақты ойлау қабілеті тәп-тәуір деңгейге көтерілген оқушым республикалық ғылыми жобалар жарысы мен олимпиадалардан жүлделі орындарды иеленіп жүргенін естігенде бұл сабақтың расында әсер етіп жатқанын түсіндім. Ораторлық өнер әрбір адамға қажет. Бұл өзім оқып жатқан мамандығыма қатысы болмаса да, қоғамдағы томаға-тұйық балалардың жайын көріп отырып, жайбарақат отыра алмадым. Сондықтан, бұл жұмыс арқылы табыс табудан бөлек, өзімді көппен жұмыс істеуге шыңдап жүрмін. Балаларға да мұндай сабақтардың қажеті рас.
Осы ораторлық қабілетімнің арқасында оқу орнымда белсенді болып, сабағымда үздіктердің қатарынан көрініп, Президенттік шәкіртақыны жеңіп алдым. Студенттік шақта тек білім алып ғана қоймай, білім беруді қатар алып жүру – заман талабы деп білемін. Озық ойлы, сөзге шешендігі қалыптасқан, түсінігі кең жастың болашағы жарқын болатыны сөзсіз ғой. Осы бағытта істеген жұмыстарым өз нәтижесін беріп, жол көрсеткен шәкірттерім шыңға шығып жатса, мен үшін қуаныш, жетістік. Және қазіргі ұстанымым да – осы».
Ердәулет ҚАЛИ
P.S. Бүгінгідей буынды көргенде алғаусыз алғыс айтқың келеді. Себебі ұлтқа қызмет ету жасқа қарамайды. Бұл сөзден кейін жаны қыршынынан қиылған желтоқсаншылардың жайы еске түседі екен. Десе де, қазір заман да, адам да басқа. Бірақ не болса да барлығын уақытында бағалағанымыз дұрыс.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!