Қазіргі жастардың арманы асқақ, талғамы биік. Бірі кәсіпкер болғысы келеді, бірі шетелде оқуды қалайды, енді бірі өз саласының мықты майталманы болуға ұмтылады. Бірақ сол арманның алдынан «уақытым жоқ», «тәжірибем аз», «ақша керек» деген сылтаулар көсе-көлденең шығып жатады. Дегенмен, бір шындық бар. Ол армандар орындалатыны анық, егер сен нақты іс-әрекет қылсаң. Арманың қаншалықты үлкен болса да, ол бірінші қадамды талап етеді. Сол алғашқы қадам – бәрінің бастауы.
Иә, бұл тақырыпты біз жай қозғап отырған жоқпыз. Бүгінде жастар үшін мүмкіндіктер шексіз. Мемлекет тарапынан да, технология тарапынан да қолдау бар. Ең бастысы, әрекетке көшу. Осы мақаламызда біз өз арманын шындыққа айналдырып, кәсіп бастауға тәуекел еткен жастардың тәжірибесін ұсынамыз. Олардан алған кеңес сіз үшін де алғашқы қадам болсын.
Меруерт – білім мен кәсіпті ұштастыра білген іскер ару
Қызылорда қаласында дүниеге келген Меруерт Уәлихан – кәсіпкерліктің қыр-сырын ерте жастан меңгеріп, өз ісінің шеберіне айналған жастардың бірі. Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқып жүріп-ақ ағылшын тілін жетік меңгеріп, бұл білімін болашақта тиімді пайдалана білді.
2018 жылы мектепті бітірген соң, ол Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне мемлекеттік грант иегері ретінде оқуға түседі. Студенттік кезеңде-ақ Меруерт білімін кәдеге жаратып, ағылшын тілі пәнінен репетитор ретінде алғашқы кәсіби тәжірибесін бастайды. Осылайша, ол табыс табудың жолын тауып, өз еңбегімен қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізе бастайды. 2021 жылы университеттің үшінші курсында жүріп, Америка Құрама Штаттарына тіл дамыту бағдарламасы аясында тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Бұл сапар оның кәсіби әрі тұлғалық дамуына үлкен серпін беріп, сол жақта тіл үйрету арқылы елеулі табыс табуға да қол жеткізеді.
Оқу орнын тамамдаған соң, Меруерт Ерболқызы туған қаласы Қызылордаға оралып, өз білімін әрі тәжірибесін іске асыра отырып, «Topstudy.kz» атты оқу орталығын ашады. Бұл орталықта ағылшын, орыс және қазақ тілдерінен сабақ берумен қатар, бастауыш сынып оқушыларын оқуға даярлау жұмыстары жүргізіледі.
Жобасы сәтті жүзеге аса бастаған соң, Меруерт келесі мақсаттарына қарай нық қадам басып, өз армандарын іске асыру жолында талмай еңбек етуде.
— Білім мен кәсіпті ұштастыру арқылы мақсатқа жету әлдеқайда оңай. Өйткені білімің тереңдеген сайын, алдыңнан жаңа мүмкіндіктер ашылады. Оқу орталығынан басталған кәсібім алғашқы нәтижесін бере бастаған соң, өзімді басқа бағыттарда да сынап көруге бел будым. Жаңа салада тәжірибем болмаса да, тәуекелге барып, үлкендер мен балаларға арналған фотостудия аштым. Бұл жоба да әлеуметтік желі арқылы жақсы қарқынмен дами бастады. Парақшамды белсенді түрде жүргізіп, тұтынушы тарту жұмыстарын жүйелі жолға қойғаннан кейін, бизнесті жүргізудің тағы бір тиімді жолын таптым – дайын бизнесті сату. Бұл уақыт пен ресурсты үнемдеудің, әрі жаңашыл жобаларға орын ашудың тамаша тәсілі екенін түсіндім, — дейді Меруерт.
Бүгінде Меруерт әлеуметтік желі парақшаларын дамыту, жарнама беру, оқырман мен тұтынушы тарту салаларын терең меңгеріп, «таргетинг» арқылы тұрақты түрде жұмыс істеп жүр. Оның айтуынша, әлеуметтік желіні дұрыс басқарудың өзі заманауи табыс көзіне айналып отыр.
— Қай сала болсын, өзіңізді сол жерде елестете білу – үлкен батылдық. Сондықтан не бастайын десеңіз де, қорқынышты жеңу маңызды. Ол сала сіздікі болмаса да, бастысы – білім, еңбек және батыл қадамдар, — дейді ол.
Меруерттің табысқа жету жолындағы басты құпиясы – білім мен тілді тиімді пайдалануында. Ол жастарға тек білім алып ғана қоймай, оны өмірде дұрыс қолдана білудің маңызын көрсетіп жүр. Бүгінде ол өз ісін дөңгелетіп, өзгелерге де мотивация болып, білім мен еңбек арқылы армандарға жетуге болатынын нақты мысалмен дәлелдеп келеді.
Азамат – білім орталығын ашқан жас ұстаз
Азамат Мақсатұлы – білім мен еңбекке сүйене отырып, өз арманына жеткен жас жігіт. Ол мектепте үздік оқып, ҰБТ-дан 133 балл жинаған. Мұғалім болу бала күнінен бергі арманы еді. Бірақ жай ғана мұғалім емес. Ол білім арқылы өзгеріс жасауды, жастарға бағыт көрсетуді мақсат етті. Шетелде немесе басқа қалаларда оқу мүмкіндігі бола тұра, Азамат туған өңірінде қалуды шешеді. Себебі оның арманы – аймақтағы жастарды оқыту, өз тәжірибесімен бөлісу. Ол облыстағы жоғары оқу орнына грантпен түсіп, 1-курста-ақ жеке оқу орталығын ашуға бел буады.
— Алғашқы қадамды қорықпай басып, іс-әрекетке көшсең, алдыңнан бәрі ашылады екен. Шынымды айтсам, бұл жолға оңай жеттім деп айта алмаймын. Қорқыныш, белгісіздік, қаражаттың жетіспеушілігі бәрі болды. Бірақ мен тек еңбек пен ақылдың арқасында алға жылжи алдым. Өз салаңды жүрегіңмен қабылдасаң, миыңдағы тосқауылдардың бәрі жойылады, — дейді ол.
Қазіргі уақытта Азамат – небәрі 22 жасында «Qalam» білім беру орталығының құрылтайшысы әрі жетекші мұғалімі. Ол өз орталығы арқылы ҰБТ-ға дайындық курстарын жүргізіп, шәкірттерінің арманына жол ашып жүр. Азаматтың сөзімен айтқанда, «Кедергілер әрқашан болады. Бірақ, шыдау, сынбау, алға басу деген қағидамен өмір сүрсең – жолың ашылады».
Бұл сіздің де жолыңыз болуы мүмкін. Азаматтың табыс тарихы – «жастар тек ірі қалаларда не шетелде ғана жетістікке жетеді» деген стереотипке жауап. Ол туған өлкеде отырып-ақ, білім арқылы қоғамға үлес қосуға болатынын дәлелдеді. Мұндай жастар – ел болашағының тірегі.
Нұрсұлтан – бала арманын кәсіпке айналдырған жігіт
Адам арманына сеніп, нақты қадам жасағанда ғана нәтиже көреді. Бұған Қызылорда өңірінің Абай ауылынан шыққан жас кәсіпкер Нұрсұлтан Акимовтың өмірі дәлел бола алады.
Кәсіпкерлікке деген қызығушылығы студенттік кезден оянған Нұрсұлтан алғашында шағын азық-түлік дүкенін ашып, сауда-саттықтың қыр-сырын үйренді. Көп ұзамай ол киім дүкенін де іске қосып, тұтынушы сұранысына сай тауар ұсынуды меңгереді. Жинаған тәжірибе мен табыстың арқасында Қызылорда мен Алматы қалаларынан пәтер сатып алып, жылжымайтын мүлікті жалға беру ісін кәсіпке айналдырды.
Қазір Нұрсұлтан – бірнеше бағытта табысты жұмыс істеп жүрген көпқырлы кәсіпкер. Ол тек табыс табумен шектеліп қоймай, айналасына жұмыс орындарын ұсынып, жастарға кәсіп бастауға кеңес беріп жүр. Оның айтуынша, «ең бастысы, қорықпай бастау, ал қалғаны табандылықпен келеді».
— Өзім дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Бұл салада да жұмыс істеп, тәжірибе жинап көрдім. Бірақ адам жүрегінің қалауы ешқашан жай жатпайды екен. Бала күнімнен өз кәсібім болғанын қалайтынмын. Сол арман мені алға жетеледі, — дейді Нұрсұлтан Абайұлы.
Ол алғашында қала маңынан азық-түлік дүкенін ашып, тұтынушылар саны көбейген соң дүкен аясын кеңейтеді. Қосымша қажетті тауарларды сата бастайды. Саудадан береке барын түсініп, киім-кешек дүкенін ашуға бел буады. Екі бағыттағы кәсібі де жемісін бере бастаған соң, тапқан табысын тиімді инвестициялап, жылжымайтын мүлік саласына бет бұрды.
— Қазір Алматы мен Қызылорда қалаларында бірнеше пәтерім бар. Оларды жалға беріп отырмын. Осылайша, бір кезде арман болып көрінген дүниелер бүгінгі күні шындыққа айналды. Адамның ойына қандай мақсат сыйса, оны жүзеге асыру да өз қолында екен, — дейді ол.
Нұрсұлтан Акимов – отыз жастағы кәсіпкер. Оның табысты жолы – кез келген арманның орындалатынына айқын дәлел. Ол өз өмірімен жастарға шабыт сыйлап, табандылық пен қажырлы еңбектің нәтижесінде қандай биіктерге жетуге болатынын көрсетіп жүр. Шын мәнінде, әрбір үлкен жетістік бір кезде батыл жасалған кішкентай қадамнан басталады.
ТҮЙІН. Біз ұсынған кейіпкерлердің өмір жолының әдемі өрнектелуі – олардың арман үшін аянбай, талмай еңбек етуінде.
Әркімнің өмірлік жолы әртүрлі. Біреу тез жетеді, біреу баяу қадамдайды. Бірақ сол жолдың түзу әрі табысты болуы – әр адамның өз қолында.
Арман тек ойда жүретін қиял емес, егер оған сеніп, нақты әрекет етсең, ол өміріңнің шынайы өзегіне айналады. Өйткені табыс пен өзгерістің бастауы – ертең емес, дәл бүгін жасалған қадамда жатыр. Сондықтан жүректегі арманыңды кейінге қалдырма. Бастысы – бастау. Қалғаны ниет пен табандылыққа байланысты.
Оразкүл БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!