Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ақмешіт» домбырашылар ансамблі – Сыр өнерпаздарының ізбасары

10.04.2024, 15:44 482

Арал ауданына жасаған баспасөз турында түйген ойлар мен жағымды жаңалықтар мұнымен біткен жоқ. Сырда туғанның бәріне таныс өнер иелерінің көбі теңіз табанында дүниеге келген. Әлі де Қазақстанды күллі әлемге әйгілі ететін дарынды тумалар өсіп келеді. Оны Сексеуіл кенті, №177 орта мектебіндегі «Ақмешіт» домбырашылар ансамблінің шәкірттеріне қарап түсіндік.

Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын тәмамдаған Салиха Қабделова 2020 жылдың ақпан айында мектепте «Үкілі домбыра» үйірмесінің жетекшісі болып, осы уақытта үйірме жанынан «Ақмешіт» домбырашылар ансамблінің жұмысын бастаған. Алғашқыда 20 оқушы қамтылған үйірмеде бүгінгі таңда 107 өнерпаз ұлттық аспапты үйреніп жүр. Үйірмедегі 56 оқушы – «Ақмешіт» ансамблінің өнерпаздары.

Бүгінде «Ақмешіттің» өнерпаздары жас ерекшеліктері бойынша «Кіші топ» (7-10 жас), «Орта топ» (10-13 жас), «Үлкен топ» (14-17 жас) болып үш топқа бөлінеді.

Ансамбль құрамындағы Амедулла Қадіржан, Тәни Нұрдаулет, Жолдыбай Рустам, Рахметқали Қарақат, Көпберген Әділжан, Қазиева Гүлсезім сынды жеке орындаушылар – республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары. Ансамбль құрамында  үш оқушыдан құралған «Ақмешіт» триосы да үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр. Ол туралы ансамбль жетекшісі айтып берді.  

  • Ашылғанына 4 жыл уақыт болған ансамбль облыстық, республикалық, халықаралық конкурстарда және жекелей орындау байқауларында жеңімпаз атанды. Оқушылар «Құрманғазы», «Дина», «Қазанғап», «Түркеш», «Дәулеткерей» секілді күйшілердің 20-дан астам күйлерін орындап жүр, – деді Салиха Қабделова.

Ердәулет ҚАЛИЕВ,

Сурет  Мұнарбек ӘБІЛҚАЙЫР

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: