Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Желтоқсан көтерілісіне қатысқан Айсара

13.11.2025, 10:20 196

Айсара Қожақ Қазалы ауданы, Майлыбас ауылдық Кеңесіне қарасты «Қазалы» қой совхозының «Алпар» учаскесіндегі шопан Қасым Қалымов пен Күлмараш Әлжанқызының отбасында дүниеге келді. 1978 жылы №100 «Кеңтүп» мектебін бітірген соң, мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады. 1980 жылы  Алматы қаласындағы Қыздар педагогикалық институтының  «Кітапхана және кітапханатану» факультетіне оқуға түсіп, отбасылық жағдайына байланыста  сырттай  оқу  бөліміне  ауысты.

1986 жылы соңғы курста Алматыға қысқы сессияға барғанда 16-18 желтоқсан күндері болған отаршылдыққа қарсы көтеріліске қатысты. 1980-1986 жылдары өзі оқыған мектепте кітапханашы болып қызмет істеді. Кітапханашы болсам деген арман осы мектепте оқып жүргенде ойына келді. Айсара шопанның қызы бол­ғандықтан, совхоз орталығындағы осы мектеп жанын­дағы интернатта жатып оқыды. Сол кезде мектеп кітапханасына жазылып, мектеп бітіргенше тұрақты оқырманы болды. Кітапқа деген құмарлығы мамандық таңдауына  осылайша  әсер  еткен  болатын.

1986 жылдан бастап Қазалы қаласындағы балалар кітапханасында қызмет етті. 2011 жылдан бастап осы бала­лар  кітапханасының  меңгерушісі болып абы­рой­лы  қызмет  атқарып, 2017 жылы зейнеткерлікке шықты. Ұзақ жыл  кітапханада  қызмет  еткен  еңбегі аудан, облыс және  республикалық деңгейде бағаланды. Қазалы­лықтар Айсара­ны ақын ретінде біледі, аудан мен облыс­тық жыр  додаларына қатысып, дәрежесіне қарай  бағасын  алып  жүрді. Тәуелсіздіктің  20  жылдығына орай өткен облыстық «Елім менің» атты байқау­ға қатысып, «Елім менің» кітабына өлеңдері енді. Ғани Мұратбаевтың 105  жылдығына  орай  шығарылған  «Мен Ғани­мын» кітабына Ғани туралы өлеңі енді. Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ретінде облыстық және аудандық  газеттерде журналистердің мақаласына арқау болып елге танылды.  2024  жылы  Қазақстан Республикасының «Алтын  кітап»  энциклопедиясына  енді.

«Қазалы» совхозының Әсет есімді жігітімен бас қосып, бес қызды мәпелеп өсіріп, оқытты. Бес қызының үшеуі  теңін  тауып,  тұрмысқа  шықты. Жұлдыз — Нұрболат, Әйкерім — Ерболат, Гүлдана — Махмуд – үлгілі отбасы­лар. Жиендерінің алды университет бітіріп, қала­ған мамандығымен қызмет істеп жүр. Камшаты Қызыл­орда облыстық филормонияда ұйымдастырушы, Назерке­сі Астанадағы Евразия университетін бітіріп келіп,  Қызылорда  қаласында  жұмысында  жүр.

Айсарадан  сонау Желтоқсан көтерілісіне қалай қаты­сып  жүргенін сұрағанда, есіне біраз нәрсе түсті ме, үнсіз  қалып  барып,  былай  деп  әңгіме  тиегін  ағытты.

«1986 жылдың 17 желтоқсан күні түске жақын оқу корпусының  алды  абыр-сабыр болды. 16 желтоқсан  күнгі  саяси  өзгерістерден  бәріміз де хабардармыз. Рес­пуб­лика басшысы  Д.Қонаевтың  орнына  Колбиннің келуі туралы жатақхана ішінде жастар арасында қызу пікірталас өтіп те үлгерген болатын. Таңертең жатақ­ханалар мен оқу корпустарына «Жүрегіңде намыс оты болса, сағат 3-те алаңға кел» деген шақырулар тастап кеткен екен. Студентердің көбі алаңға кетіп те қалған. Кештеу келген  бізді  мұғалімдер  аудиторияға қамап, бар­мауымызды өтінді. Бірақ группамыз түгел жиналған соң, біз де Брежнев  атындағы  алаңға бет алдық. Көше толы  халық.  Әр  көшеден топ-топ  болып  қосылып жатыр. Алаңға жетем дегенше біздің тобымыздың өзі біраз адам болды. Жолай арамыздағы ересектеу жігіттер «алаңға жеткенде бір-біріңді итермелемеңдер, ашуға бой алдырмаңдар, сабыр сақтаңдар» деп бар білген ақыл-кеңестерін айтып келді. Алаңға жетіп, толқыған халыққа қосылып араласып кеттік. Айнала қоршаған милиционер. Алаңда тұрмыз. Жігіттер мен қыздар қазақ халқы туралы өлеңдер оқып, жалынды сөздер айтуда. Бір мезетте республика­лық компартияның саяси бюро мүшеле­рі мінбеге шығып, жиналған саналы жастарды «ұлтшылдар, бұзықтар, нашақорлар» деп кінәлай сөйледі. Бұл айыптаулар онсыз да толқып тұрған қыз-жігіттер­дің ашу-ызасын тудырды. Келген шенеуніктер  халықтың «қазақтан ел басқаратын бір қазақтың табылма­ғаны ма?» деген  уәжін құлақтарына  ілген  де  жоқ,  тыңдағысы  да  келмеді.

Алаңға сол кездегі Қазақ ССР-ның бас прокуроры Ғ.Елемесов, СССР халық артистері Р.Бағланова мен Е.Серкебаев сияқты аға-апаларымыз келіп, жиналғандарды бірлік пен сабырға шақырды. Олар Д.Қонаевтың денсаулығына байланысты өз еркімен басшылықтан кетіп жатқандығынан хабардар екендігін жеткізді. Жинал­ған халық бұл жағдайды Димаш ағаның өз аузы­нан естуді талап етті. Бұл талап бәрібір ескерілмеді. Алаңдағы халықтың тобыры қалың болды. Жиналған халықтың тарқамайтынын білген болуы керек, милиция мен солдаттарды әкеліп, арқандай керіп, күрекпен кеудемізден итеріп, трибунаға тақалғандарды желкесінен тартып алып кетіп жатты. Бұл істегендері халықтың ашу-ызасын тудырды. Халық легі толастар емес, жан-жақтан жастар алаңға жиналып жатыр. Ел сеңдей соғылысып, теңіздей толқыды. Алматының аспаны күңіреніп кеткендей. Абайдың, Шәмшінің Отан, туған ел, атамекен  туралы  әндерін шымыр аяз бетімізді қарып  тұрса  да  шырқап  тұрдық.

Бір кезде өрт сөндіретін машина халықты бұзып-­жара қасымызға келді. Милиционерлер мінбе үстінен еңке­йіп қыздарды шашынан, жігітерді желкесінен сүйреп машинаға тией бастады. Трибунада тұрған әлдекімдер жиналғандарды камераға түсіре бастады. Микрофон арқылы камераға түскендер түгел оқудан шығарылатынын хабарлап жатты. Алаңда солдаттар сапер күрекпен ұрып қуа бастағанда, екінші жағынан қатарымызды ыдырату үшін өрт сөндіретін машинамен суық су шаша бастағанда жігіттер жағынан: «қыздар, сендер қайтың­дар, не көрсек те біз көрейік» деп  айғайлай  бастады. Бірақ сытылып шығу қайда? Айғайлаған, шыңғыр­ған, жылаған дауыстардан құлақ тұнады. Алаңда  қолында кішкентай қызы бар ана шыдамай «халық­қа неге күш көрсетесіңдер, неге талап-тілектеріне құлақ аспайсыңдар?» деп еді, екі қолынан сүйрелеп алып кетті, сүйреп бара жатқанда «фамилиям Нүркенова, қызым­ды үйге жеткізіңдер» деп мекенжайын айтып үлгерді. Қырғын­ның сорақысы кеш түскенде басталды. Қасқыр тиген қойдай жан-жаққа бытырап қаштық. Алаңда у-шу болып, таяқ жеп құлағанымызды демеп көтеріп алып бірге қашып-пысып жүріп, әрең дегенде алаңнан шықтық. Сол кезде бойымызды үрей мен  қорқыныш  билегені  де  өтірік  емес.

18 желтоқсан күні алаңға тағы бардық. Алаңның ойраны шыққан. Алаңды айнала әскери адамдар қоршап тұр екен. Ақ қардың беті қызыл ала қан, шыршалар жұлынған. Бес-алты адамның басы қосылса жетіп келіп, «сендер тағы да ұйымдасып жатырсыңдар» деп машинаға тиеп алып кетуге тырысып  жатыр.

Институтқа  келсек, бұл жерде де дүрбелең, тексеру, тергеу жүріп жатыр. Алаңда болған біраз қыз институттан шығарылып қудаланды. Сол бір желтоқсанның ызғарлы күндері әлі күнге дейін көз алдымда, жоғарыдағы айтқан КГБ адамдарының түсірген оперативті кадрларына мен де түсіп қалыппын (екі құрбымның ортасында ақ курткамның қалпақшасын киіп тұрмын). Бірақ Құдай сақтап оқудан шығарылған жоқпын»  деп сол қаһарлы  күнді  еске  алды.

Бақытжан  Абдул-ТҮМЕНБАЙ,

Қазақстан  Журналистер  және  Халықаралық  Жазушылар  одағының  мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: