Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жазмыш

28.02.2021, 10:00 472

HALYQLINE.KZ

Жүрегi алып-ұшқан Рысты төрт қабатты еңселi үйге жақындағанда жүрiсiн бұрынғыдан да жылдамдатты. Күш-қуаты кемiп бара жатқанын сезiнсе де, бой-бойы шығып терлеп алқынса да, тоқтамады. Қайта одан сайын өзiмен iштей ерегiсiп, артынан бiреу қуып келе жатқандай аптығын басуға да мұршасы болмай үшiншi қабатқа асығыс көтерiлiп, бiрден есiктiң қоңырауына қол жүгiрттi.

Есiк ашылысымен қол сөмкенi жерге тастай сала, қарсы алдындағы жүзi бал-бұл жанып, құшағын жайып қос қанатын керген ашаң бойлы, бидай өңдi жiгiттiң құшағына сүңгiп кеттi. Талшыбықтай талдырмаш дененi тас қылып құшақтап алып, кекiлдi келiншектiң шиедей ернiне тас кенеше жабысқан Бақберген оны бiразға дейiн босатпады.

Араға күн салып кездессе де бiр-бiрiн қатты сағынысып қалыпты. Екеуi аймаласты. Буын-буынынан әл кете бастаған Рысты:

– Жаным, босатшы, ауа жетпей барады, көтерiп апарып төсекке жатқызшы, – дедi. –Мен ендi өмiрлiк сендiкпiн, бұл жалғаннан сенi ғана сүйiп өтемiн. Күйеудi де, бала-шағаны да сенiң жолыңда талақ еттiм.

– Рысжан, түсiң бiртүрлi болып тұр ғой, не болды күнiм?! – дедi асып-сасқан жiгiт.

– Iшi-бауырым өрт болып жанып, әлiм құрып барады, менi диванға жатқызшы, жаным. – Рыстының дауысы дiрiлдей шықты.

– Қазiр жаным, қазiр. – Бақберген сасқалақтады. Келiншектiң жұқа плащы мен туфлиiн апыл-құпыл шешiп, талдырмаш дененi қапсыра құшақтаған бойда диванға әкелiп жатқызды. Елжiрей шашынан сипалады, емiрене иiскеледi.

Сылқ түсiп жатқан Рысты бiраздан соң көзiн ашты.

– Рысжан, бұлай жата бергенiң болмас, жедел жәрдем шақыртайын. – Орнынан тұра берген Бақбергендi Рысты жеңiнен тартып тоқтатты.

– Керек емес, ұшындым-ау деймiн, ештеңе етпес. Одан да отыр әңгiмелесейiк, – дедi ентiге сөйлеп. – Бүгiн сенiң туған күнiң. Ол – мен үшiн ең үлкен мереке, мерекемiздiң шырқын бұзбайық. Мүшел жасқа толуыңмен құттықтаймын, жаным, бақытты бол, менi ешуақытта да ұмытушы болма, – деді жiгiттiң жүзiне бота көздерi елжiрей, қимастықпен қиыла қарап. Жiбектей жұмсақ саусақтарымен оның көмiрдей қап-қара қайратты шашынан ынты-шынтысымен берiле сипалап жатты. – Мен сенi өлердей сүйдiм, берiле құштым, бұл жалғанда ғашықтық деген сезiмнiң не екенiн сен арқылы сезiндiм. Сол үшiн де саған рақмет, ендi өлiп кетсем де арманым жоқ.

– Не дейсiң жаным-ау, өлгенi несi?! – Бақберген от басқандай шоршып түстi. – Ондай жаман сөздi ойыңа алмашы. Жақсы сөз – жарым ырыс деген. Жақсы сөз айтайық.

– Қойдым, жаным, қойдым, – деген Рысты Бақбергеннiң қолынан тас қылып ұстап алып, қайтадан сылқ түстi. Көпке дейiн көзi жұмулы жатты. Көкiрегi сырылдай ентiгiп жатқан сүйгенiнiң аянышты хәлiн көрiп, жүрегi қан жылаған Бақберген орнынан тұрып кете алмай, бiресе Рыстының маңдайын сипалап, бiресе қолын уқалап, не iстерiн бiлмей отырып қалды. Рысты бiраздан соң көзiн қайта ашты.

– Жаным-ау, әбiржiп кетiпсiң ғой, – деп әлсiз жымиды да, еркелеген ерке баладай бiр қолымен Бақбергеннiң мұрнынан қысып-қысып қойды. Тап-тұйнақтай шағын да жинақы бөлменi жанарымен асықпай шолып, қабырғалардағы кiлемдер мен төсенiштерге, төрдегi өзi мен Бақбергеннiң үлкейген суретiне көз жүгiртiп қарап шықты.

– Мына үйдi сенiң атыңа жаздырғанмын, – дедi содан соң сыбырлап сөйлеп. – Мұны сенен басқа ешкiмнiң де иемденуге хақысы жоқ, үйдiң құжаттары да, менiң алтын сырғам мен сақинам да шифонердiң iшiндегi дипломатта жатыр.

– Қойшы, маған үй де, алтын да керек емес, Рысжан-ау, сен керексiң, – дедi Бақберген.

– Мен оны бiлемiн, – дедi Рысты. – Мен сенiң жүрегiңде мәңгiлiкке қалатынымды да бiлемiн. Сен басқа әйелдермен болсаң да, оларды менiмен салыстырып, ауық-ауық менi ойлайтын боласың.

– Сен қызықсың, Рысжан, алыс жолға кететiн адам құсап сөйлейсiң.

– Оған көңiл бөлме, маған қатты тұмау тиген бе бiлмеймiн, кейде сандырақтап, оны-мұны айтсам кешiр! Сен отырма, ана сөмкенi аш, iшетiн-жейтiннiң бәрi соның iшiнде. Қазiр әлгi қос ғашық Маржан мен Тұңғат та келiп қалар. Бүгiн сенiң туған күнiң екенiн олар да бiледi.

Рысты осыны айтып ауыз жиғанша есiктiң қоңырауы безек қақты.

– Әне, келдi. Есiктi аш. Мен жата тұрайын, – деп Рысты қайтадан көзiн жұмды.

Бақберген есiктi ашты. Келгендер Маржан мен Тұңғат екен. Маржанның қолында бiр десте гүлi бар.

– Ә, именинник, құттықтаймыз, мынау саған, – деп гүлiн ұсынып бетiнен сүйдi.

– Отыз жетi жас қалай, жақсы ма? – Олар ұнжырғасы түскен Бақбергендi кезек-кезек құттықтап, шағын бөлменi мәре-сәре қылды.

– Көңiл күйiң мықты емес қой, – дедi Бақбергеннiң онша жадырамай тұрғанын сезген Тұңғат. – Әлде бiздi жақтырмай қалдың ба?

– О, не дегенiң, Құдай сақтасын! – Бақберген құрақ ұшты. – Төрлетiңдер, күнде келiп жүрген үйлерiң емес пе? Менiң Рысжаным шамалы науқастанып қалып, көңiл күйiм онша болмай тұрған шығар, оған қысылмаңдар. Рысжан шамалы демалып жата тұрсын. Өздерiң төрлете берiңдер.

Қонақтар төрдегi шағын столды жағалай орналасты. Есiк алдындағы толық сөмке ашылып, әп-сәтте дастарқан жасалды. Ендi олар диванда жатқан Рыстыға ауық-ауық көз тастап, отырысты. Қашан бастаймыз дегендей мазасызданды.

– Дастарқан дайын, арақ-шарап құюлы. Бәке, ендi махаббатыңды оятуға болады.

– Шамалы жата тұрсыншы, – дедi Бақберген.

Сол мезетте олардың сөзiн естiгендей Рысты да көзiн ашып, дастарқандағыларға қарай жүзiн бұрды.

– Қос ғашық, амансыңдар ма, келгендерiңе, бiздiң бүгiнгi қуанышымызды бөлiскендерiңе көптен-көп рақмет. – Рысты ентiге сөйлеп, ықылық атып басылды. – Ештеңе етпейдi. Ұшындым ба, тұмау тидi ме, бiлмеймiн, аяқ астынан ауырып қалдым.

Тұңғат пен Маржан орындарынан ұшып тұрып, диванда жатқан Рыстының бетiнен сүйiп, ғашығының бүгiнгi туған күнiмен құттықтады.

– Жаным, арағың құйылды ма, бүгiн бiр iшейiкшi, маған да әперiп жiбер, – дедi ентiккен Рысты. – Менiң бұл дүниеде ең жақсы көретiн адамым, пiрiм, ғашығым, қосыла алмай шерменде болып өтетiн қосағым Бақбергеннiң денсаулығы үшiн тартайықшы. Жаным, туған күнiң құтты болсын, бақытты бол!

– Рахмет, күнiм! – Бақберген Рыстының екi бетiнен сүйдi. – Маған сенсiз бақыт жоқ. Екеумiздiң бақытты болуымыз үшiн! – деп арақ толы рюмкенi тартып жiбердi. Рысты бiр ұрттады да қайтып бердi. Оған Бақберген тiске басар ұсынып едi.

– Тәбетiм жоқ, – деп басын шайқады. – Ал, сендер алаңдамай отыра берiңдер, мен демалайын, мазаламаңдар. Келшi жаным, сүйшi менi! – деп басын еңкейткен Бақбергендi басы-көзiнен өлiп-өшiп сүйiп: – Болды, ендi алаңдамай отыра берiңдер, жаным. Менi оятпай-ақ қой, жақсылап демалайын, – дедi.

– Мақұл, жаным, демалсаң, демал. – Дастарқан толы тағамға тарпа бас салғандар iшiп-жеп iштерiне ел қондырып алған соң кезек өлеңге тидi. Тұңғат өлең айтты.

– Болсақтағы жаңа таныс,

Жүзсек те алғаш қайықта…

Ұшқыр қиял кеттi-ау алыс,

Бұйырмашы айыпқа…

– Қайран Шәмшi, махаббаттың тiлiн дөп басады-ау. – Күнi бойығы iшкен арағы бойына тепкен жеңiлтек Маржан көзiне жас алды. – Мен сендердiң махаббаттарыңа қызығамын, -дедi Бақбергенге.

– Қызыққаны несi, сүйгенiң Тұңғатың бар емес пе, сен қатын да кейде ерiгесiң-ау, осы.

– Қайдағы ерiккен, Тұңғаттың қатын-баласы бар, менiң басым бос, байым жоқ, не балам жоқ, ең болмаса дұрыс мамандығым да жоқ, үйiмдегi әке-шешемдi қалай асыраймын деп таңертеңнен кешке дейiн арқа етiм арша, борбай етiм борша болып аңлығаным итше ырылдасқан қу базар, айтшы, осы да өмiр ме?

– Ау, ендi әр адам өз пешенесiне жазғанын көредi де?

– Сен олай деме Бақберген, менiң өмiрiм өмiр емес, нағыз дозақ. Мына Тұңғат маған әйелi мен бала-шағасын тастап үйленедi дейсiң бе? Үйленбейдi.

– Ей, сен оны қайдан бiлесiң? – дедi тауықтың сан етiн рақаттана шайнап отырған Тұңғат. – Бұл әйелдерге ерiк берсең, айтпайтыны жоқ.

– Қойшы-ей, бәрiбiр үйленбейсiң сен.

– Жеңiлтексiң, саған кейде сене бермейтiнiм де рас, сол жеңiлтектiгiң болмаса, бүгiн-ақ үйленер едiм.

– Әне, айттым ғой. Егер бiлгiң келсе, маған сөз айтушы шалбар кигендер көп, ерегiстiрсең соның бiреуiне тиiп кетемiн, жүр сосын жаман шәпкiң майысып…

Олардың сырын бiлетiн Бақберген Маржанның қызып қалғанын түсiндi. Бұлардың қызып қалса, екеуара ұрыс-керiс шығарып, содан соң бiрге жатып, таңертең ештеңе болмағандай ауыз жаласып отыратындары бар.

– Немене, сендер менiң туған күнiме от ала келдiңдер ме, сөздi қойыңдар, ұрысып қаласыңдар, – деп Бақберген от көсеуге дайындалған Маржанды басып тастады.

– Бағы ашылмаған сорлымын мен, сорлымын. – Маржан Бақбергендi құшақтап ағыл-тегiл жыласын келiп. Маржанның осы бiр мүсәпiр түрiн көрiп, оның үстiне ауырып жатқан Рыстының аянышты түрi жүрегiн сыздатқан Бақберген де өзiн ұстай алмай қосыла жылады.

– Әй, сендерге не болды? – деп өзiн түрткен Тұңғатты мойнынан құшақтаған Маржан оны да өзiне тартып алды. Ең бiрiншi есiн жиған Тұңғат:

– Бақберген, бүгiн туып отырып жылағаның қызық екен, – дедi.

– Өй, мына әйелiң адамды жылатпай қоя ма? – деп, ұялған тек тұрмастың керiмен Бақберген көзiн сүрттi. – Оның үстiне қайдағы-жайдағы еске түсiп, жүйке сыр алдырды-ау, деймiн.

– Қасында Рыстыдай сұлуы бар, iшiп-жемiң мол, бiлдей арақ зауытының қарауылысың, үстiңде мынадай үйiң бар, сенiкi не жылау екенiн түсiнбеймiн, төрт құбылаң түгел болып отырып… – деп Тұңғат кеңк-кеңк күлдi. – Бiздiң әйелдi қойшы, күлетiн жерге жылап, жылайтын жерге күле салады.

– Кетшi-ей, мазақтамашы! – деп Маржан бұрқылдап терiс айналды.

– Әне, бұл сөйтiп өзiңдi кiнәлайды. – Тұңғат ыңқылдады. – Әй, жылауықтарым-ау, жылап болсаңдар құйыңдар, iшейiк, Абылайдың асында шаппағанда, атамыздың басында шабамыз ба, Бақберген дүниеге күнде келе бермес, iшейiкшi дұрыстап… – Бақберген тағы да рюмкелердi толтыра құйды.

– Осы тостты менiң Рыстымның денсаулығы үшiн алып қояйықшы, – дедi Тұңғат пен Маржанға алма-кезек көз тастап.

– Кел аламыз, бұл дүниеде Рыстыдай адал әйелдер көп болса, мына өрт сияқты дүние жасыл баққа айналып шыға келер едi-ау, шiркiн! – деп Тұңғат тартып жiбердi. Маржан мен Бақберген де қағып салды.

– Менде бiр тост бар, – дедi Тұңғат. – Мына менiң ғашығым Маржанның денсаулығы үшiн бiр алып қойсақ қайтедi?

– Жөн, жөн, аламыз. Мен бұл өмiрде осы Маржандай аңқылдақ та ақкөңiл жандарды өте сирек кездестiрдiм. Маржан сенiң денсаулығың үшiн, мына өмiрден шаршама, үнемi жүзiңнен күлкi кетпесiн, Тұңғат екеуiңнiң жұптарың жазылмасын. – Бақбергеннiң осы бiр сөзiнен бойлары жеңiлдеп желпiнгендер тағы бiр-бiрден тартып жiбердi.

– Ех, шiркiн, гитара болғанда ғой, Бәкеңнiң қоңыр дауысынан төгiлген «Тоқтаңыз сұлу қыз су iздеген» әнiн тыңдар едiк, – дедi Тұңғат.

– Гитара дейсiң бе, гитара ағамыздың үйiнде едi, сағат он болып қалыпты, түн жамылып мазалағаным ұят болмас па екен? – деп Бақберген ыңғайсызданғандай болды.

– Ой, сағат он болса, әлi ерте екен ғой, барып кел, бiз Маржан екеумiз де шаруа жасап тастайық…

– Өй, ұятсыз, түн жетпей жүр ме? Ендi дастарқан басында шаруа жасауың қалып едi, – деп Маржан бұрқылдады.

– Сенi жақсы көремiн ғой, мен сорлы, – деп Тұңғат Маржанның бұлқынғанына қарамай қапсыра құшақтап ернiнен сүйдi. – Жаным сол, сенiң бұрқылдағаның да маған майдай жағады.. Ал, Бәке, шап, гитара алып кел. Сен келгенше Рысжан да оянар, үрiп-iшiп, шайқап-төгiп отырайықшы бiр…

Бақберген немере ағасы Қалидың үйiне барып гитара алып, жолшыбай дүкенге соғып, оны-мұнысын арқалап үйiне келгенше түн ортасы болған едi. Қоңырауды басқанымен ешкiм есiк аша қоймады. «Е, бұл ғашықтар шаруаларын реттеуге кiрiскен шығар» деп ойлап, есiктi жәйiмен итерiп едi, ашылып кеттi.

Жарық жанып тұр. Бөлмеде ешкiм жоқ. Бұл кеткенде диванда жатқан Рысты жерде екпеттеп жатыр. Бақбергеннiң жүрегi су ете қалды. Бiр жамандықты сезгендей жүгiрiп келiп: «Жаным-ау саған не болды?» деп жерде жатқан Рыстыны аударды. Бет-аузы ақ көбiкке малынып жатыр екен. Денесi былқ-сылқ етедi. Жаны жоқ. Дереу тамырын ұстады. Соқпайды. Бақберген састы. Сол жерде мастығы тарап кеттi.

– Ойбай-ау, өлiп қалған ба? – дедi. Қос қолымен басын ұстап, iшi әлем-жәлем болып, түрi өрт сөндiргендей күреңiткен Бақберген. – Мен не деген өмiрде жолы болмайтын бақытсыз бейбақ едiм. Он төрт жасымда анамнан жетiм қалып тентiредiм, отыз бесiмде әйелiм өлiп, басым қаңғырды. Ендi мына сүйгенiмнен тағы да айрылдым ба? Не болды, бұл тiрлiк? Қыр соңымнан қалмай шырақ алып түсетiндей не жаздым саған, Құдайым-ау?!

Шыдай алмады. Жылап жiбердi. Дүниенiң асты-үстiне түскендей. Төрдегi қос бейне де беттерiн бұрып терiс айналып кеткендей.

– Бұл не iстегенiң жаным-ау! Менi кiмге тастап кеттiң, кiмге? – Ақыл-есi кiресiлi-шығасылы Бақберген өлi дененi жұлмалады. – Мен ендi не iстеймiн? Әлгi қос жәлеп Маржан мен Тұңғат та отқа менi тастап қашып кетiптi. Әй, соларды да адам деп олармен де дос болдық-ау, оңбағандар-ай. Ондай оңбағандарды атып өлтiрсең – сауап, – деп қос қолымен жердегi жаюлы кiлемдi тоқпақтады. – Қазiр денi дұрыс адам қалды дейсiң бе? Жер бетiнде өңшең санасыз екi аяқтылар қаптаған заман болды. Маған не iсте дейсiң, Рысжан-ау, сен менi тiрiлей өлтiрдiң-ау! Не iстеймiн ендi, не iстеймiн?

Сұлқ түсiп жатып қалды. Басы мең-зең. «Не iстеу керек?» Басы iстемедi. Күнi ертең Рыстының туған-туысқандары әдейi өлтiрдiң десе, қалай ақталады? «Жоқ, ақтала алмайсың? Қалай ақталасың?»

Басы қатты. Бұлай қам-қарекетсiз жата беруге тағы да болмайды. Тiрi адам тiрлiгiн iстеу керек. Сүйiктiсiнiң өлi денесiн жылап жүрiп диванға қайта салды. Үстiне ақ сейсеп жапты. Асып-сасып, абдырап, бөлме iшiн ерсiлi-қарсылы кездi. «Рысжан-ай, менiң туған күнiме дайындаған сыйлығың осыншама көп екен-ау. Менi кiрiптар қылып кететiндей осыншама ақымақ болармысың, жазған-ай!». Сағатына қарады. Сағат он екiге таянып қалыпты. Бөлменi асығыс құлыптап таксилетiп Тұңғаттың үйiне келдi. Ол үйден шашы уда-дуда болып сылыңғыр қара келiншек шығып, Тұңғаттың кеше командировкаға кеткенiн айтты. «Атаңның басы» дедi iшiнен, үрейден басы әңкi-тәңкi болып, не iстеп, не қойғанын бiлмей есеңгiреп жүрген Бақберген «Байының бiр қаншықпен ұйығып жатқанын бiлмей, командировкаға кеттi деп сандалуын қарашы» деді.

Таксилетiп Маржанның үйiне келдi. Көпқабатты үйдiң екiншi қабатындағы үйдiң қоңырауын басқанда, iштегi жарық сөнiп, тым-тырыс бола қалды. Өзi есеңгiреп, әрi әлгiлердiң қашып кеткенiне ызаланып, тұла-бойын алапат ашу буған Бақберген есiктi аяғымен дүрсiлдете тептi.

– Аш! Ашыңдар! – деп қайта-қайта тептi.

– Не болды, соншама айғайлап! Есiктi сындырасың ба? – деп іштен Маржанның дауысы естiлдi.

– Аш! – Есiктi Маржан ашты, арғы жақтан белуарына дейiн жалаңаш Тұңғат көрiндi.

– Ей, оңбағандар, өлген адамды тастап, неге қашып кетесiңдер? – дедi қалш-қалш етiп.

– Бәке, жай сөйле, үй артында кiсi бар, – дедi Тұңғат.

– Кiсi болса, не iстеймiн? Ертең бәрiмiз куә болып, Рыстының өз ажалынан өлгенiн дәлелдеуiмiз керек. Әйтпесе, милициядан көресiмiздi көремiз.

– Бәке, айтқаның дұрыс қой, бiрақ, бұл iске бiздi араластырмай-ақ қой.

– Неге араластырмаймын, сол үйде болғандарың да, Рыстының өз ажалынан өлгенiн көргендерiң де рас. Сондықтан да араластырамын.

– Кешiр, Бәке, – дедi Маржан бiр қолымен гүлдi халатының жағасын сипалап тұрып. – Бiз Тұңғат екеумiз бұл мәселеге араласпаймыз, өз проблемаңды өзiң шеш. Өз бәлең өзiңмен. Бiз сенi де, Рыстыны да көрген де жоқпыз, ол үйде болған да жоқпыз. Тұңғат Қазалыда командировкада жүр. Маржан үйiнде деп есепте, Рыстымен жүрген сен, оған байланысты дау-дамайдан өз басыңды өзiң арашала, бiз көмектесе алмаймыз. Басымызды шатпа.

– Ә, нағыз екiжүздi сайқал екенiңдi бүгiн көрсеттiң бе? – деп күйiп кеткен Бақберген Маржанның бетiнен шапалақпен шарт еткiзiп осып жiбердi. Маржанның басы қабырғаға соғылып, одан жерге тiзерлей құлап, бетiн басып жылап жiбердi.

– Ей, Бақберген жазықсыз адамға неге қол көтересiң? – деп Тұңғат дiкеңдедi.

– Дiкеңдеме, сен куә боласың ба, Рыстының өлiмiне, әлде, басыңды алып қашасың ба?

– Куә болмаймын. Ақымақты тапқан екенсiң. Қарап жүрiп, ел-жұртқа күлкi болып, оның үстiне iшпей-жемей сотталар жайым жоқ.

– Сенi еркек пе десем, табанының бүрi жоқ қатын екенсiң, мә, ендеше! – деп атылып барып, қоқи қораздай таянып тұрған Тұңғатты бiр тептi. – Өлтiрiп кетемiн екеуiңдi де. – Тұңғатты да, Маржанды да кезек-кезек теуiп-теуiп тезегiн шығарып, үйден шықты да бетi ауған жаққа қарай жүре бердi. Қайда барады? Кiммен ақылдасады? Өзi де бiлмейдi. Бұл өмiр оған мәнсiз де мағынасыз бос тiрлiк сияқты болып көрiндi. Ойдан басы қатты. Сағат түнгi бiрден өте таксилетiп немере ағасы Қалидың үйiне келдi. Болған жайдың барлығын да жасырмай ашық айтты.

– Сорлы бала-ау, – дедi оны үнсiз тыңдаған Қали. – Әлгiлерiң басын алып қашты де. Демек, олар куә болмайды. Сен жалғызсың, сенiң сөзiңе қызыл жағалылар өлсе де сенбейдi. Әйел өлiп жатыр. Ең кемi жетi жылды арқалайтын болыпсың. Ұстаса соттайды. Мұның бiр-ақ жолы бар, дереу қашу керек. Бiрақ, республика көлемiнде жүргенiңмен ұстап алады. Сен Өзбекстанға қаш. Сол жақта шешеңнiң бөлесi тұрады. Аты Сапура, соның адресiн берейiн. Бiр-екi жыл бойы тасаласаң, арғы жағын пешенеңе жазғанынан көресiң. Менiң саған басқа көмегiм жоқ.

– Жұмысымды не iстеймiн, аға?

– Сотталайын деп тұрып, жұмысың не қарағым-ау? – Қали күйiп кеттi. – Қараңды батыр. Екi ай өткен соң Бақберген деген iнiм жоғалды деп милицияға өзiм арыз беремiн. Сен ешкiмге көрiнбе, кейiннен хабар өзiмнен болады… Ол жақтағыларға бұл туралы ауыз ашпа, паспортыңды ала кет…

Қорқыныштан дiрдек қаққан Бақберген таксилетiп үйiне қайтып келдi. Жүрегi дүрс-дүрс соғып, қолы дiрiлдеп есiктiң құлыбын әзер ашты. Жарықты жақты. Аяғын шешпестен көптен келе жатқан көк сөмкеге киiм-кешектерiн сүңгiттi. Шифонердегi дипломатты, тиiстi құжаттарын алды. Сол түнi таң ата поезға мiнiп, Ташкент қайдасың деп тартып кеттi.

*     *      *

Рыстының күйеуi арада екi күн өткенде полицияға әйелiнiң екi күннен берi жоқ екенiн айтып арыз түсiрдi. Рыстының жұмысындағылар да iздей бастады. Жаппай iздеу басталып, келiншектiң өлiгi бесiншi күнi, онда да кездейсоқ табылды. Сол күнi әкiмшiлiктегiлер құқық қорғау органдарының қызметкерлерiмен бiрлесiп, Садовая көшесiндегi үйлерге тексеру рейдiн ұйымдастырды. Олардың ондағы мақсаты жылуға, жарық пен көгiлдiр отынға төлемақы төлемеушiлердi анықтау болатын. Олар сол күнi төртiншi қабаттағы бiр бөлмелi пәтерге кiре алмай қайтқан едi. Сол күнi тергеушiлер де Рыстының баратын үйiнiң бiрi – есiгiн ашпаған осы пәтер екенiн анықтаған болатын. Полиция қызметкерлерi көршiлердi куә ретiнде қатыстырып, есiктi бұзып ашып, бес күннен берi бұзыла бастаған Рыстының мәйiтiн тапты. Кездейсоқ өлiмге байланысты жан-жақты тергеу жұмысы басталды.

*     *      *

Бақберген ағасы Қали берген адреспен Ташкент қаласындағы анасының бөлесiнiң үйiне келiп паналады. Жасы елуден асқан Сапура апасы қайдағы мен жайдағыны сұрап мазаламады. Ол кiсiге жұмыстан қысқарып кеткенiн, елде жұмыс табудың қиын екендiгiн, немере ағасы Қалидың жөн сiлтеуiмен осында келгенiн айтты. Апасының балаларының араласуымен жақын маңдағы базардың бiрiне сыпырушы болып орналасты.

Бiрақ, жатса да, тұрса да көз алдынан сүйiктiсi Рыстының аузынан ақ көбiгi ағып өлiп жатқан бейнесi елестеп кетпей қойды. Сондай кездерi көңiлi қатты құлазып, бұл дүниеден мүлдем безiп кеткiсi келетiн. Өмiрден жолы болмай қойғанына налитын.

Он бiр жасында асқар таудай әкеден, он төрт жасында мейiрiм шуағына бөлеген шешеден айырылды. Содан бастап көрiнген жамағайынның босағасына телмiрiп жүрiп ержеттi. Оқуды да iлдалдалап бiтiрдi. Жоғары бiлiм алу пешенесiне жазылмады. Қара жұмысшы болды. Құрылыста еңбек еттi. Көппен бiрге өмiр көшiне iлестi. Сөйтiп жүрiп, құрылысшы қыздардың бiрi Күләшқа үйленiп, соның қолына күшiк күйеу болып кiрiп алды. Алғашында намыстанса да, кейiннен етi үйренiп кеттi. Күләш үшiншi жылға аяқ басқанда бiр қызды дүниеге келтiрдi.

Күләш екеуi бiр шаңырақ астында түтiн түтетiп, бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн жүре берер ме едi, кiм бiлсiн, егер де екi ортаға ажал деген пәле келiп килiкпегенде. Күләш бiр апта науқастанды да, аяқ астынан он жастағы қызы Перизаты мен құдай қосқан қосағы отыз бестегi Бақбергенiн жылатып-еңiретiп бұл фәниден бақилыққа кете барды.

Бақберген бұл өмiрден сол кезде де түңiлген, фәни жалғанның опасыздығын да, тiрлiктiң көрген түс сияқты алдамшылығын да ұғынған, әйел өмiрдегi тiрегi екенiн де, тiрегi құлаған еркектiң күнi қараң екенiн де түсiнген. Күшiк күйеудi ата-енесi мен қайынағалары да қит етсе түрткiлеп, ақыры ол үйден кетуге мәжбүр еттi. Қызы Перизат та мұны әкем едi деп онша емiренген де, ерген де жоқ, қайын жұртында қалды. Бақберген көшкен жұртта ұлып қалған жетiм күшiктей iшi әлем-жәлем болып жүргенде, ет комбинатында iстейтiн ажарлы да сұлу келiншек Рыстымен танысты.

Бiрде оның үлкен қара сөмкенi мықшыңдап көтере алмай бара жатқанын көрiп, затын көтерiсiп, қайырымдылық жасап үйiне дейiн шығарып салған. Жолшыбай танысқан олар бiр-бiрiн ұнатып, тонның iшкi бауындай қоян-қолтық араласып кеткен едi. Оның аяғы үлкен махаббатқа ұласты. Олар бiр-бiрiнсiз тұра алмастай жағдайға келдi. Махаббатын ардақ тұтқан Рысты екеуi жинаған ақшаларына бiр бөлмелi пәтер сатып алып, анда-санда сол пәтерде бiр-бiрiмен сағыныса қауышып тұрып жатқан.

Құдай оны да көп көрдi ме, Рысты да мұны жалғыз қалдырып кете барды.

Екеуiнiң арманы көп едi. Бiр шаңырақ астында түтiн түтетсек, бақытты болсақ деп тәттi қиялмен тамсана таң атырушы едi. Ендi оның барлығы да Рыстымен бiрге өткен шақтың еншiсiндегi тiрлiктей болып, көзден бұл-бұл ұшып кете барды.

Бақбергеннiң түсiнбейтiнi – денсаулығы жақсы Рыстының аяқ астынан ажал құшуы. Оның өлiмi шешiлмей қалған жұмбақ сияқты. Қанша ойланса да басы жетпейдi. Мұның шамалауынша Рысты енесiне, әлде күйеуiне ренжiп, өзiне бiрдеңе жасаған болуы да ықтимал. Бiрақ, ол құпия ендi шешiле ме? Сонда не iстеуi керек? Қашанғы қашып-пысып жүредi? Тұтылса тұқымы тұздай болып, темiр тордың арғы жағынан бiр-ақ шықпай ма? Қой құрысын, оның бетi аулақ.

Осындай ойларды қуалай бастаса, түсi суық жылан көргендей денесi мұздап, қаралай шошынады. Бақбергеннiң iшкенi – iрiң, жегенi – желiм.

Не iстеу керек?

Бақберген шегенiң ұшында жүргендей жанын қоярға жер таппай, қалың ойдың тұманына батып жүрiп жатты. Сөйтiп, жүре берер ме едi, кiм бiлсiн. Жағдай аяқ астынан өзгердi. Жазмыштан озмыш жоқ екен. Бiр күнi базарда қызыл жағалыларға тұтылып, қолына кiсен салынып, туған жерiне тұтқын болып оралды.

Рыстының кездейсоқ, әрi жұмбақ өлiмiнен соң сау басы сақинаға түсiп қашып-пысып жүрген Бақберген қызыл жағалылардың бұрын бiр одақта болып, кейiн тәуелсiздiк алып кеткен барлық республикаларға iздеу салып, оған қоса суреттерiн жiберiп, ала шапқын болып iздетiп жатқанынан бейхабар едi.

Ұзын құрық құтқармады. Тұтылды. Ол арада үш ай өткенде айыпкердiң орындығында отырды. Оған дейiн атбекетi арқылы Рысты марқұмның күйеуi мен енесiне ренжiп, қатты сөздерге келiп, жүз шайысып шектен тыс дәрi iшiп өлгенiн бiлсе де жеме-жемге келгенде шатылған басын арашалай алмады.

Сот процесiнiң үстiнде қабағы түксиген қозы қарын прокурор:

– Айыпкер Бекжанов, әлгiнде ғана оны сүйдiм, күйдiм деп отырған марқұм Рыстының өзiңе алып берген бiр бөлмелi үйiн басы бүтiн иемдену үшiн әдейi дәрi берiп өлтiрген шығарсың, оны немен дәлелдейсiз, жауап берiңiз, – деп шүйлiктi.

– Жоқ, менде ондай ой болған жоқ, ондай ойым болса, тап осы жерде қара жер тартсын, – дедi жаны ышқынып кеткен Бақберген. – Сол күнгi кездесуге Рысты қатты ауырып келдi. Бiрақ, дәрi iшiп келгенiн айтпаса не iстейсiң? – деп жыламсырады. – Сол күнi бiзбен бiрге менiң туған күнiмдi тойлауға Маржан мен Тұңғат та қатысты. Бiз олармен бiраздан берi араласатынбыз. Солар менiң жазықсыз екенiмдi дәлелдей алады.

– Сенiң бiрге болды деген адамдарыңнан түсiнiк алынған. Олар ол күнi басқа жақта болған. Олар сенiң сөзiңдi жоққа шығарып отыр. Демек, айтқаныңның бәрi өтiрiк. Рысты Данаеваның ажалы сiзден болғанын мойындаңыз, азамат Бекжанов.

– Мен мойындамаймын! Жазықсыз адамды соттағанда сiздерге не түседi? – Бақберген жаны мұрнының ұшына келгендей шоршып түстi. – Түсiнбеймiн! – деп өзеуреп сөйлеп орнынан ұшып тұрған Бақбергендi:

– Отырыңыз! – деп артында тұрған мұртты милиционер иығынан басты.

– Iстерiңдi iстеп алып, басыңды алып қашқың келе ме? – дедi төрде отырған бұжыр бет қортық сот. – Сiз өлтiрмесеңiз, сол күнi басқа республикаға қашып кетпей, заң орнына хабарлауға мiндеттi едiңiз.

– Мен қайдан бiлейiн, шынымды айтсам, қорықтым, оның үстiне куә болудан қашып жүрген Тұңғат пен Маржан оңбағандық iстеп сатып кеттi, қайтейiн.

– Досты да таңдай бiлу керек, жiгiтiм, – дедi прокурор. – Ұлы Абай атаң айтпай ма «жаман дос көлеңке, күн ашықта мойныңда, күн жауында қойныңда» деп. Қолыңмен iстегенiңдi мойныңмен көтересiң, саған басқа жол жоқ. Мен адам өлтiруге қатысты айыпкер Бекжановты он жылға кесуге, жазасын күшейтiлген режим арқылы өтеуге үкiм шығаруға ұсыныс жасаймын.

Мұнан соң Бақбергеннiң атбекетi сөз алып, оның қылмысқа қатысы жоғын, қорыққанын, куәгерлердiң басын алып қашқанын көлденең тартып, сотта Бекжановты үш жыл мерзiмге жалпы режимде жазасын өтеуге жiберудi өтiндi. Сот өз үкiмiн шығарды. Бақбергеннiң пешенесiне бес жыл құлып асты қатаң режимде отыру бұйырды. Жазмыш солай болды, өз махаббатының құрбаны болған Бақберген түрмеде құрт ауруына ұшырап, екi жылдан соң о дүниелiк болып, сүйiктi Рыстының соңынан кетерiн бiлген жоқ. Оны алда Ажал деген жазмыш күтiп тұр едi.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: