Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағдыры тұйықталған ұрпақ көбейіп келеді

11.09.2025, 9:20 167

Қазіргі  заманның  жастары – өзгеше ұрпақ. Олар ақпараттың тасқынында өмір сүреді, әлемнің ең алыс бұрыштарымен байланыста, білім мен технологияның дамуына куә болып отыр. Біз бұл дәуірді мүмкіндіктерге толы, жарық әрі таңғажайып заман деп бағалаймыз. Бүгінде кез келген нәрсеге қол жеткізу оңай, ақпарат қолжетімді, байланыс шексіз. Алайда осы мүмкіндіктердің молдығы жастардың тұйықталуына, жалғыздықты жиі сезінуіне де себепші болып жатқандай. Неге десеңіз, қазір бәрі тым жылдам өзгереді, уақыт зымырайды, баға шарықтайды, технология күн сайын жаңарады. Мұндай қарқын жастардың психикасына әсер етпей қоймайды. Интернет арқылы бүкіл әлеммен байланыс орната алған жастар күн сайын түрлі жетістік пен жаңалықтарға куә болады. Бірақ осы ақпараттың көптігі мен салыстыруға мәжбүрлейтін орта олардың қызығушылығын бәсеңдетіп, өзін жалғыз, түсінілмеген сезінуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан қазіргі жастардың ішкі жан дүниесіне үңіліп, олардың шынайы күйін түсінуге тырысуымыз керек. Сондықтан бүгінгі күннің өзекті мәселесі – осы «тұйықтықтың»  себебін  түсініп,  оны  бұзу   жолдарын  іздеу.

Тұйықтық дегеніміз – бұл тек физика­лық  бөлмеге жабылу емес, ең алдымен адамның ішкі әлеміндегі шектеу, ашылма­ған, басталмаған армандар мен үміттер­дің тұралап қалуы. Қазіргі балалар мен жастардың өмірінде бұл тұйықтық – рухани күйзеліс пен қоршаған ортадағы түсініс­пеушіліктің, өзара байланыс пен қолдау­дың жетіс­пеушілігінің салдары  және  әлемжелінің  әсері.

 «Тағдыры тұйықталған ұрпақ» дегенде, біз тек бір ғана ұрпақты емес, қоғамның келешегін, оның ішкі қиындықтарын, түсініспеушілігін және оны жеңу үшін қажет  шешімдерді  айтқымыз  келеді.

Расында да, қазіргі балалар мен жастардың дүниетанымы, ойлау қабі­леті мен іс-әрекетінде айрықша ерекшеліктер бар. Соған сай оларға берілетін тәрбие де күрделеніп барады. Бүгінде осы мәселенің өзектілігі артып, психолог мамандардың көмегіне жүгінетіндер қатары көбейіп келеді. Ал мамандар бұл жағдайға жеңіл қарауға болмайтынын алға тартады. Психолог-терапевт Перизат Бақытжанқызының айтуынша, «Тағдыры тұйықталған ұрпақ» – бұл тек әлеуметтік жағдайдың әсерінен ғана емес, жастардың ішкі әлеміндегі күрделі психологиялық күйзелістің көрінісі. Олар өздерін қоғамның талаптарына сай болуға мәжбүр сезінеді, бірақ кейде сол талаптардан бас тартуға да батылы жетпейді. Кейде ата-­ананың да қысымы тікелей әсер етеді. Нәтижесінде өздерін шексіз тұйықтықта қалғандай сезініп, арман­дарын ұмытып кетеді. Бұл ұрпақтың тағдыры – тек олардың өз өмірі емес, сонымен бірге қоғамның болашағы. Олардың қаншалықты бақытты, сенімді  және  толыққанды өмір сүретіні – біздің  ортақ  жауапкершілігімізде.

— Мұндай жағдаймен бірнеше ата-ана тарапынан кеңес сұраушылар жиі кездеседі. Олардың айтуынша, 10-12 жастағы балалары адамдармен ашық сөйлесе алмайды, тым тұйық, ішкі сезімін сыртқа шығара бермейді. Сонымен қатар, кейбір жасөспірім өз қалауы болмаса, айтқанынан қайт­пайтын қыңыр мінез көрсетіп жатады. Осындай сәттерде ата-аналар өз эмоциясын тежей алмай, ашуға ерік беріп, баланың үстінен басып, билік жүргізуге тырысады. Бұл түсінікті, алайда қауіп­ті реакция. Себебі бала үшін ата-ананың қатты дауысы, ескертуі немесе жазалауы – мәселені шешу емес, керісінше, ішкі күйзелісті тереңдету. Нәтижесінде бала өзіне деген сенімнен айырылып, үлкендерден алыстай бастайды. Психолог ретінде айтарым, мұндай жағдайда ең бастысы, ата-­ана сабыр сақтап, баланың мінезінің астарында не жатқанын түсінуге тырысуы қажет. Баланың тұйықтығы мен қыңырлығы оның еркелігі емес, ішкі әлемінде болып жатқан толқыныстардың, түсініксіз сезімдердің көрінісі болуы мүмкін. Бұл – көмекке, түсінуге деген үнсіз шақыру. Сол себепті, баланың ішкі жан дүниесіне байыппен үңілу, оның әрбір мінезін түсінуге тырысу – әрбір ата-ана мен ересек адам үшін ортақ әрі маңызды парыз. Қарым-­қатынас – тәрбиенің өзегі. Егер бала ата-анасынан қолдау мен жылулық сезінсе, ол уақыт өте келе ашыла бастайды, сенім орнайды, — дейді  Пери­зат  Әкімова.

Сонымен қатар, психолог мамандардың бұл мәселеде өте маңыз­ды кеңестеріне тоқталып өтетін болсақ, мұндай  сәтте  ата-­ана өз  эмоция­сын бақылауы маңызды. Ең алдымен, сабыр сақтаңыз, терең тыныс алып, сәл кідіріңіз,  ашумен емес, түсіністікпен  әрекет етіңіз. Баланың нега­тив эмоциясына сіз де жауап ретінде эмоция­мен жауап берсеңіз,  бұл жағдайды ушықтырады. Егер балаңыз ішіндегісін айта алмай, мінез-құлқымен білдіретін болса, қылықтарына қарай сұрақ қойып, оны сөйлетуге тырысыңыз. Сондай-ақ, күнделікті баламен 15-20 минут тыныш, телефонсыз, шынайы сөйлесуге уақыт бөліңіз. Бұл жерде баланың жасы маңызды емес. Бұл сенімділік орнатуға көмектеседі. Баланы басқа бала­лармен салыс­тыру – оның өзін-өзі бағалауына үлкен соққы. Сондықтан, салыстырмаңыз, қабылдаңыз. Жиі  қамқорлық  таныту  аса  маңызды.

Иә, бүгінде көптеген ата-ана баласының жас ерекшелігіне қарай психолог көмегіне жүгінуге немесе онымен ашық сөйлесуге қысылады. Алайда қазіргі бала – ертеңгі ел болашағы екенін ұмытпауымыз керек. Бізді алаңдататыны – дәл осы жастардың тағдыры. Баланың тұйықталуы, көпшілік ортада өзін еркін ұстай алмауы, ашық сөйлесе алмауы – елеусіз қалдыруға болмайтын маңызды белгілер. Мұндай мінез-құлықты жай ғана «уақытша» деп емес, мәселе ретінде қарау қажет. Себебі бұл – баланың ішкі жан дүниесіндегі мазасыздықтың, түсінбеушіліктің, мүмкін болса, реніштің көрі­нісі. Сондықтан да, ең алдымен, әрбір ата-ана баласымен ашық, сенімді қарым-қатынас орнатуға ұмтылуы, қажет жағдайда маман көмегіне жүгінуден қымсынбауы тиіс. Бұл – әлсіздік емес, керісінше, бала тәрбиесіне деген жауапкершіліктің, сананың, сүйіспеншіліктің белгісі. Бүгінгі жас – ертеңгі  ел  тағдыры.

О.ТЕМІРҒАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: