Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сен жетім емессің…

20.05.2025, 7:00 313

HALYQLINE.KZ

(16 баланы асырап алған Шамахмудов туралы)

Соғыстың алғашқы кезінде жау басып алатын республикалардағы заводтар мен фабрикаларды және жетім қалған балаларды Орта Азия елдеріне көшірген болатын. Жолда оларды жау ұшақтары бомбалағандықтан, кейбіреулерінің құжаттары жоғалып кеткендіктен сөйлей алмайтын және есін білмейтін жас сәбилер аты мен ұлтын да білмейтін еді.

Осындай жетім балалар Ташкентке вагон-вагон болып келіп жатты.

1941-1943 жылдары Өзбекстанға 1,5 млн босқын көшіріліп әкелінсе, оның 400000-ы балалар болса, оның 200000-ы тұлдыр жетім болды. Оларды 643 отбасы асырап алса, 69-сы жетімдер Үйіне орналастырылды.

Сол жетім балалардың 16-сын Ташкент қаласындағы Калинин атындағы артелдің ұстасы Шаохмад Шамахмудов (1890-1970) және әйелі Бахри Акрамова (1903-1987) асырап алаған болатын. Соғыс басталғанда Шаохмад 51 жаста, Бахри 38 жаста болғанымен, екеуінің балалары болған жоқ еді. Соғыс кезінде 13 баланы, соғыстан кейін қаңғыбас 3 баланы асырап алып, бәрін бағып-қағып, тәрбиелеп өсірді.

Ташкент вокзалына жетім балалар келіп жатыр дегенді естіп екі баланы асырап алайын деп келгенде, олардың ішінен ең әлжуаз сары баланы алып кетейін деп жатқанда, алдынан тағы да бір бала тұрып алып: «Ағажан, мені де алыңызшы, мен айтқаныңызды екі етпеймін, барлық жұмысынызға көмекші боламын» дегесін сол күні төрт баланы үйіне алып қайтады. Екінші рет барғанда тағы да төрт баланы алып келеді, үшінші рет әйелімен барғанда бес баланы, оның біреуі шамамен 5 айлық сәбиді алып қайтады. Соғыстан соң көшеде картоп қабығын жеп жүрген қаңғыбас үш баланы да қамқорлығына алады. Осылайша 1б баланы бағып-қағып, адам қатарына қосады, кейін барлығы үйленіп, Шамахмудовтардың шаңырағында бас қосып тұруды дәстүрге айналдырады.

Барлық бұқаралық ақпарат құралдары жариялап тұрғандықтан, бұл отбасы бүкіл КСРО-ға белгілі болды. Деректі фильм, 1962 жылы «Өзбекфильм» «СЕН ЖЕТІМ ЕМЕССІҢ» атты кино түсірді. Жазушы Рахмат Файзи «Ұлы мәртебелі АДАМ» атты роман жазды.

Осылайша, асырап алған орыстар Володя ғана өз фамилиясында қалды. Қалғандары жаңа есім Хабиба, Шухрат, молдован Холида, еврей Юлдаш, Эргаш, қазақ Халима, чуваш Смагул, украин Халидулла, ұлты белгісіз болғандықтан Қорабай, Нығымет (5 айлық бала ғой), Муазима, Хаким, Ұлықбек өзбек, барлығының фамилиясы Шамахмудов болып жазылды. Тек бір баланың ғана әжесі табылды.

1982 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Ш.Шамахмудов «Құрмет белгісі» орденімен марапатталса, Б.Акрамоваға «Батыр Ана» медалі берілді. Ташкент қаласындағы бір көше «Шамахмудовтар отбасы» деп аталатын болды. 2018 жылы осы отбасына ескерткіш орнатылды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі

Суреттер  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: