Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құдайдан жаңбыр тілесең, батпақ кешуге дайын бол

02.06.2022, 9:40 564

 (Бақыт іздеп отбасы құрғандар тағдырынан)

Өмірде түрлі жағдайлар болады. Бірі ажырасып жатса, ал енді бірі өз анасын ұрып-соғады. Мұндай жағдайларды естіп еріксіз шошисың. Бүгінгі күні жаңадан отау құрған әрбір бесінші отбасы ажырасады екен. Айырылысудың себебі көп. Жас отбасылардың өмір қиындығына шыдай алмай, жиі ажырасып кетуіне зиянды әрекеттердің де әсері бар. Өмірден түңілгендердің кейбірі ішімдікке салынып, өміріне қасірет әкелетіндей күйге жетеді. Осы ішімдіктің кесірінен қанша қиындық көрсе де, өз отбасын сақтап қалған жанның оқиғасына тоқтала кетсек деймін. Олар – отау құрғандарына 15 жыл болған отбасы. Кикілжің осы зиянды әрекеттің кесірінен болған. Әйелінің айтуынша…

«КҮНДЕ  СОҚҚЫҒА  ЖЫҒАТЫН»

Жас кезімде өсіп-өнген ортамнан жыраққа тұрмысқа шықтым. Тағдырдың басқа салғанын көріп, 3 баламен бөлек кеттім. Кешкі уақытта күйеуім ішіп келіп, үйге кіргеннен тиісе  бастады. Дәл сол күні ата-енем бір жерге кеткен болат­ын. Неге тиісе бастағанын өзім де түсінбедім. Бір кезде қолымдағы  баланы диванның үстіне лақтырып жіберіп, мені ұрды. Ұрғанына шыдай алмай, балаларыммен үйден қашып шығып үлгердім. Төркінге барайын десем, ата-анам жоқ. Сондықтан пәтер жалдап тұруыма тура келді. Өзім жұмыссыз, балалар­мен үйде отырдым. Бар көңілімді балаларға бөлдім. Олардың болған оқиғадан шошып қалғаны анық. Осылай күндер өте берді.

Бір айдан соң біз тұрып жатқан пәтерге күйеуім келді, кешірім сұрады. Мен ештеңе демей тыңдап тұрдым. Соңында қайта қосылып, үйге қайтуымды өтінді. Мен келісім бермедім. Арада біраз уақыт өткен соң қайта келіп, кешірім сұрап, бізді үйіне алып кетті. Қазіргі таңда, Аллаға шүкір деп айтайын, 4 баламыз бар. Осы балапандарымыздың болашағы үшін отбасымызды сақтап қалдық. Ертеңгі күні  жетім  өспесін  деген  ой  болды.

Кешегі ішіп келіп ұрған күндері мен айтқан сөздерін балапандарымыз үшін ұмытқандаймын. Отбасылық өмірде серігіңді аялап, кешірімді болған дұрыс екен. «Қамшының сабындай қысқа» өмірде қандай қиыншылықтар болса да, Алланың берген сынағы деп қабылдап, сабырлы болған жөн-ақ! Ер адамның қадірін енді түсінгендеймін…

ЕҢ  АЗ  АЖЫРАСАТЫН  ОБЛЫС  ҚАЙСЫ?

Ажырасудың жиілеп бара жатқаны қарапайым халықпен қатар құзырлы органдарды да алаңдата бастады. Бұл мәселеге қатысты мамандар не дейді? Ұлттық Экономика министрлігінің Статистика комитеті Қазақстанда соңғы он жылда ажырасушылар қатарының артқанын айтады. Он жыл аралығында елде 1,5 млн үйлену дерегі тіркелсе, жарты миллионы осы уақыт ішіндегі ажырасушы­лар  сапында  болған.

Адамның тіршілігіне елеулі әсер ететін тағы бір жағдай ол – жұмыссыздық. Ал енді біреулері «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруге бет бұрып, ұрыстың пайда болуына алып келеді. Осы жұмыссыздықтың да кесірінен ажырасып, ұрысып жатқан отбасылар да жоқ емес.

Адамдардың ажырасып кетуіне себеп көп. Соның бір себебі – алып қашу мәселесі. Бұл – бөлек мәселе. Өздері жақын таныс емес немесе қыздың ырқынсыз алып қашып, ақырында ажырасып жататын оқиғалар да бар. Бұл да еліміздегі ажырасу себеп­терінің біріне жатады. Пандемия кезінде осындай жағдайлар көбеймесе, азайған жоқ. Бір көруден ұнатып қалу, бір көруден менің адамым деп білу, отбасының баянды болмауына себеп болып жатыр. Еріксіз неке әрбір қызға да, жігітке де психологиялық соққы болып саналады. Қыз барлығына көндігіп, әрбір ұсақ-түйекке дейін үйренуіне уақыт талап етеді, үйренісе алмағандардың ақыры ажырасу немесе өз-өзіне қол жұмсаумен аяқталып жатады…

2021 жылы елімізде 32,3 мың неке тіркелген. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 13,5%-ға артық.  Ажырасқандар  саны  бойынша Алматы көш басында: 669 ажырасу, 2020 жылмен салыстырғанда 52,4%-ға аз. Ең аз ажырасу – Қызылорда облысында (97 отбасы).

Ерте некеге тіркелу, отбасын құру қай жағынан қарағанда да, материалдық, психоло­гиялық тұрғыдан болсын қиын. Содан келіп, жаңа отбасын құрып отырған жастар ажырасу деген «оңай жолды» таңдап жатады. Сонда халқымыз теңіз толқындары сияқты өмір қиындықтарына неге төзе алмайды, неліктен тағдыр тауқыметіне бой алдырады?! Бәлкім қастерлі қасиеттерінен айырылып қалған болар, әлде рухани байлықтары құлазыған ба?! Әрине оған біржақты  жауап  беруге  болмайды.  Әр  адамның  тағдыры  – өз  қолында.

СЫНАҚ  ЕКЕНІН  СЕЗІНУІМІЗ  КЕРЕК

Алла тарапынан келген әрбір қиыншылық та, шипасы жоқ дерт те біз үшін бір сынақ екеніне сенуіміз керек. Дүниеге келген әрбір адам бақытты болуды армандайды. Ешбір адам ажырасам немесе отбасым ойрандалады деп ойламайды. Біздің өміріміздегі әрбір оқиға – тағдырымыз. Күліп жүрген қыз бен жігітті көрсек бақытты деп ойлаймыз. Ал, ажыраспақшы болғандардан сұрасаң, «ол менің тағдырым емес екен», «мен білмеппін», «білсем үйленбес едім, тұрмысқа шықпас едім» деп шағымданады. Жоқ, олай емес, әрбір қимылдаған шөп, талдан түскен жапы­рақ та Алланың қалауымен болады. Сол сияқты әрбір адам өмірлік жарын менің басыма қонған бақ деп білуі керек. Аллаға сеніп, шын ниетпен сұрауымыз, әр нәрсеге сабырлықпен қарап, шешім қабылдауымыз керек. Шариғатта неке ұғымына, ерлі-зайыптылар арасындағы жауапкер­шілікке аса мән берген. Отбасының тату-тәтті өмір сүруі – өз қолымызда. Әлбетте, Құдайдың  қалауымен.  Десе де, Жаратқаннан жаңбыр тілесек, батпақ кешуге дайын  болғанымыз  абзал…

Ақерке  КЕНЖЕБЕК,

студент

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: