Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаңғыбастың ой-өрісі

04.04.2021, 16:00 767

HALYQLINE.KZ Бір дәулетті кісі қаңғыбастардың өмірін зерттемек болады. Жұпыны киініп, қоқыс жәшігінен пайдаға жарайды-ау деген бұйымдарды қапқа сала бастайды. Сол сәтте бұл жердің де егесі пайда болып, сөзге келмей «кет» деп, кетпесе іс насырға шабатынын қатаң ескертеді. Құр дауласқанмен пайда жоқ екенін білген бай мәмілеге келуді ойлайды. Тіскебасары мен бір шөлмек арақ алып, жылы қабақ таныта қоймаған танысының көңілін табады. Екеуі біраз уақыт әңгіме-дүкен құрады. Ащы суға масайып қалған қаңғыбас үйсіз-күйсіз өмірдің қулық-сұмдығымен таныстырады.

Қандай тұрмыстық заттардан түрлі-түсті металл шығады, қандай құмыралар өтімді, оларды қай жерде қымбатқа өткізуге болатынын баяндап береді.

Өзге қаңғыбастарға қарағанда жолы болғыш екенін айтып, табысты күндерін мақтанышпен еске алады. Қыза-қыза осы жерде жүріп-ақ қазы-қарта, шұжық, тіпті небір арақ-шараптан да кенде қалып жатпағанын айтады. Дәулетті кісі жаңа танысының әр сөзін мұқият тыңдайды. Ойға шомып, үйсіз-күйсіз пендеге қатты жаны ашиды. Ақыр соңында үй-жаймен қамтамасыз етіп, өзіне қызметші етіп алмақ болып «жақын маңда бай біреу тұрады. Соған қызметші болсаң қайтеді? Ақшаңды уақытылы төлейді. Жатар орын да береді. Бар болғаны күнделікті ауланы сыпырып қойсаң болды. Мекенжайын берейін, ертең сөйлесіп көрсеңші» дейді.

Бастапқыда өзін қаңғыбас ретінде таныстырғандықтан өзінің ықыласын ашып айтпай, астарлап жеткізеді. Қаңғыбас сәл үнсіз қалып «сен не мені мас деп отырсың ба? Әлде ақымақ көресің бе? Маған жұмыс тауып беріп, өзің менің қоқыс жәшіктеріме иелік еткің келеді ғой» деп шала бүлініпті…

P.S. «Адам – өз ойының жемісі» деген осы болса керек. Қоқыстың айналасын жағаламай, әлемге басқа көзбен қарап, тереңнен ойлана аламыз ба?! Көп жағдайда пенденің түбіне надандығы жетеді-ау…

Әлеуметтік желіден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: