Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірлік өлең – серігім…

21.11.2024, 8:00 44

НЕ БОЛДЫ САҒАН?!

(Тек  біреуге  ғана  қатысты)

Баланың сөзі батпандай,

Қыздың сөзі кетпендей.

Қоғамдық жер мен көшеде,

Қымсыну деген кеткендей.

Жаман сөз қосып айтпаса,

Жұтқыншағы кепкендей.

Ескерту айтсаң елеріп,

Есірткіні шеккендей.

Еліктеу мен ермелік,

«Егінін» еркін еккендей.

Ұнамсыз түрлі боқ сөздер,

Ұлтымызда жоқ сөздер,

Жат елдерден жеткендей.

Тұрпайы қылық тұқымын,

Санасына сепкендей.

Талбесіктен берілген,

Тәрбиені тепкендей.

Ата-ана берген тәлімді,

Тегешпен жерге төккендей.

Айтқанымды көкешім,

Қабылдама сөккендей.

Тәлімнен қалмай тарылып,

Әдеттен жаман арылып,

Көгерсей, қалқам, көктемдей!

Айналайын, сөйтсейші!

ӨЛЕҢ – МЕНІҢ ӨМІРІМ

Тағдырдың көрдім не бірін,

«Қоласын» да, «темірін».

Өксігімді басатын,

Өлең – менің өмірім.

Өлең – менің бар мұңым,

Өлең – менің тағдырым,

Құс қиялмен қосылып,

Білдірмейтін барлығын.

Жаныма өлең жұбаныш,

Әкелер әп-сәт қуаныш.

Қайғыны кейде сезінем,

Кеткендей ұзап тым алыс.

Құс та тастап кетпейді,

Сапарлас болған серігін.

Өлеңге өзге жетпейді,

Өмірлік өлең – серігім…

«Сөз  бояу»  мен  «көз  бояу»

(қысқа-нұсқа)

Кең өріс алса көз бояу,

Сылдыр бос сұлу сөз бояу –

Ажары бармас ұзаққа,

Азып-тозар тез бояу!

Арзан  күлкінің  ақыры

Жігіттер, ойын арзан,

Күлкі қымбат.

Екі түрлі нәрсе ғой,

Сыр мен сымбат.

Абай

Арзандап қымбат күлкі де,

Тым қарық болдық күлкіге…

Жағымпаз, жалған бос күлкі,

Жарасып тұр-ай «түлкіге».

Сан  мен  сапа

Әдеп бар қалған АТАдан,

Жақсы істі дұрыс атаған.

Ажырап алшақ кетпейік,

Сан «қуып» босқа сападан!

Арман-ай

Сазгер ән жазса шалқытып,

Сезімтал аға Шәмшідей…

Көкке со-на-у қалқытып,

Айтса Роза әншідей…

Әй, арман-ай!

Жас  кәсіпкерге!

Алшыдан түсіп асығың,

Құтты болсын кәсібің.

Бақ, дәулет, ырыс, береке,

Адалдан болсын нәсібің!

Қадыр  ағаша  айтқанда

Ақша – бақыт дегенге сенеміз бе,

Ар мен ұят керек-ті неге бізге?!

Қарапайым халықты қан қақсатып,

Жұртты алдап жемесек өлеміз бе?!

Портал  деген  немене?!

Айтпайын жалған өсекті,

Ақиқат бар-ай өзекті.

Құдай-ау, кесел бойдағы,

Күтпейді ғой кезекті.

Дерт асқынса денеде,

Емдегенге көне ме?!

Сырқат деген сауда емес,

Портал деген немене?!

Алғашқы  сезім

Алғашқы сезім – ақ сезім,

Балауса нағыз нәзік гүл.

Санадан өшпес пәк сезім,

Қағылған қазық мәңгі бұл.

Қазыбек  ӘШІРБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: