Өмір әр адамның алдында сан алуан жол мен таңдау мүмкіндіктерін қояды. Кейде біз өзімізді дұрыс жолдамыз деп ойлап жүріп, адасып, қателік жасаймыз. Кейде сыртқы жылт еткен әлемге қызығып, ең бағалыны – отбасын, сүйіспеншілікті немесе жүректің тыныштығын байқамай қаламыз. Тағдыр – бұл тек кездейсоқ оқиғалар емес, әрбір сәттен сабақ алуымызға мүмкіндік беретін жол. Кез келген сынақ адамды сындырмай, дұрыс бағытқа қайта оралуға үйретуі мүмкін. Төмендегі әңгімелер дәл осыны көрсетеді: тәубеге келген тағдыр, өткен өмірге өкініш және жанға ауыр сабақ берген өмірлік тәжірибе. Олар арқылы біз адамның адасуы, қателігі, өкінуі, бірақ қайтадан үміт табуы – бәрі де тағдырдың бір бөлшегі екенін түсінеміз.
ТӘУБЕГЕ КЕЛГЕН ЖІГІТ
Адам қателеседі. Бірақ әр жүректе бір жарық бар. Сол жарық адамды қараңғылықтан алып шығады. Ол жарық Аянның да жүрегінде жанып-сөнген еді. Жастықтың буы мен еркіндіктің дәмі кейде адамды биікке де, тереңге де апарып соқтырады. Аян да сол ағынға еріп, өмірінің бір кезеңінде қателіктен сүрінді. Бірақ тағдыр сынағы оны сындырған жоқ, қайта оятты.
Қазір әлеуметтік желіде өз өмір жолымен, өткен өкінішімен бөлісетін адамдар көбейген. Кейде мұндай әңгімелерді жұрт «өзін жарнамалау» деп қабылдайды. Алайда, шын мәнінде, олардың көбі кейінгіге сабақ болсын деген ниетпен ақтарылады. Аян да дәл солай. Ол өзінің тәубеге келген тағдырын көпшіліктің алдына ашық жариялады. Оның сөздері талай жасқа ой салып, талай жүректі толқытты. «Менің өмірім сабақ болса, еңбегім ақталды» дейді ол.
Біз бұл оқиғаны қоғамда жиілеп кеткен мұндай тағдырлардан сабақ алу мақсатында ұсынып отырмыз. Кейіпкердің жеке өміріне құрмет ретінде есімі өзгертілді. Аянның оқиғасы – тек бір адамның емес, көпшіліктің тағдыры. Өмір кейде адастырады, бірақ тәубе – әр адамға қайта оралуға берілген мүмкіндік.
Аян ауылдағы қарапайым, момын отбасынан шыққан. Ата-анасы еңбекқор, маңдай терімен өмір сүріп жүрген жандар. Ұлының қалаға оқуға түсіп, үлкен өмірге қадам басқанын мақтаныш көрді. Бірақ қала өмірінің жарқылына еліткен жас жігіт тез өзгере бастады. Әдетте барлық жігіттер де солай бола ма? Аянның жат әдеттерге үйір болуы әп-сәтте-ақ болды. Оны алғашында достарымен көңіл көтеру, кейін ойынхана, қарыз, өтірік – бәрі бір-бірлеп шырмады. Тіпті, бұзақылық жасап, заң аясында да бірнеше тәулікке қоғамдық жұмысқа жегіліп, қамауда да отырды.
Басында жалған сезімнің жетегіне еріп, ләззат алып жүргенімен, кейін тығырыққа тіреліп, артқа қайтар жол табылмай қалды. Сол сәтте ол өзінің қайда, қалай адасқанын түсінбей дел-салдың күйін кешті. Уақыт өте күлкі мен жалған жарқылдың соңында бос қуыс, іштей шаршау ғана екенін ұқты. Бір кездері өмірге құлшыныспен қараған жігіттің жанарынан от өшіп, орнын өкініш пен күйзеліс басты. Әр таңды жаңа мүмкіндік деп емес, тағы бір ауыр күн деп қарсы алатын болды. Денсаулығынан да кінәрат табыла бастады.
Бәрінен де ең қиыны Аянның бұл жүрісі ауылдағы ата-анасының да құлағына жеткен еді. Бір күні ол үйіне оралғанда, анасының үнсіз жылап отырғанын көрді. Сол сәтте жүрегі шым ете қалды. Анасының көз жасында сөз де, өкпе де, үміт те бар еді. «Балам, сені жоғалтып алам ба деп қорқам…» деген бір ауыз сөз оның санасын селт еткізді. Осы бір сәттен бастап Аян өмірін түбегейлі өзгертуге шешім қабылдады.
Бірақ, сол түнді ол ұйқысыз өткізді. Терезеден қараған сайын өткен өмірі, жасаған қателіктері көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты. «Неге бұлай болды? Мен қай кезде өзімді жоғалтып алдым?» деген сұрақтар жанын жегідей жеді. Таң ата салысымен, Аян алғаш рет өз-өзіне шынайы сұрақ қойды: енді не істеуім керек? Жауапты жүрегі берді. Ол өмірін қайтадан нөлден бастауға бел буды. Алғашқы қадамын тәубеден, кешірімнен бастады. Ата-анасынан кешірім сұрап, ескі достарымен байланысын үзді. Оған қиын болды. Бірақ әр жолы анасының үмітке толы көзі есіне түскенде, қайта күресе берді.
Уақыт өте келе Аян өз өмірін өзгертті. Ойынхана орнына кітапханаға барды, өтіріктің орнына шындықты таңдады, жалған достардың орнына өзіне сенім сыйлайтын жаңа орта тапты. Өзіне ұқсас адасқан жастармен сөйлесіп, оларға қолдау көрсетуді әдетке айналдырды. Ол ешқашан өткенін жасырмайды, керісінше, соның арқасында жетілгенін айтады. «Қателік – түбің емес, сабақ алу мүмкіндігі» екенін көпшілігі білсе екен дейді. Себебі қазір мұндай жағдайды басынан өткізіп жүрген бозбалалар аз емес екенін біледі.
Тәубеге келген тағдырдың ең үлкен күші – үміт пен сенім. Аянның өмірі – соның дәлелі. Өмір кейде сүріндіреді, адастырады, бірақ әр адамның жүрегінде қайта оралуға жол көрсететін жарық бар. Ең бастысы – сол жарықты сөндіріп алмау.
ӨКІНІШПЕН ӨТКЕН ӨМІР
Қазір сырт көзге жылтырағанның бәрі әдемі көрінеді. Ал оның ішкі әлемін, шынайы болмысын танып-білмей жатып, адам көп жағдайда үлкен қателікке бой алдырады. Әсіресе, соңғы уақытта ер-азаматтар арасында осындай өкінішке толы жағдайлар жиі кездеседі.
Иә, бүгінде өз отбасынан, жары мен баласынан безініп, жан тыныштығы мен тән рақатын сырттан іздейтін ерлердің қатары көбейіп барады. Уақытша құмарлық пен өткінші ләззаттың жетегінде жүріп, кейін соның бәріне өкінетіндер аз емес. Солардың бірі – Мәулен.
Бір кезде бәрі дұрыс сияқты көрінгенімен, қазір ол өз өміріне өкінішпен қарайды. Өмірінің ең қымбат сәттерін бағалай алмай, өткінші сезімге алданып, отбасылық жылулықтан айырылғанына енді ғана көзі жетті. Мәуленнің тағдыры – көпке сабақ боларлық өкінішке толы өмір.
Ол өз өмірі жайлы бұрынғы отбасынан қалған естеліктерге қарап отырып баяндап берді. Әңгімесінің басын «Көшедегі қыздарға қызығып қарап, өз бақытымнан айырылдым» деп еске алды.
Ол кезде әйеліне қараса, шаршаған, күйбің тірлікке батқан адамдай көрінетін. Шашы жиналған, бетінде бояу жоқ, күні-түні бала мен үй шаруасында. Сол сәттерде ол ішінен: «Неге менің әйелім де анау сырттағы қыздардай емес? Неліктен әдемі киініп, күліп жүрмейді?» деп ойлайтын.
Сөйтіп жүріп, сырттағы сұлулыққа көз үйретті. Жылы сөйлейтін, тартымды қыздар оған қызық көрінді. Бірақ уақыт өте келе сол күлкілердің бәрі жалған екенін түсінді. Олардың ешқайсысы оның әйеліндей бола алмады. Тек қолындағы асылын жоғалтқанда ғана бағасын білді.
Қазір Мәулен жалғыз. Әйелі мен бала-шағасы қасында жоқ. Үйіне кірсе – үнсіздік. Ас үйдің иісі де, баланың күлкісі де, әйелінің дауысы да жоқ. Сол кезде ғана ол сұлулықты сырттан іздеймін деп, нағыз сұлулықты өз үйінен жоғалтқанын түсінді. Әдемі сөз бен тартымды күлкі көп, бірақ олардың ешқайсысы өз балаңның анасындай, үйіңнің иесіндей мейірім сыйлай алмайтынын енді ғана білді. Әйелдің шаршаған түрі немқұрайдылықтың емес, керісінше, отбасы үшін, жары үшін жанын салып жүргенінің белгісі екенін ұқты. Сондықтан, Мәуленнің ойынша, ер адам әйелінің сырт келбетіне емес, ең алдымен жанына үңілуі керек. Себебі шынайы сұлулық мейірім мен махаббаттан тұрады.
ЖЕСІР ӘЙЕЛДІҢ ҮНСІЗ ЖОҚТАУЫ
Өмір кейде күтпеген сәтте ауыр сынақтар береді. Адам бақытты күндерді бағаламай, дүние мен ақшаға тым мән беріп жүреді. Ал сол кезде ең қымбат нәрсе – жанында жүрген сүйіспеншілік, сенім мен жылу екенін байқамай қаласың. Бұл Ақмаралдың тағдырының ауыр сабақтары мен кеш жеткен түсінігінің әңгімесі еді. Ол күнде кешкісін жалғыз отырып, өмірден өткен жолдасын еске алып, іштегі өкінішінің әсерінен үнсіз жоқтап жылап алады. Оның әңгімесі жүректі ғана емес, түгел жаныңды ауыртады.
«Күнде күйеуіме «ақша жоқ» деп ренжіп, миын ашыта беретінмін. Сол сөздер менің күнделікті әдетіме айналған еді. Ол үндемей тыңдайтын, кейде жай ғана жымиып қоятын. Мен оның сабырын түсінбей, үнсіздіктің қаншалықты ауыр екенін білмедім.
Бір күні күтпеген жерден ол ауырып, көз алдымда өмірден озды. Сол сәттен бастап менің әлемім қаңырап қалды. Үй іші бұрынғыдай, заттар орнында, бірақ жылу жоқ. Қолымды созсам, енді ештеңеге тимейді. Сол күннен бастап мен үнсіз өмір сүріп келемін.
Қазір ақша бар. Бірақ оның еш қажеті жоқ. Бір кезде таппай қиналған дүниемнің қадірі қалмады. Ақша – суық. Ол жүректі жылыта алмайды, күлкіңді қайтара алмайды. Тек бос кеңістік пен өкініш қана қалды.
Мен нағыз байлық – сыртта емес, жанында, сенің махаббатында, сенің тірегінде екенін кеш түсіндім. Ол менің жанымда болатын, бірақ мен байқамадым. Қазір оны ештеңе орната алмайды, ештеңе қайтара алмайды. Енді мен ақша емес, мейірім іздеймін. Дүние емес, жанның тыныштығын бағалаймын. Кейде кешкілік оның ескі жейдесін ұстап отырып, көзімді жұмамын. Сол сәтте оның күлкісі естіледі, тек естелік арқылы ғана. Ішімнен «Кешір мені… Мен нағыз байлығымды тірісінде бағалай алмаппын» деп айтамын.
Тағдырдың сабағы қатал, бірақ оны кеш сезіну де өмірдің шындығын ашады. Енді мен әр сәтті бағалаймын, әр естелікке ризамын. Өмір өтпелі, ақша мен дүниелік байлық өткінші. Ал нағыз құндылық – жанашырлық, қамқорлық және бірге өткізген минуттарда» дейді кейіпкеріміз.
Оразкүл ТЕМІРҒАЛИ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!