Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмір жолы бұралаң…

02.06.2020, 10:15 1048

Әңгіме

HALYQLINE.KZ  Бұл мұнан біршама жыл бұрын болған оқиға еді. Ойлана келе, оқырманға жеткізуді жөн санадым. Сонымен… Қызмет бабымен жолға шықтым. Түн ортасынан асқан шақ. Вокзалда адам қарасы мол көрінді. Көп ұзамай күткен пойызымыз перронға келіп тоқтады. Көпшілікпен бірге мен де вагонға кірдім. Орныма жайғасып, көз шырымын алмақ болғанмын. «Жігіт, сыра алыңыз» деген таныс үн ұйқымды шайдай ашты. Қарсы алдымда Сәния тұр. Бір кездегі барша жігіттердің арманына айналған ару. Өзі де еліктің лағындай өте сүйкімді әрі тәкаппар бойжеткен еді. Мен де осы сымбатты аруға талай мәрте жыр арнағанымды несіне жасырайын?! Бірақ… маған да, кластас достарыма да бұйырмады. Мені көріп ақшыл өңі қызыл арайға шомып, басын изеп сәлемдескендей сыңай танытты. Жұпыны киіміне, жүзін торлаған ұсақ әжімге, мөлдір жанарының алдындағы көкшіл түсті ісікке қысылғандай, жанымнан кетуге асықты. Жүрегім шым ете түсті. Бастырмалата сөйлеп, отбасы, тұрмыс-тіршілігі, күйеуі туралы сұрастыра бастадым.

Сәния мүлде өзгеріпті. Сыңғыр күлкісінен, ашық мінезінен жұрнақ та қалмапты. Өмірінің жеңіл соқпағаны, тіршілік қажытқаны анық байқалады.

– Сәния, бұрын бізге көз қырыңды да салмайтын едің. Жағдайың қалай?! Неше перзентің бар? – дегенімде төмен қарап, булыға жылап жіберді. Менің маңдайымнан шып-шып тер шықты. Орынсыздау әзіліме қатты қысылдым.

Бойымды өкініштің оты шарпыды. Оны жұбата алмай әлекке түстім. Аздан соң өз-өзіне келген Сәния ескі пальтосының қалтасынан алған беторамалымен көзін сүртті. Күрсіне түсіп, әңгімесін бастады.

«Ой, құрдасым-ай! «Қайсыбірін айтайын, қайран, Құдай?!» деген екен бір мұңлық. Жүздеспегенімізге қаншама жыл өтті. Сендерге сырттай тілектес болып отырамын. Жазған мақала, өлеңдеріңді де оқып тұрамын. Балаларыма сені «сыныптасым» десем нанбайды. Мен оларға дүниеге осы қалпымда келген сияқтымын. Бәріне өзім кінәлімін. Мүмкін, әу баста пешенеме осылай жазылған шығар. Оқушы кезімде ажарлы болғанымды жақсы білесің. Ізімнен қалмай сөз айтқан қаншама жігіттерге мойын да бұрған емеспін. Мектеп бітірген жылғы Жаңа жыл кеші есіңде ме?! Күлгеніңе қарағанда, жадыңда екен. Сен мені бірнеше мәрте биге шақырдың. Мен болсам сені емес, теңізші жігітті таңдадым. Шашы жалбырап, бойы сорайған сенен теңізші формасын киген, бізден бірнеше жас үлкендігі бар Мақсатты артық санаған едім. Отырыстың соңы жанжалға ұласты. Сол түні Асқар досың екеуің теңізші Мақсатты үйінің алдында аңдып тұрып, таяққа жығыпсыңдар. Сотталудан зорға аман қалдыңдар.

Көп ұзамай бәріміз жан-жаққа тарап кеттік. Мен медициналық училищені бітіріп келіп, жұмысқа орналастым. Мақсатпен тағы да жолықтым. Ақыры сезіміміз жарасып, үйлендік. Менің тойыма ешқайсысың қатыспадыңдар. Жә, ақталмай-ақ қой. Ол кезде сен ауылда, каникулда жүрген едің. Өмірге тұңғышымыз Ақгүл, бірнеше жылдан кейін Нұрбек келді. Мақсат шофёр, мен мейіркеш болып жұмыс істедім. Табысымыз қомақты. Ел қатарлы тірлік кештік. Енем мені жанындай жақсы көретін. Өзінің қызынан кем көрмей, туған анамдай әлпештеді. Жолдасым да үй ішіне жайлы болды. Бәрі аяқ астынан басталды. Жекешелендіру саясатымен кеңшар тарады. Жиған-тергенді пысықтар иеленді. Мақсаттың машинасын біреу жекеге сатып алып, ол жұмыссыз қалды. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, мен де қысқартуға іліндім. Мақсат тыным таппай жұмыс, кәсіп іздеді. Екі қолға бір күрек табылмады. Ақыры… күдерін үзді. Ішілікке бой алдырды. Алғашқыда зияны болмады. Мас болып келіп, жас сәбише егілетін. Жылап-жылап жатып, ұйықтап қалады. Уақыт өте маған, үй-ішіне тиісуді дағдыға айналдырды. Ой, Алла! Біздің күнімізді дұшпанымызға да бермесін деп тілеймін! Қол қусырып, қашанғы отырайын?! Үйдегі сегіз жанды соқыр кемпірдің зейнетақысымен қалай асыраймын?

Жоқтық қысып, майда-шүйде сатуға шықтым. Күні бойы сыра, ішімдік, сусын тағы басқа сатып, поезда жүремін. Шаршап-шалдығып үйге келсем, тағы береке жоқ. Ішкілікке сылқия тойып алған Мақсатым ұрынарға қара таппай тұрады. Әбден жүйкем шаршады. Бірнеше мәрте өзіме қол салуға да оқталдым. Бірақ… бес баламды, қарт енемді ойлаймын. Әйтпесе мен үшін жарық ғаламда ешқандай қызық қалған жоқ.

Қорада азғантай мал ұстаймыз. Қысылғанда сатуды да ойлаймыз. Алайда аяғын «үзеңгіге салып отырған» қартымыз бар. Олай-бұлай болса, кімге тіленеміз? Менің тіршілігім де мардымсыз. Жан бағудың амалы ғой. Бейнеті де баршылық. Кеше заттарымды өткізе алмадым. Салым суға кетіп, ауылға бет алғанмын. Вагонның есігінің алдында тұрған уыздай жолсеріктің тілі ащы екен. Жасы менің баламнан да кіші. «Әй, қатын. Қайда өрмелеп барасың? Ақшаңды төле» деп өңменімнен түйіп жіберді. Қатты қорландым. Әйтсе де, балаларыма жетуім керек. Сұраған пұлын бердім. «Сорлының аты сорға құлайды». Бір жолы бейтаныс жолаушы «назар саларсыз» деп сумкасын жаныма қойған еді. Өзі әлдеқайда кетіп қалды. Масқара! Сумкасын ізшіл итпен қараған полицейлер ішінен қомақты наша тапты. Менің қолыма кісен салып, полиция бөлімшесіне әкелді. Жылап-сықтап, зәрем ұшты. Аллаға мың да бір, шүкір! Бала-шағамның көз жасын көрген шығар! Полиция бөлімінің басшысы сенің Асқар досың екен. Мән-жайды мұқият сұрастырып, тергеушілеріне тапсырма берді. Мен айтқан фото робот арқылы ізін суытпай, қылмыскерді ұстады. Маған ескерту жасады. Сондағы қуанғанымды көрсең…

Солай, құрдасым! Итшілеп жүріп жатырмыз.Менің бар үмітім – балаларымда! Солар қатарға қосылса, мен де жетілермін».

Сәния ашылып, ұзақ сөйледі. Сырттай сыр бермегеніммен менің де санам астан-кестен.

«Ойпырмай! – деймін іштей толғанып. – Ана жаны неткен, шыдамды! Балаларының жолында отқа түсуге бар ана махаббаты не деген, құдіретті! Неткен, бұралаңы мол тағдыр!».

Мен Сәниямен қимай қоштастым. Ол сыра, сусындарын көтеріп, ілгері қарай кетті. Маған Сәния талдырмаш денелі келіншек емес, нағыз, алып тәрізді елестеді.

Балаларың бағыңды ашсын, Ана!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: